$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.02.2020, 10:38
Кейіпкер

«Бір жарым жылдай сырқатым туралы тіс жармадым»: қатерлі ісікті жеңген ақтөбелік жігіттің хикаясы

Жангелді Жұбатқанов «№6 палатадағы» трагикомедия жайлы 

«Бір жарым жылдай сырқатым туралы тіс жармадым»: қатерлі ісікті жеңген ақтөбелік жігіттің хикаясы

28 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жангелді Жұбатқанов екі жыл бойы қанның қатерлігі ісігімен күресіп, бүгінде ауыр дертті жеңген. Жуырда ғана Түркия елінде сүйек кемігін ауыстыру отасын өткеріп келген кейіпкеріміз Azattyq Ruhy тілшісіне қатерлі ісікпен қалай күресті, ауыр дертке ұшыраған науқастарға қандай көмек қажет екенін айтты.

ДИАГНОЗЫН АЛҒАШ ЕСТІГЕН СӘТ

Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында дүниеге келген Жангелді  үнемі көңілді жүретін, қоғамдық істерге белсене араласатын, жан дүниесі шығармашылыққа құмар, іздемпаз жігіт. Отбасындағы үш баланың екіншісі, алдында ағасы, өзінен кейін қарындасы бар.

Оқу, жұмыс бабымен әлемдегі ең суық қалалардың бірі Нұр-Сұлтан тұрғынына айналған кейіпкеріміз алғашқыда құлағына салқын тиіп, дәрігерге тексерілуге барған. Дәрігер анализ тапсыруын сұраған. Жангелді жұмысына ең жақын жеке диагностикалық орталыққа қан тапсырып, анализ сараптамасының қорытындыларын алған. Нәтиженің бұрыс екенін түсінген ол, медицина саласында істейтін анасына қоңырау шалған. Анасы шұғыл түрде «онколог» немесе «гематолог» кеңесі керек екенін айтқан.

Фото: Жангелді анасымен 

«Алғаш диагнозымды естіген сәт 2018 жылдың 6 сәуірі еді. Ол кез диагнозым – қанның қатерлі ісігі екенін білген жоқпын. Оны медицина саласында жұмыс істейтін анам келіп, толықтай түсіндірді. Дәрігерлер маған тек медицина тілімен ғана айтты. Бастапқыда дәрігерлердің сөзіне сеніңкіремей, менің денім сап-сау ғой, мен мына ауруханада не істеп жүрмін деген ой болды. Себебі мен ауруханаға өз аяғыммен келдім, ал, менің диагнозыммен жанымда алып жүретін адам болу керек немесе арбада келуім керек екен. Жүріп келе жатып құласам, іштей қан кетіп қалуы мүмкін еді», - деді ол.

АЛТЫНШЫ ПАЛАТА

Алтыншы сәуір күні, нөмірі алтыншы палатаға жатқызылған Жангелді химия курсынан кейін шаштары түсіп, ем алып жатқан өзге науқастарды көргенде, басына түскен сынақты қабылдауы тиіс екенін түсінген.

«Алтыншы сәуір күні мен ауруханаға, алтыншы палатаға жаттым. Терезенің қасында орын бос, дәрігер «анализ алғанша жата тұр» деді. Көрші төсекте шаштары түгелдей түсіп қалған ересектеу ер адам отырды, ол кісінің диагнозын да «лейкоз» дегендерін естіп жатырмын. Одан бұрындары әлеуметтік желілерде осы диагноз бойынша көмек сұраған жандар есіме түсіп, диагнозым оңай емес екенін түсіндім. Қасыма дәрігерлер, медбикелер келіп жатты. Бірақ мен әлі де «шок», «транс» жағдайынан шыға алмай, олардың не айтып жатқанының біреуінде естімедім. Үш сағаттан кейін ғана есімді жиып, өзіме «Жангелді, бұл жағдай сенің басыңа түскен екен, күресу керек!» деп айтып, бәрін қабылдап, мойынұсынғандай болдым»,- дейді ол.

Химия курсының бірнешеуін басынан өткерген Жангелдіге отандық дәрігерлер бірде ремиссияға өттің, яғни, ауруың қайтып бара жатыр десе, енді бірде дертінің қайта басталғанын яғни «рецидив» деп айтып, әуре-сарсаңға түсірген. Нәтижесінде отбасы аяқ астынан Кореяға аттанған. Ол жақтағы дәрігерлер анализ көрсеткішінің жақсы екенін, бірақ Қазақстанда екі рет «рецидив» қайталанса онда сүйек кемігін ауыстыруға кеңес берген. «Кореяға отбасымыз жиған және туыс-достардың берген қаражатына бардық, сол сәтте көмек көрсеткен жандарға алғысым шексіз», - деді кейіпкер.

«Қазақстандық дәрігерлер сүйек кемігін ауыстыру отасы кезінде жүрегім көтере алмауы мүмкін екенін айтып, маған отаны Түркия елінде жасауға квотамен жолдама берді. Тамыз айында елден аттандым. Отамды сәтті өткізіп, желтоқсан айында үйіме оралдым. Қазір жағдайым жақсы, бұйырса сәуір айында кезекті тексерілуге барамын», - дейді ол.

АУРУХАНАДАҒЫ ЖҰМЫС

Қатерлі ісікпен күрескен екі жыл бойы Жангелді Нұр-Сұлтандағы жеке меншік медициналық компаниялардың бірінде маркетолог-фрилансер болып жұмыс істеген. Ай сайын өз еңбегімен айлығын алып отырған жігіт «отбасым мен туған-туысыма артық салмақ салғым келмеді» дейді.

«Ем алып жүрген екі жыл ішінде мен фрилансер ретінде жеке меншік медициналық ұйымда маркетолог болып жұмыс істедім. Бір кездері маркетологтың оқуын қосымша оқып алған едім. Шынын айтсам, жақындарыма салмақ салғым келмеді. Онсыз да бәрі көңіліме қарап, зыр жүгіріп жүрді. Бізде рак дегенді естісе, көпшілік бірден «өлімді» елестетіп кетеді ғой. Айналамдағылардың мені мүсіркеп, аяушылық танытқанын қаламадым. Сондықтан бір жарым жылдай араласатын адамдарға сырқатым туралы тіс жармадым. Қазір бәрі жақсы, дәрігерлер рұқсат берсе, биылғы жыл үйленсем деген жоспарым да жоқ емес», - деп кейіпкеріміз сырымен бөлісті.

Жангелді ауруханадағы бос уақытын текке өткізбеген.

«Ауруханада жатқанда уақыт көп, босқа жатпай көптеген кітап оқып, іздендім. Рухани жағынан дамуға тырыстым. Түрлі фильмдер, видеолар қарадым. Әр нәрсені ойладым. Өмірге деген көзқарасым өзгерді, бірнеше жылға есейдім. Меніңше, мұндай сынақтан адамның есеймеуі мүмкін емес. Тағдырдан ешкім қашып құтыла алмайтынын ұқтым. Себебі мен ауруханада жатқанда дәрігерлердің айтқандарын бұлжытпай орындап жүріп, өмірден өтіп кеткендер де болды. Керісінше «өмірдің бар ләззатын құр жібермейін, аз ғана ғұмырым қалды» деп өзіне бәрін рұқсат еткен адамдар әлі күнге дейін өмір сүріп жатыр. Әр адамның мына өмірге келгенде өзіндік бір орындайтын миссиясы болады, соны орындамайынша өмірден өтпейді деп жатады ғой. Бәлкім жаңағы адамдар әлі миссияларын орындамаған шығар», - дейді Жанкелді.

ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН НЕМЕСЕ НАУҚАСТАР МӘСЕЛЕСІ

Сөз соңында Жангелді болашақта өзі сынды обыр дертіне ұшыраған жандарға қолұшын созатын қор ашсам деген жоспары бар екенін айтты.

«Болашақта обыр ауруына шалдыққан жаңдарға заңдық, психологиялық көмек көрсететін және жұмысқа орналасуға қол ұшын созатын қор ашу ойымда бар. Себебі еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан науқастарға дәрігер келіп, медициналық терминмен түсіндіріп айтып кетеді. Ол науқастар көздері бақырайып, дәрігердің айтқан сөзінің жартысын жаттап, жартысын ұмытып естері шығып отырады. Ата-ана, туыстары қоңырау шалғанда шамалары жеткенше түсіндіріп жатады. Көкшетау, Ақтау, ШҚО, т.б. өнірлерден келген науқастардың кейбіреуіне заңдық тұрғысынан мүгедектік құжатын рәсімдейтін уақыты келеді. Бірақ олар аталған құжатты рәсімдеу үшін өзі тұратын аймаққа барулары тиіс. Пойызбен ары-бері екі-үш күн кетеді, кейбірінің денсаулығы оны көтере алмайды, ұшақпен ұшу үшін анализдерін тексеріп, рұқсат алу керек. Осы бір мәселені оңтайландырып, ауыр дертпен ауыратын науқастар үшін құжат өткізуде жеңілдіктер қарастырылса деп ойлаймын. Науқас, мүгедек адамдар үйден отырып, құжаттарын тіркей алатындай жағдай жасалса деген тілегім бар», - деп Жангелді алдағы мақсатымен де бөлісті.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары