Қасым-Жомарт Тоқаев Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті

Сальвадор Вальдес Меса Мемлекет басшысына Куба президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудестің сәлемін жеткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті
Фото: Ақорда

Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға бүгінгі іс-шараға қатысқаны үшін алғыс айтып, Қазақстан үшін Кубаның ЕАЭО жұмысына қатысуы маңызды екенін атап өтті.

Президент жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне арналған Еуразиялық экономикалық форумның күн тәртібі өзекті болғанын айтып, осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуетіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонаққа елде жасанды интеллект технологияларын енгізу және экономиканың негізгі салаларын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Осы ретте ол электронды үкіметті дамыту, соның ішінде Қазақстанның озық цифрлық шешімдерін экспорттау саласындағы тәжірибені Куба тарапымен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Сальвадор Вальдес Меса Мемлекет басшысына Куба президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудестің сәлемін жеткізіп, елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында медицина және фармацевтика секілді перспективалы бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру әлеуеті де атап өтілді.

Сонымен қатар тараптар іскерлік, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі тереңдету мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер көтерілді.