«Әртүрлі эмоция, әртүрлі көзқарас»: «Халық кеңесінде» этика бұзған тұлғалар бірден «орнын босатады»

Олар этика нормаларын сақтамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін 

«Әртүрлі эмоция, әртүрлі көзқарас»: «Халық кеңесінде» этика бұзған тұлғалар бірден «орнын босатады»
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің өкілеттігін тоқтату туралы нормаға қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мына заң жобасының 21-бабында «Қазақстан халқы кеңесінің әрбір мүшесі өзінің мәртебесін жеке, корпоративтік және өзге де жеке мүдделер мақсатында пайдалануға жол берілмейді» деп көрсетілген. Әрине, бұл дұрыс норма. Өйткені Халық кеңесі жеке мәселелерді көтеретін орын емес. Сонымен қатар, этикалық нормаларды сақтамағаны үшін жауаптылық қарастырылғаны айтылған. Бірақ қандай жауаптылық екеніне келгенде, заң жобасында «мұндай фактілер расталған жағдайда Қазақстан Халқы кеңесі оның өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға құқылы» деп жазылған», - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, екінші жағынан қарасақ, кеңес бұл диалог алаңы, сондықтан, онда әртүрлі пікір әртүрлі эмоцияда айтылуы мүмкін. 

«Ол жерде әртүрлі көзқарастар, эмоциялар, пікірлер қақтығысы болуы заңды. Осындай жағдайда этикалық нормаларды сақтамады деген негізбен өкілеттігін тоқтату мәселесі тым қатаң шара болып көрінбей ме? Неге жауапакершіліктің өзге де түрлері,  мысалы, ескерту жасау, сөгіс беру немесе уақытша шектеу секілді сатылы тетіктер қарастырылмаған?», - деді деді ол.

Сұраққа жауап берген әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстан Халқы кеңесі жоғары консультативтік орган ретінде құрылып отырғанын айтты. 

«Оның шешімдері ұсынымдық сипатта болады, яғни ол мемлекеттік билік органы функцияларын атқармайды. Осыны ескере отырып, заң жобасында біз негізінен этикалық жауапкершілік мәселесіне назар аудардық. Сол себепті кеңес мүшелеріне қатысты арнайы жауаптылық ретінде өкілеттігін тоқтату тетігі енгізіліп отыр. Ал егер кеңес мүшесі тарапынан өзге де заң бұзушылықтар орын алса, онда ол жалпы заңнама аясында тиісті жауапкершілікке тартылады деп есептейміз. Себебі заң жобасында кеңес мүшелеріне қандай да бір иммунитет беру қарастырылмаған», - деді ол.

Министр атағандай, сондықтан бұл жерде басты мақсат кеңес жұмысының мәдениеті мен этикалық стандарттарын сақтау. Заң жобасында этика мәселесіне ерекше мән берілуінің себебі де осы.