Алматыда соғыс ардагері 97 жасқа толды
Илья Кудин 1927 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген

Алматыда майдангер Илья Григорьевич Кудин 97 жасқа толды. Әскерилер қарияны құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Жетісу аудандық басқармасының өкілдері және Десанттық-шабуылдау әскерлері 68602 әскери бөлімінің әскери қызметшілері майдангерге ақжарма тілектерін арнады. Ардагерлер кеңесінің өкілдері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет басшысы Ақмарал Дайырбекова ардагерге зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Илья Кудин 1927 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Майданға 1944 жылдың соңында Талдықорған облысынан шақырылған ол артиллерияда қызмет еткен.
Германия тізе бүккеннен кейін ол жапондарға қарсы қимылдарға қатысу үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Илья Григорьевич туған жерге 7 жылдан кейін ғана оралды.
Зейнет жасына дейін механизатор болып жұмыс істеген. Еңбегі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазір қарияның сегіз немересі және шөберелері бар.
Илья Григорьевич бейбітшілік үшін жан пида болған жандарды жадында сақтап, ізет көрсетіп жүрген әскери қызметшілерге алғыс білдірді.