КСРО заманында жасалған: Қызылорда-Жезқазған тасжолын жөндеу жұмысы басталды
Қызылорда облысында республикалық автожолдарды қайта жаңарту жұмыстары жанданды
Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автожолының жалпы ұзындығы 412 шақырымды құрайды. Оның ішінде 204 шақырым Қызылорда облысына, ал 208 шақырым Ұлытау облысына қарасты. Бұл күре жолда соңғы құрылыс жұмыстары осыдан 40 жыл бұрын жасалған. Бұл туралы Azattyq Ruhy «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Компания мәліметінше, тасжолдың Қызылорда облысына тиесілі телімін қайта жаңарту жұмысы 6 учаскеге бөлінген, 5 учаскеде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде жолшылар км 24-127 учаскесінде құнарлы жер қабатын алу, айналма жолдарды салу, жабынды терең қопсыту және қолданыстағы жол жабынын алу жұмысын, ал км 127-216 учаскесінде айналма жолмен көлік қозғалысын қамтамасыз ету шаралараын қолға алды. Бұл автожолдағы жұмыстар кезең-кезеңмен 2022 жылы басталған.
«Қызылорда облысына қарасты автожол учаскесіндегі қайта жаңарту жұмысының толық аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы. Жоба аясында асфальтбетон жабыны бар, 2 жолақты автожолды пайдалануға тапсыру көзделген. Сондай-ақ, су өткізу құбырлары мен малөткелдер де орнатылады.
«Қызылорда-Жезқазған» автожолының Ұлытау облысына тиесілі учаскесін қайта жаңарту жұмысы 2024 жылдың екінші жартысында басталады.
«Қызылорда-Жезқазған» автожолы өңірдің көлік инфрақұрылымындағы негізгі элементтердің бірі екені анық. Сонымен қатар, автожол құрылысы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына да өз үлесін қосады. Себебі, жол жобаларын жүзеге асыруға көбіне жергілікті мамандар жұмылдырылады. Мәселен, Қызылорда облысындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту үшін 427 арнайы жол техникасы мен 517 жолшы жұмыс жасайды. Оның ішінде 459 адам – жергілікті мамандар», - делінген компания хабарламасында.