Каспийдегі қаза: Қорғаныс министрлігі тірі қалған тағы екі сарбаз туралы мәлімет таратты
Дереккөзге сүйенсек, ол екеуі жағада қалған
Каспийдегі сарбаздардың өлімі туралы ақпарат тараған кезде, оқу-жаттығуға 19 сарбаздың аттанғаны айтылған еді. Кейін теңізге 19 емес, 17 сарбаз кетті деген ресми ақпарат тараған. Бірақ бірнеше күннен бері оқу-жаттығуға аттанған сол екі сарбаздың туыстары әлеуметтік желіде олардың назардан тыс қалғанын айтып, жазба жариялаған еді. Бүгін Қорғаныс министрлігі тірі қалған, бірақ аты еш жерде айтылмаған екі сарбазға қатысты мәлімет берді, деп жазады Azattyq Rýhy
Дереккөзге сүйенсек, матрос Ахметов пен Мағауияның Каспийдегі оқу-жаттығуға барғаны рас, бірақ, олар теңізге түспеген көрінеді.
«Әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов пен Мағауия туралы таралып жатқан ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз: әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады. Ахметов пен Мағауия теңізде емес, жағада оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазір олар әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.