Ақшадан бұрын ой-сана еркіндігі қажет: әлемге танымал қазақ ғалымы нені армандайтынын айтты
Дөрбетхан Сұраған шетелге кеткісі келетін жас ғалымдарды елде қалуға көндіруге тырыспайтынын айтты

36 жастағы Дөрбетхан Сұраған елордадағы Назарбаев университетінде қызмет етеді. Харди теңсіздіктеріне арналған монография үшін берілген Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығының Азиядағы ең жас әрі бірінші лауреаты, ел тарихында ғылым саласындағы үздік еңбектері үшін Мемлекеттік сыйлықпен марапатталған ең жас ғалым. Күллі қазақ жұртына ғана емес, әлемге танымал математиктің еңбектеріне шетелде ең көп сілтеме жасайды. Ал жуырда Дөрбетхан Сұраған Ұлттық ғылым академиясының ең жас академигі атанды. Azattyq Rýhy тілшісі танымал математик-ғалыммен елдегі ғылымның қазіргі жай-күйі мен түйіні тарқамаған түйткілдері туралы әңгімелесті.
«Ғылымдағы минусты плюсқа айналдыруымыз керек»
Дөрбетхан Сұрағанның айтуынша, ғылымның дамуы жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен кадр тапшылығының орнын толтыру керек. 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде ғылымға жаңа адамдар келген жоқ, керісінше жетекші ғалымдарымыз шетел асты.
«Тоқсаныншы жылдардың басында қырық мыңнан астам ғалым болса, олардың саны бүгінде өсуі керек еді. Ал бізде өспек түгілі тура жартысынан айырылдық. Бұл ғылымдағы үлкен дағдарыс болды. Ғылым қай уақытта дамиды? Ғылыммен үзіліссіз айналысқан кезде. Алдында менен журналистер «біз Нобель сыйлығын қашан аламыз?» деп сұрады. Нобель сыйлығын алу үшін ғылымдағы сабақтастық өте маңызды. Яғни оған дейін үзбей мың қадам жасалса, мың бірінші қадам жасап, нүкте қою арқылы Нобель сыйлығын алады. Мұқият зер салсаңыз, жұмыстың 99 пайызы оған дейін жасалған болуы керек. Ал біз қазір ғылымда минуста жүрміз. Ғылым саласында 40-50 мың адам белсенді еңбек етуі керек болса, бізде соның жартысы ғана істейді. Тоқсаныншы жылдары айырылып қалған ғалымдарымыздың орнын толтыруға әлі біраз уақыт керек», - дейді математик.
Оның пікірінше, елімізде ғылымды дамыту үшін инвестицияны адамға құю керек. Өйткені маман жоқ жерде технология дамымайды.
«Адамға құйылатын индивидуальды жобаларды тоқтатпауымыз шарт. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы, тағылымдамадан өтуге арналған «500 ғалым» жобасы бар. Стажировкаға баратын ғалымдардың санын көбейткен абзал. Бұдан бөлек «Жас ғалым» сияқты жобаларды жалғастыру қажет», - дейді ол.
Дөрбетхан Сұраған ғылыммен айналысатын ғалымдардың саны бара-бара көбейе келе азаматтық қоғамның оянуына, ал азаматтық қоғамның оянуы сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырын жоюға сеп болатынын айтады.
Ғылымға бөлінетін ақша әлі де аз
Математик-ғалымның айтуынша, Қазақстанда ғылым саласына ақша әлі жеткіліксіз бөлініп жатыр. Ғылымға құйылатын қаражат жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,12 пайызын құрайды. Ал бұл көрсеткіш кемінде бір пайыз болуы керек.
«Қараңыздаршы, бір футбол клубына немесе хоккей клубына қанша қаржы беріліп жатыр, ондай ақшаны біз он жылда ғылымға бөлген жоқпыз. Ғылымға ақша әлі де жеткіліксіз, қазіргіден де көп бөлінуі керек. Бұрын айтылған сөздің бәрі тек қағаз жүзінде қалатын, әйтеуір соңғы кездері үкімет іске көшті. Ақшаны бөліп жатыр, сол жағы қуантады. Бірақ қаражатты үлкен ұйымдарға бергенде жемқорлық тәуекелі артады. Сондықтан дәл қазір ғылымдағы кадр тапшылығын жою үшін ақшаны адамға бөлуге тырысуымыз керек. Жаппай ғалым болу деген қалыпты жағдай», - дейді академик.
Америкада ректор ғалымды университеттен шығара алмайды
Қазақстанда ғана емес, шетелде де студенттерге дәріс оқып, тәжірибесін үйретіп жүрген Дөрбетхан Сұрағаннан өзге елдердің ғылымға көзқарасы мен ғалымдарға деген сый-құрметін сұрадық.
«Америкада «тенюр» деген ұғым бар. Яғни коллежд немесе университеттегі тұрақты қызмет. Егер сіз университетте ғалым, профессор болып қызмет етсеңіз, сіздің позицияңыз өмір бойына бекітіледі. Ректор сізді жұмыстан шығаруға қақысы жоқ. Сонда сіз ой еркіндігі пайда болады. Шығармашылық еркіндік пайда болады. Өзіңізге өзіңіз қожайынсыз. Ректор не дейді екен, келісімшартымды қашан созады екен деп жалтақтап жүрмейсіз. Ғылымға қаражаттан бұрын ой-сана еркіндігі қажет. Университет мұғалімдері қаншалықты еркін сөйлеп, өз ойын қорықпай жеткізе алады? Қаншалықты қудалаудан алшақ? Мысалы, сіз экономикадан сабақ бересіз дейік. Сізге қалалық не үкіметтік деңгейде қабылданған экономикалық шешімдерді талқылауға, еркін сөйлеуге жағдай жасалуы керек. Бұл қай уақытта жүзеге асады? Сізге статус бергенде», - деп пікірін білдірді ғалым.
Осы орайда Дөрбетхан Сұраған отандық жоғары оқу орындарындағы ғылыми кеңестерге тоқталды. Айтуынша, ғылыми кеңестің атауы мен құрамын өзгертпесек, ғылымды дамыту бағытында жасалып жатқан шаруаның бәрі бос.
«Бізде ғылыми кеңесті ректор өзі құрып алады да, өзіне ыңғайлы шешімді шығарта береді. Ректорға барып айтсаңыз, ғылыми кеңес осылай шешті деп шығарып салады. Жауапкершілікті ұжымға аудара салады. Ал шын мәнісінде ғылыми кеңес ректорға бағынбауға тиіс. Біздің елде өкінішке қарай нағыз кәсіподақ жоқ. Оны мойындау керек. Англияда Империал колледжде жұмыс істеген уақытта оқу орнының ректоры кәсіподақпен кәдімгідей санасатын. Сол себепті не кәсіподақты жақсартуымыз керек, не ғылыми кеңестің атауын өзгерту керек. Шетелде ол сенат деп аталады. Оған ғылымға жаны ашитын, объективті баға бере алатын, сынай алатын адамдарды қою керек. Әйтпесе бұлай жалғаса бере, бара-бара интеллектуалдардың үнін ести алмай қаламыз, оларға еркіндік бермесек, қазіргі істеп жатқан шаруамыздың бәрі бос», - деп қапаланды математик.
«Шетелге кетемін дейтін студенттерімді ұстамаймын»
Дөрбетхан Сұраған әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек ететін қазақ ғалымдарымен араласып тұрады екен. Бір-біріне бағыт-бағдар береді, қолдау көрсетеді, студенттер жібереді.
«Әрине, олар елге оралғысы келеді. Ағайын-туысы бәрі осы жақта. Онымен қоса әр мемлекеттің өз менталитеті, тұрмыс-салты бар. Елімізде ғалымдарға лайықты жағдай жасалса, олар келуге дайын», - дейді ол.
Ал математиктің өзі шетелге жұмыс істеуге барғысы келетін студенттерін елде қалдыруға көндірмейді.
«Менің өз принципім мынадай: Егер шетелге барып жұмыс істеп келу бізге тиімді болса, бара беріңіз. Мен студенттеріме де солай айтамын. Мен сені ұстамаймын, оған моралдық қақым да жоқ. Біз саған жағдай жасай алмасақ, бұл біздің қатеміз. Сен мықты мамансың, бара ғой, істей ғой деп жіберемін. Қазір қаншама балаларымыз Microsoft, Google сияқты алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүр. Онда тұрған ештеңе жоқ. Жағдай жасасақ, кез келген уақытта елге шақыруымызға болады», - деп санайды ол.
Математиктің арманы
Дөрбетхан Сұрағанның арманы – асқақ. Ғалым Қазақстанды математикалық елге айналдыруды армандайды. Бұл қолдан келетініне де сенімі мол.
«Арманым – ғылыми математиканы әлемдік деңгейге шығару. Қазақстанды математикалық ел қылу. Бұл бір адамның қолынан келмейтіні анық. Бізде қазір әлемдік деңгейде мықты саналатын отыз жастың төңірегіндегі жүз шақты жас қалыптасты. Бұл одан әрі сапаға айналады деп ойлаймын», - дейді ол.
Бір ай бұрын қазақ басылымдары «Дөрбетхан Сұраған Ұлттық ғылым академиясының ең жас академигі атанды» деп жарыса жазған еді. Осы тектес мақалаларды оқығанда, қандай сезімде болдыңыз деп сұрадық.
«Шыны керек, қуанған жоқпын. Керісінше, үлкен жауапкершілік сезіндім. Өзімді-өзім қамшылап, әрі қарай маған артылған үмітті ақтауым керек. Мен жалғыз емеспін ғой, менде үлкен ғылыми мектеп. Жетекшімнің көзі тірі, ақсақалдар батасын беріп қарап отыр. Оқушыларым да бар», - дейді Сұраған.
Оның пікірінше, ғалым болу үшін, ең алдымен, адамның көкірек көзі ояу болуы керек.
«Абай атамыздың «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге көкірегінде болсын көз» деген тамаша өлең жолдары бар. Ғалымның бойынан табылуға тиіс ең басты қасиеттердің бірі деп есептеймін. Содан кейін, әрине, адалдық керек және тоқтаусыз, үзбей еңбек ету де өте маңызды», - деген пікір білдірді оқытушы.
Математик-ғалым Қазақстанға екі мыңыншы жылдардың басында отбасымен Моңғолиядан қоныс аударған. Сұхбат соңында ғалымнан Дөрбетхан есімінің мағынасын сұрап білдік.
«Елдер моңғолдардың аты деп ойлайды. Шын мәнінде моңғолдарда мұндай есім атымен жоқ. Моңғолдардың өзі түсінбей, таңғалады. Ойраттардың ішінде дөрбет деген тайпа болған, ақкөңіл, тау халқы. Қазақтар Орысхан, Өзбекхан деп ырымдап қоя береді ғой. Сол сияқты мені де Дөрбетхан деп қойған. Мұндай есім Моңғолияның қазақтарында ғана кездеседі», - деп түсіндірді Сұраған.