КСРО заманында салынған: Жезқазған-Қызылорда тасжолы қашан бітетіні белгілі болды
Тасжолдың сегіз учаскесінің үшеуінде үш қабатты асфальт төсеу жұмысы толық аяқталды
Салынғалы 40 жылдан астам уақыт ішінде жөндеу көрмеген Жезқазған-Қызылорда тасжолы қашан бітетіні белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлытау облысы әкімдігінің мәліметінше, тасжолдың сегіз учаскесінің үшеуінде үш қабатты асфальт төсеу жұмысы толық аяқталды. Тағы екі учаскеде үшінші қабатты асфальт төсеу жұмысы басталды.
«Екі көпірдегі құрылыс жұмысы 80%-ға аяқталған. Жезқазған қаласынан шығаберіс аумақта топырақ жұмысы толық аяқталып, жақын арада асфальт төсеу жұмысы басталады. Үш учаскеде жолдың көлденең және бойлық таңбаларын сызу жұмысы жүргізіліп жатыр», – делінген әкімдік хабарламасында.
Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін көлік қозғалысын ашу көзделіп отыр.
Айта кетейік, «Қызылорда-Жезқазған» автожолының жалпы ұзындығы 412 шақырымды құрайды. Оның ішінде 204 шақырым Қызылорда облысына, ал 208 шақырым Ұлытау облысына қарасты. Бұл күре жолда соңғы құрылыс жұмысы осыдан 40 жыл бұрын жасалған.