Коалиция мүшелері Түркістан тұрғындарымен кездесті
15 наурыз күні референдум өтеді
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының Түркістан өңірлік филиалы Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде Сауран секторы тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy коалицияның ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Кездесуді Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, коалиция мүшесі Бақдаулет Тұрманов жүргізді.
Азаматтармен кездесу барысында жаңа Конституцияның қоғам үшін маңызды нормалары түсіндіріліп, ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтар талқыланды. Пікір алмасу алаңында адам құқықтарын қорғау, азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту, әділетті басқару жүйесін қалыптастыру және білім мен технологияға негізделген бәсекеге қабілетті мемлекет құру мәселелері басты назарға алынды.
Жаңа Конституция Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі басты бағдар екенін Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, коалиция мүшесі Еркебұлан Хандиллаев та атап өтті. Оның пікірінше, бұл құжат мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып қана қоймай, әр азаматқа тең мүмкіндік беретін, әділетті және заманауи қоғам қалыптастыруға берік негіз қалап отыр.
«Конституцияның жаңа жобасында экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және меншік құқығын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл ел экономикасының тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – білім мен ғылымға, инновация мен технологияға сүйенген бәсекеге қабілетті мемлекеттің іргесін берік ету. Жаңа Конституция осы бағыттағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады», – деп атап өтті Еркебұлан Хандиллаев.
Коалиция мүшелері жаңа Конституция еліміздің қоғамдық-саяси дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды стратегиялық құжат екенін айтты. Бұл өзгерістер уақыт талабынан туындап отырғанын жеткізіп, бүгінгі жаһандық сын-қатерлер, экономикалық және технологиялық өзгерістер мемлекет басқару жүйесін жаңғыртып, қоғам мен билік арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтуді талап ететінін мәлімдеді.