«Ең ауқымды делегациям осы»: Гонконг «әкімі» Тоқаевпен кездесуге 75 ресми тұлғаны ертіп келген (ВИДЕО)
Тараптар әртүрлі саладағы мәселелерлі талқылаған
Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy..
Ақорда жазғандай, Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Гонконг «әкімі» Қазақстанға бірінші рет келіп отырғанын мәлім еткен.
«Бұл уақиға Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, Джон Ли болса бұрынғы шетелдік сапарларының ешқайсысына мұнша көп делегат ертпегенін айтып, Астанаға жасаған сапарына мән берген.
«Аталған сапарға ерекше мән беремін. Менімен шетелге шыққан делегациялардың ең ауқымдысы осы болды. Оның құрамына логистика, «жасыл» энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация мен технология және білім беру сияқты басты салаларда еңбек ететін 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енді», – деді Джон Ли.
Ақорда қорыта хабарлап отырғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар нақты мәселені талқылап, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға өзара мүдделі екенін растады.