Түрмедегі талант: жазасын өтеуші Абайдың мүсінін жасап шығарды
Қайрөш Айтбаев бостандыққа шыққан соң өз ісін ашуды армандайды

Петропавл қаласындағы ЕС-164\3 мекемесінде жазасын өтеуші ұлы Абайдың мүсінін жасап шығарды. Бір қызығы бұған дейін Қайрөш Айтбаев мұндай іспен мүлде айналыспаған. Тар қапаста күтпеген жерден бойындағы беймәлім қабілеті ашылған мүсінші бостандыққа шыққасын өз ісін ашуды армандайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қайрөш Айтбаев осыдан бірер жыл бұрын күнкөріс қамымен Петропавл іргесіндегі ауылдардың біріне көшіп келген. Зайыбы екеуі бала тәрбиелеп, айрандай ұйып отырғанда күтпеген жерден сотталып кете барады. Қайрөш біреумен төбелесіп, ауыр дене жарақатын тигізгені үшін 3 жылға бас бостандығынан айрылған. Оның жазасын өтеп жүргеніне 5 айдан асты. Желтоқсан айынан бері мүсін жасаумен шұғылдана бастаған. Ең алғашқы еңбегі әділдіктің символы Фемида бейнесі.
«Әйелім екеуміз қыз тәрбиелеп отырмыз. Көзімнің ағы да, қарасы да сол. Ауылда тұрғанда мектепте түрлі шаралар ұйымдастырылатын. Әсіресе жаңа жыл мерекесі қарсаңында алаңда қардан түрлі мүсіндер жасайтынбыз. Ата-аналармен бірге мен де баратынмын, көмектесетінмін. Қардан басқа материалдан мүсін жасап көрген емеспін. Өзіммен бірге жазасын өтеп жүргендердің арасында Роман есімді жігіт бар. Араласып жүретінбіз. Ол менің қардан түрлі фигуралар жасайтынымнан хабардар еді. Бірде ол шеберханаға барып, гипспен жұмыс істеп көруді ұсынды. Мен келістім. Екеуміз Фемиданың суретін тауып алып, соны жасауға кірістік», - дейді Қайрөш Айтбаев.
«Фемида» - кәсіби мүсіншілердің еңбегінен еш кем емес. Жазасын өтеуші оған бір айдан артық уақытын арнағанын айтады. Ішкі конструкциясын кәдімгі сымнан құрастырып алып, сыртын гипспен қаптаған. Мүсінінің салмағы 3 келі, биіктігі 50 сантиметр. Ешқандай өлшемсіз, тек кеңсе пышағының көмегімен жасалған мүсіннің барлық пропорциялары қатаң сақталғанына қарап таң қаласың. Қайрөш Айтбавтың ешқандай арнаулы білімі жоқ. 11 жылдық мектепті аяқтаған соң, ауылда қалып қойған.
«Фемиданы» ұзақ уақыт жасадым. Себебі ол алғашқы еңбегім. Таңдауым неге оған түскенін өзім де білмеймін. Суретін тауып алып, Роман екеуміз іске кірістік. Ол қолқаламаса, мен мүмкін шеберханаға бармас та едім. Мүсінді істеген кезде де оған қатты ден қойған жоқпын. Шебарханаға барып, шамалы уақыт жұмыс істеп, кетіп қалатынмын. Көйлегін, бет әлпетін келтіру қиын болды», - дейді мүсінші.
Роман Серан да ауыр қылмысы үшін жазасын өтеп жүр. Уақытын босқа өткізбей, шеберханаға келіп, мүсін жасаудың қыр-сырын меңгереді. Түрлі картиналар салады. Темір тордың ар жағында жүрсе де, еңбектерін түрлі көрмелерге жібереді екен.
«Бала кезімде көршіміз мүсінші болды. Отбасымен осы іспен айналысатын. Технологиясын білетінмін. Қайрөшке фигура жасауды ұсындым. Гипс, бетонмен жұмыс істейміз. Әзірге кішкентай мүсіндер істеп жүрміз. Жазда үлкен ескерткіш жасасақ па деген ойым бар. Оны жүзеге асыру үшін мекеме басшылығының шешімі керек», - дейді Роман Серан.
Ал Абайдың мүсінін небәрі 3 күнде істеп шыққан. Үш күн бойы тоқтамай жұмыс істегенін айтады. Суреттегі ескерткіштен айнымайды. Тек бір қырына емес, тура қарап тұр.
«Абайдың мүсінін де гипстен жасадым. Суретін кітаптан тауып алдым. Онда ақын сол жағына қарап тұр. Мен мүсінін тура қаратып қойдым. Енді «Әл-Фарабиді» жасағым келеді. Тек қолайлы суретін тауып алуым керек. Мен шебарханаға келіп жұмыс істегенде отбасымды есіме аламын. Үнемі ой үстінде жүресің», - дейді мүсінші.
Қайрөш Қимашұлы сурет салумен де шұғылданады. Петропавлдағы ЕС 164/3 мекемесінде 300-ге тарта адам жазасын өтеп жүр. Сотталғандарды өнерге баулуға арналған түрлі секциялар жұмыс істейді. Оған 50-ден астам адам келіп, сурет салып, қолөнермен айналысады екен.
«Бұған дейін түзету мекемесінде 3 секция жұмыс істеп келген. 2019 жыдың 20 тамызында ҚР ІІМ-нің 508-ші бұйрығына енгізілген өзгертулерге сәйкес қолданбалы өнер және шығармашылық көркемөнер секциялары жұмысын бастады. Оған 17 адам қатысып жүр. Осымен 4 секция болды. Сотталғандар бір-біріне білгенін үйретеді. Сол Сияқты Айтбаев Сиранды өнерге байлып жүр. Алдағы уақытта осы істеген бұйымдарын көрмелерге қатыстыруға әкімшілік қолдауын көрсетіп, әрі қарай ықпал етеміз», - дейді Петропавл қаласындағы ЕС 164/3 мекеме бастығының тәрбие істері жөніндегі орынбасары Рүстем Рахметов.
Үйірмеге келушілер ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Мекеме басшылығы сотталғандарды тәрбиелеуге бағытталған шаралар ұйымдастырылып тұратындығын тілге тиек етті. Түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер Абай оқуларына қызу дайындық үстінде.
Түзету мекемесінің басшылығы алдағы уақытта үйірмелердің ауқымын кеңейту көзделгенін жеткізді. Ал Қайрөш Айтбаев Наурыз айынан қалдырмай Әл-Фарабидің мүсінін жасауға кіріспек.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО