Астананың шекарасын өзгертуге қатысты соңғы сөзді Үкімет айтады - Парламент қала әкімдігінің құзыретіне қатысты заңды қарады

Елорданың құқықтық мәртебесін айқындайтын заң жобасын таныстырды 

Астананың шекарасын өзгертуге қатысты соңғы сөзді Үкімет айтады - Парламент қала әкімдігінің құзыретіне қатысты заңды қарады
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы жөнінде ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Астанаға қандай құзырет берілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы айқындаған конституциялық реформаның жалғасы ретінде елорданың құқықтық мәртебесін жаңа деңгейде бекіту ерекше маңызға ие. Астана бүгінгі таңда тек әкімшілік орталық қана емес, еліміздің саяси басқару, экономикалық белсенділік, инвестициялық тартымдылық, сондай-ақ қоғамдық даму үдерістерінің негізгі шоғырланған орталығы. Елорданың қарқынды дамуы, халық санының тұрақты өсуі, оның ішінде урбанизация процестерінің күшеюі өз кезегінде құқықтық және басқарушылық тетіктерді одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленді», - деді Омарбеков.

Оның айтуынша, Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері – елорданың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру.

«Заң жобасымен мәслихат пен астана әкімдігінің өкілеттіктері нақтыланып, жүйеленеді. Атап айтқанда, астана мәслихаты мен әкімдігіне сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысы, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм, коммуналдық меншікті басқару және негізгі құзыреттер беріледі. Мәслихат пен әкімдіктің құзыреттері жоғарыда аталған түзетулермен ғана шектелмейді, өзге де салалық заңдарда көзделген құзыреттері сақталады. Бұл ретте, қала маңы аймағының көлемі мен шекарасы және оны пайдалану тәртібіне қатысты қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің бірлескен ұсыныстарын үкімет белгілейді. Сонымен қатар тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, арнаулы трассаларды және автомобиль жолдарын санитариялық тазарту, туризмді дамыту, сондай-ақ жер мәселелерін реттеу бойынша тиісті ұйымдардың құқықтық мәртебесі айқындалады», – деді ол.

Омарбековтің айтуынша, осы заң күшіне енсе, Астанада көлік инфрақұрылымын басқару, жол жүрісін ұйымдастыру және қаланың автотұрақ кеңістігін реттеуге қатысты жұмыстың бәрін Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы істейді. 

«Астананың орманды саябақ аймағы – қала аумағы шегіндегі қорғау, сауықтыру және рекреациялық функцияларға арналған жерлері. Оның шекараларын белгілеу және өзгерту туралы шешімді Астана әкімдігінің ұсынуы бойынша Үкімет шешеді. Сондай-ақ аймақтың экологиялық жағдайына теріс әсер ететін кез келген қызметті жүзеге асыруға тыйым салу көзделеді. Сонымен қатар заң жобасында астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты дизайн-код талаптары ғимараттарға, жол желісіне, жарнама мен сыртқы безендіру элементтеріне қолданылады. Құрылыс, реконструкциялау және абаттандыру жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады», – дейді ол.