Бүркітші қыз Айшолпан Нұр-Сұлтандағы элиталық мектепте қалай оқып жатыр
Америкалық жазушы қазақ қызы жайлы кітап шығарады

13 жасында бүркітші қыз ретінде дүниежүзіне танылған Айшолпан Нұрғайыпқызы былтырдан бері Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Моңғолияның батысы Баян-Өлгей аймағындағы алақандай ауылда дүниеге келген кейіпкеріміздің өмірі британиялық режиссер Отто Белл түсірген «The Eagle Huntress» фильмінен кейін адам танымастай өзгерді. Azattyq Ruhy тілшісі елордадағы элиталы мектепте оқып жатқан Айшолпанпен кездесіп, бүркітші қыздың Қазақстандағы өмірімен танысып қайтты.
$20 МЫҢ ТҰРАТЫН ЭЛИТАЛЫҚ МЕКТЕП
Айшолпан өткен жылдан бері оқу құны бір жылда $20 мың құрайтын халықаралық Spectrum мектебінің шәкірті. Ол осы оқу орнына арнайы грант жеңіп алған. Айта кететіні, Айшолпанды әлемге аты әйгілі Оксфорд пен Гарвард оқуға шақырған болатын.
«Тарихи отаным Қазақстанды бір көруді аңсап жүргенімде, елде білім алуға мүмкіндік алғаным мен үшін күтпеген тосынсый болды. Spectrum мектебіне келуіме септігін тигізген Ұлттық арнаның журналисі Ғабит Бөкенбайға және «Білім-Орда» инновациялық қорының президенті Дарханбек Қожабеков мырзаға алғыс айтқым келеді», - дейді ол.
Кейіпкеріміз биыл 12-ші сыныпты бітіреді. Ұстазы Айгүл Айдарқызының айтуынша, Айшолпан өте көп кітап оқиды. «Әсіресе тарихи және мотивациялық кітаптарды жақсы көреді» дейді. Сөз арасында байқағаным, Айшолпан отандық авторлардың кітабын қалт жібермеуге тырысады. Жуырда қазақ тіліне аударылған «Хәрри Потер мен пәлсапа тас» тұсаукесеріне де барып үлгерген.
«Ең соңғы оқыған кітабым Санжар Керімбайдың «Өмірге ғашық болу» және Тұрысбек Сәукетайдың «Мен жындымын» кітабы. Тарихи кітаптар мен мотивациялық кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Күні бүгінге дейін 85 кітап оқыдым. Ағылшын тілімді жетілдіру үшін, көбіне ағылшынша оқимын. Оның үстіне бізде барлық сабақ тек ағылшын тілінде. Қазақстан тарихының өзін ағылшынша оқимыз. Алғашқыда тіл жағынан аздап қиналған соң, ұстаздарым қосымша сабақтар өтті. Бүгінде ана тілімнен бөлек, моңғол, ағылшын және түрік тілдерін білемін. Алда орыс тілін меңгеруді жоспарлап жүрмін», - дейді ол.
«БҮРКІТШІ ҚЫЗ» КІТАБЫ
Америкада биылғы жыл Айшолпанның өміріне арналған «Бүркітші қыз» атты кітап жарық көреді екен. Автор Айшолпанның ес білгенге дейінгі өмірін ата-анасының аузынан жазып алса, есейгеннен кейінгі өмірін өзі айтып берген.
«Кітаптың авторы америкалық жазушы Лиз Уэлш. Мамыр айында кітаптың тұсаукесері болады. Бұған дейін мен туралы бірнеше деректі фильмдер түсірілді, енді кітаптың жарық көріп жатқаны қуантады», - деді ол жылы жымыйып.
Айшолпан оқуын шетелде жалғастырмақшы. 18 жасқа толғанша әлемнің 30 елінде болған бүркітші қыз туризм саласын дамытуға үлес қосқысы келеді.
«Туризм мамандығына барамын деп шештім. Әлем осы уақытқа дейін мені бүркітші қыз ретінде таныса, алда өзімді білімді Айшолпан ретінде танытқым келеді. Осы жолда барымды салып, дайындалып жатырмын. Сондықтан еш нәрсеге алаңдамай, тек сабақ оқудамын», - деп ағынан жарылды ол.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЗІРГІ КҮЙІ ЖАНЫНА БАТАДЫ
Бірінші сыныптан бастап интернатта оқыған Айшолпан жатақхананың өмірін жатырқамаған. Өзімен бірге Қазақстанға оқуға келген 15 жастағы сіңілісі болса, үйін сағынып, Моңғолияға қайта оралған.
«Мен үшін жатақхананың өмірі үйреншікті болып кеткен. Бірден үйреніп кеттім десем де болады. Бір бөлмеде төрт қыз тұрамыз. Жанымдағы қыздар батыстан. Олардың диалектісіне де үйрендім (күліп). Сенбі-жексенбі күні туыстарымның үйіне барып тұрамын. Нұр-Сұлтанда нағашыларым және әкемнің бауыры тұрады. Былтыр жалғыз болмасын деп жаныма туған сіңілімді қосып жіберген. Ол қазақ-түрік лицейінде оқыды. Кішкентай болған соң, үйдегілерді сағынып, үйренісе алмады. Қазір ата-анамның қасында»,- деді ол.
Әлемнің көптеген мемлекеттерін аралап, тарихи отанын көруді армандап келген Айшолпанды Қазақстандағы қазақ пен қазақтың орысша сөйлесуі қатты таңғалдырған. Шетелдерден мұндай құбылысты байқамаған бүркітші қыздан «Қазақстанда қандай өзгерісті қалайсың?» деп сұраған едік, қазақ тілінің қазіргі күйі жанына бататынын жеткізді.
«Алғаш келгенде дүкенге барып қазақша сөйлеп едім, сатушы мені түсінбейтінін және қазақша білмейтінін айтты. Шынын айтсам, кәдімгідей «шокта» болдым. Қазақстанда тұрып, қалай қазақша білмеуге болады дегенді қабылдау қиынға соқты. Қоқысты «мусор» деп айтқанда түсіне алмай, апайға жүгіріп келгенмін. Қазір біраз сөздерге құлағым үйренді. Ал Қазақстанда қандай өзгерісті қалайсың дегеніңізге, жастардың ана тілінде сөйлегенін қалайтынымды айтқым келеді. Мұнда ерінбей еңбектенген замандастарыма өте көп мүмкіндіктер берілген, соны дұрыс пайдаланса деймін»,-деді ол.
АЙШОЛПАННЫҢ АРМАНЫ
13 жасында әлемге танылып, 18 жасында жеке кітабы жарыққа шығып жатқан Айшолпанның да армандары көп. Солардың бірі ата-анасын қажылыққа апару.
«Ең үлкен арманым – әкем мен анамды қасиетті Меккеге, қажылыққа апару. Содан кейін жақсы бір оқу орнына түсіп, білімді Айшолпан болу»,- деді бүркітші қыз .
Айшолпан бүркітшілікті уақытша қойған. Бүгінде оның Аққанатына бауырлары бас-көз боп жүр.
«Аққанат қазір 4 жаста. Оған мен жоқ кезде ағам, сіңілім және інім қарайды. Бүркітшілікті ары қарай солар жалғастырады. Үйімді сағынамын, бірақ, ол кісілермен видео арқылы, телефон арқылы сөйлесіп тұратындықтан алыста екенім аса қатты білінбейді. Былтырлары қала сыртына барып, бүркіт салып, түрлі өңірдегі бүркітшілер жарысына қатысып тұрдым. Білімімді жетілдіріп жатқан соң, қазір бүркітпен көп серуенге бармаймын», - деді ол.
Сұхбаттасқан –Айжан Қалиева