Қазақстан «Балқаш» атом электр станциясын салу үшін Ресейден 16,4 млрд доллар несие алады
Қазақстан несиені төлеп біткен соң, АЭС-ті толық өзі басқарады
Қазақстан алғашқы «Балқаш» атом электр станциясын салу үшін Ресейден 16,4 млрд теңге несие алады. Бұл туралы бүгін журналистерге Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бүгін Ақордада БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізген кезде Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев та «Балқаш» АЭС-не қатысты пікір айтқан болатын.
«Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстарын және электр энергиясын өндіру, тасымалдау, ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мәселелерін табысты шешудің мәні зор», - деген еді Тоқаев.
Кейін Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев те, осы агенттіктің баспасөз қызметі де жобаның құнын жария етті.
«Қаржының негізгі бөлігі – 14,4 млрд доллары энергияблоктардың құрылысына кетеді, ал, 2 млрд доллар инфрақұрылым, қауіпсіздік пен кепілді уақытқа жететін жанармайға жұмсалады. Жалпы, жобаның құрылысына 16,4 млрд доллар тартылады», - деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Ал, Тәуелсіздік сарайындағы журналистердің сұрағына жауап берген Алмасадам Сәтқалиев «Қазақстан бұл ақшаны Ресейден экспортты несие ретінде алады» деп мәлімдеген еді.
Агенттіктің баспасөз қызметі редакциямыздың несие шарттарына қатысты нақтылай түскен сұрағына жауап бере отырып, «Ресей АЭС-ті салып, мамандарды үйреткен соң оны толық Қазақстанға тапсырады» деп жауап берді.