«Енді 90 күн емес, 40 күн күтеді»: шетелдегі қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалық пайда болды

Сыртқы істер министрлігі бұйрықтың жобасын талқылауға шығарды

«Енді 90 күн емес, 40 күн күтеді»: шетелдегі қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалық пайда болды
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттерде жүрген қазақстандықтар үшін паспортты дайындау уақытын қысқартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрліктің «Ашық нормативтік құжаттар» сайтына жүктеген бұйрығының жобасына сай, енді бұл мерзім екі есеге дейін қысқарады. Яғни, шет елдерде жүріп паспорт алғысы келген қазақстандықтар төлқұжатын бұрынғыдай 90 күн емес, 40 күннің ішінде алады.

«Жоба мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін 90 күннен 40 жұмыс күніне дейін қысқарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген, ескірген нормалар мен сілтемелерді алып тастайтын, соның ішінде «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Цифрлық Кодекстің өзгерістеріне байланысты редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізеді», - дееп жазылған бұйрық жобасында.

Құжат сәуірдің 6-сына дейін талқыланып, оң пікір жинаса, қабылданады.