Тоқаев Король Филипп пен Патшайым Матильданың сапары үшін жұмыс кестесін өзгерткені белгілі болды
Бұл туралы мәртебелі қонақтар айтты
Күні кеше Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильда мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген болатын. Белгілі болғандай, бұл мәртебелі қонақтардың сапары үшін Қазақстан президенті өзінің жұмыс кестесін өзгерткен екен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл туралы бүгін Ақордада мәртебелі қонақтардың өзі айтып, Тоқаевқа алғыс айтты.
«Президент мырза, бізбен бірге жүру үшін жұмыс кестеңізді өзгерткеніңізді білемін. Осы ықыласыңызға тәнтіміз. Сондықтан алтын уақытыңызды бөліп, құрмет көрсеткеніңізді жоғары бағалаймыз», – деді Король Филипп.
Ол сондай-ақ Қазақстанға Патшайым екеуі ғана емес, үлкен бір делегацияны ерте келгенін мәлімдеді.
«Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Менімен бірге үлкен делегация келді. Әлбетте, біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін. Менімен бірге келген делегация құрамына келешекке бағдарланған түрлі саланың өкілдері кірді», - деді мәртебелі қонақ.