Олар құрдымға әкелетін ұлан-асыр той жасамайды: Нидерланд банкінде қызмет ететін қазақ жігітімен эксклюзив сұхбат
Мұратжан Қыранбай 200 жылдық тарихы бар банкте жұмыс істеп жүр
Нидерландтағы ірі банктердің бірінде қызмет ететін қазақ жігіті еуропалық елдің банк жүйесіндегі ерекшеліктер жайлы айтып берді. Астаналық Мұратжан Қыранбай ABN AMRO банкінде тәуекелдер сарапшысы болып бір жылдан астам еңбек етіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ABN AMRO – Нидерландтағы ең ірі банктердің бірі. Ол 1824 жылы құрылған. ХХІ ғасырдың басында ABN AMRO Holding әлемдік қаржы конгломератына айналды. 2010 жылы ABN AMRO Bank болып қайта құрылған. Банк Нидерланд пен көрші елдердің банк нарығының шамамен 20% алып жатыр.
Мұратжан Қыранбайдың туған жері - Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы. Алайда 2 жасынан бастап елордамыз Астанада тұрып жатқанын айтты.
ШЕТЕЛДЕ ЖҰМЫСҚА ТҰРУ ҮШІН СОЛ ЕЛДІҢ АЗАМАТЫНАН БІЛІКТІ БОЛУЫҢ КЕРЕК
«Отбасымыз - өте қарапайым. Әкем – әскери қызметкер. Анам – мұғалім». Өзім кішкентай кезімнен көптеген ұлттың, елдердің мәдениетіне қызығатынмын. Сол себепті 17 жасымда толық грантпен Гонконгқа бакалавриат деңгейін алу үшін оқуға аттандым. Ол жерде қытай, шығыс Азия елдерінің өмір сүру салтымен таныстым. Бакалавриаттың үшінші курсында Данияда жарты жыл білім алуға мүмкіндік туды. Скандинавия елдерінің мәдениеті туралы ештеңе білмегенім, зерттеуге деген қызығушылығымды аша түсті. Осылайша, Еуропаның мәдениетін тереңірек түсініп білу мақсатында магистратураға Бельгия еліне бардым. Бакалавриатта да, магистратурада да білім алу бағытым математика мен статистика болды. Басқа елде жұмыс табу үшін оқуыма да өте көп көңіл бөлдім. Себебі басқа ел сізді жұмысқа алу үшін сіз сол мемлекеттің азаматтарынан қарағанда білікті болуыңыз керек. Яғни, біліміңіздің жоғары болуы сізге әлемдік бостандық, азаттық береді», - дейді тәуекелдер сарапшысы.
Мұратжан Бельгия елінен кейін Нидерландтың астанасы Амстердамды ұнатып, сол елден жұмыс іздеуге бел буған екен.
«Банк саласы көбіне математика мен статистикадан тұрады ғой, сондықтан, Нидерландтың ірі банкінің біріне бағымды сынамақ болып құжат тапсырдым. 2-3 әңгімелесуден кейін жұмысқа тәуекелдер сарапшысы болып орналастым. Жұмыс істеп жатқаныма 1 жыл болып қалды. Қазір үшінші апта елде демалып жатырмын», - дейді ол.
НИДЕРЛАНДЫДА БАНК ЖҮЙЕСІ ҚАЗАҚСТАННАН ҚАТАЛ
Оның айтуынша, Нидерландтағы, жалпы Еуропадағы банк жүйесі Қазақстандағыдан әлде қайда күрделі.
«Қазақстанда банкте жұмыс істеп көрмеген соң көп айырмашылықты білмеймін. Бірақ Нидерландта, жалпы Еуропада банк жүйесі Қазақстаннан қаталырақ. Мысалы, сіз жеке куәлігіңізді, құжаттарыңызды банк қосымшасынан ала аласыз. Яғни, адамдардың өмірін әлдеқайда жеңілдетіп қойған. Нидерланд банктерінде азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу мүмкін емес. Әр азаматтың жеке мәліметтері өте құпия ақпарат. Оны басқа органдарға беру - қылмыс. Екінші бір ерекшелігі - банктердың экологияны ластамау үшін қосатын үлесі. Мысалы, заң бойынша сіз мемлекетке экологияны ластамауға қанша үлес қосқаныңыз туралы есеп бересіз. Ол күн қуаты қосылған қанша үйге ипотека берілгенін көрсететін статистика болуы мүмкін. Жалпы болашақта сарқылмас жасыл қуат көбірек қолданатындықтан ипотека пайызы да ондай үйлерге аз болады. Адамдар да осыған өте көп мән береді. Бұл қағазбастылық сияқты да көрінуі мүмкін. Бірақ бұл банк жүйесінің тұрақтылығына кепілдік береді», - дейді Мұратжан Қыранбай.
Сондай-ақ маман клиенттерге қызмет көрсету де ерекшеленетінін жеткізді.
«Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайы мен экономикасы тұрақсыз (мұнайдың бағасы, сыртқы экономикаға тәуекелдері) болған соң, клиенттің несиені қайтарып бере алмау ықтималдылығы жоғары. Ол сіздің несиеңіздің пайызына әсер етеді. Мысалы 10 адамның 4-еуі несиені қайтара алмауы мүмкін. Сол себепті де соманы жоғары пайыз арқылы толтырады. Нидерландыда адамдардың әлеуметтік жағдайы жоғары, ел экономикасы тұрақты болған соң алған несиені адамдар уақытында қайтарады. Сол себепті пайыздары да төмен болады», - дейді Мұратжан Қыранбай.
ҚАЗАҚСТАНДА ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ ТӨМЕН
«Қазақстанда халықтың қаржылық сауаттылығы төмен. Өзіне керек емес гаджеттірді, тауарларды адамдар мақтаныш үшін көп алады. Ол гаджет керек болмауы мүмкін, бірақ «басқалары алып жатыр» деп болашағын ойламай несиеге ала береді. Нидерландта несие пайызы төмен болса да, халық керек емес тауарларды жауапсыз ала бермейді. Біз сияқты қаржылық құрдымға әкелетін ұлан-асыр той жасамайды. Банктер клиенттеріне заң бойынша ақыл кеңес беруге тиіс. Мысалы, сіз ипотекаға үй алсаңыз қаржылай ең қолайлы және тиімді таңдау жасауға көмектеседі. Жасырын төлемдер, комиссиялар ашық түрде клиентке айтылуы керек. Түйіні, ол жерде банк та тұтынушылар да жауапты», - дейді банк қызметкері.
Мұратжан нидерландылықтардың өмір салты бізден өте бөлек екенін айтады.
«Біз шығыс мәдениетінде үлкенге құрмет, кішіге ізет деген қағидамен өмір сүреміз. Яғни, иерархия қоғамда бар. Үлкендерге «сіз» деп сөйлейміз, ешқашан үлкенге қарсы шығып, жауап қайтармаймыз. Нидерланд халқының мәдениеті керісінше, теңдік құндылығынан тұрады. Мысалы, сізден біраз үлкен адамға «сен» деп сөйлеу, өз ойыңызды ашық айту, бірдей деңгейде пікірталас жасау өте жоғары бағаланады. Сол себепті де жұмыста адамдар ойын тура жеткізеді. Шетелдіктерге, әсіресе, қазақтарға бұл дөрекі көрінуі мүмкін. Бірақ нидерландтықтар үшін бұл өте қалыпты мәдениет. Халықтың спортқа деген құлшынысы жоғары. Менің әріптестерімнің барлығы кем дегенде бір спорт түрімен айналысады. Одан басқа, жұмысқа, оқуға велосипедпен қатынау қалыпты жағдай. Денсаулыққа пайдалы, экологияға жақсы, қаржылай да үнемді екенін адамдар біледі. Яғни, басқа адамдар не ойлайтынын емес, өзіне және қоршаған ортаға не пайдалы екеніне мән береді. Басқа адамның өміріне мұрын сұғу да ерсі әрекет деп санайды. Жалақысын сұрау, «неге отбасың жоқ, неге көлігің жоқ, неге үйің жоқ?» деп сұрау ерсі әрекет. Себебі мен өзім үшін өмір сүремін, сен өзің үшін өмір сүресің. Менің ойымша бұл қазақтарға үйренуге тұрарлық қасиет», - дейді маман.
ҚАРЖЫНЫ САЯХАТТАУ ҮШІН ҮНЕМДЕЙДІ
Мұратжан Қыранбай нидерландтықтар қаржылай сауатты болған соң, ақшаны көп үнемдейтінін айтты.
«Сіз досыңызбен мейрамханаға барсаңыз, әркім өзі үшін төлейді. 1-2 евроның өзін қайтарып алады. Бұл - өте қалыпты мәдениет. Соның арқасында қаржысын саяхаттауға көп жұмсайды. Тек 18 млн халқы болса да, қай елде де нидерландтық туристерді көре аласыз. Жалпы әлемге өте ашық халық», - дейді банк қызметкері.
Осы орайда спикерден қазақ халқының еуропалықтардың өмір салтына еліктеп, ұмтылуына жайлы сұрақ қойған едік. Мұратжан Қыранбай әр елдің тарихы мен мәдениеті өмір салтын да қалыптастырады.
«Менің ойымша, әр елдің өзіндік тарихы, өмір салты мәдениетін де қалыптарсырады. Демек, басқа мәдениетті 100% көшіру, не болмаса сол сияқты болуға ұмтылу дұрыс емес. Дұрыс болса да, мүмкін емес. Сондықтан мәселені шешу үшін сырттан үлгі ала отыра жауапты іштен іздеу маңызды. Сондықтан көп ел көріп саяхатта, сол мәдениеттен не үйреруге болады, неге бізде олай емес деп іздену өте маңызды», - дейді ол.
Тәуекелдер сарапшысы атағандай, еуропалық елдер халқының әлеуметтік жағдайының деңгейіне ұмытлған дұрыс.
«Әрине, әлеуметтік жағынан еуропа деңгейінде өмір сүруге ұмтылған дұрыс. Ол үшін Қазақстанда жемқорлық жойылуы керек және адамдық капитал өсуі керек. Себебі, қазір бай мемлекеттердің көбі мұнай сатумен емес, инновацияға алып келетін білім, ғылым арқылы байып отыр. Мысалы, қымбат, медициналық технологиясы бар елде адамның білімісіз болуы мүмкін емес», - дейді Мұратжан Қыранбай.
Маман әлі де шетелде тұрып, олардың тәжірибесін кеңінен меңгере түсуді жалғастырғысы келетінін жеткізді.
«Болашққа жоспарымды әлі құрып үлгерген жоқпын. Тағы да біраз уақыт шетелде тұрып, көп нәрсе үйренгім келеді. Менің ойымша, адам жасы ұлғая бере Отанына бәрібір оралғысы келеді. Сондықтан мен қазір асықпаймын. Әрине, болашақта Қазақстанның дамуы үшін үлес қосу мен үшін маңызды», - деп түйіндеді ол.