$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.02.2020, 19:11
Кейіпкер

«8 жасымнан армандадым» – әке жолын қуған автобус жүргізуші жайлы

Бүгінгі кейіпкеріміз - 10 жылдан астам уақыт қоғамдық көлік жүргізетін елордалық азамат жайлы

Елордада Ержан Үсенов атты қоғамдық көлік жүргізушісі тұрады. 22 нөмірлі автобустың жүргізетін жетісайлық азамат «автобус айдауды» 3 сыныпта оқып жүргенде армандаған екен. Ол мектепті тәмамдап, ЖОО-да басқа мамандық бойынша диплом алғанмен, әке жолын қуып автобус жүргізуге кіріскен. Оқу бітірген соң Жетісай қаласындағы жолаушыларды таситын шағын көліктерге шопыр болып, 2008 жылдан бастап елордаға қоныс ауыстырған.  

Azattyq Ruhy тілшісі елордада 10 жылдан астам уақыт қоғамдық көлік жүргізіп келе жатқан азаматтың жұмыс күні қалай өтетінін, тәулігіне 10 сағаттан астам уақыт тапжылмай автобус рөлінде отырудың қаншалықты қиын екенін біліп қайтты.  

«Адам өзі ұнатқан мамандықпен істемесе, өте қиын. Мысалы, маған халықпен жұмыс істеген оңай. Нені ұнатып істесең, ол қиын жұмыс болса да оңай болып көрінеді. Әкемнің автобус айдағанына 39 жыл толды. Қазір зейнет жасына жетсе де, ара-тұра көлік айдауға шығып тұрады. Алғашқыда маған «бұл мамандықты таңдама» деп ұрысқан кезі болды. Кейін менің осы істі шын жақсы көретінімді түсінді. Ертең менің де балаларым автобус жүргізушісі болуды таңдаса, қарсы болмаймын», - деп ағынан жарылды.

Ержан автобус жүргізуді отбасылық кәсіп деп есептейді. Өйткені, алғаш үленген жылдары әйелі 5 жыл бойы жанында кондуктор болып істеген. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста отыр. Алайда, бүгінгі кейіпкеріміз жұбайымен бірге жұмыс істеу кейде қиын екенін жоққа шығармады.

«Әйелің 24 сағат жаныңда болғаны да қиын. Мүмкіндік болса, екеуі екі жерде жұмыс істеген дұрыс. Сонда үйге сағынып барасың. Көбі ойлайтын шығар, қайта шаршамайсың деп. Олай емес. Оның үстіне, автобуста жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін әйелімнің өзі де түсінді. Көпшіліктің көңілін табу қиын. Біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Сол үшін жақсы жағынан көрінуге тырысамыз. Ашуланып мінген жолаушыға көп сөйлемеуге тырысамыз. Ұрсып кететін кісілер бар. Көбісі рақмет айтып жатады», - дейді ол бұған қатысты.

Қазір Ержанның екі ұл, екі қызы бар. Жұмысқа таңғы сағат 4-те оянып, түнгі сағат 11-лерге дейін рөлде отырса да, жүргізушілікті тастап кету қиын екен.

«Көп жүргізуші бұл кәсіпті тастап кеткеннің өзінде де қайтып келеді. Себебі, тәуелді болып қаласың. Менде де сондай жағдай болды. Бір мәрте бұл жұмыстан бас тартып көрдім. Бірге істейтін жігіттер «кетпей-ақ қой» деген. Қайта оралмаймын деп ойласам да, көңілім осыған ауып тұрады. Мүмкін көпшіліктің жақсы тілегі жібермейтін шығар. 11 жыл ішінде тек бір рет солай үзіліс алғаным бар», - деп күлді Ержан.

Ержан Үсенов туралы шағын видеоматериал әзірленді. Жұмысына адал, шопырлық қызметін жүрдім-бардым емес, ынты-шынтысымен атқаратын елордалық азамат жайлы сіз де біле жүріңіз.  

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары