$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Робототехниканың беретін мүмкіндігі көп, бірақ ол мүмкіндіктер Қазақстанда жоқ – Аймедет Тауфик

Студент мүгедек жандардың жүріс-тұрысын жеңілдету үшін электрлік көлік ойлап тапқан

Робототехниканың беретін мүмкіндігі көп, бірақ ол мүмкіндіктер Қазақстанда жоқ – Аймедет Тауфик

Аймедет Назарбаев Университетінде Робототехника бағытында оқиды. Қазақстанда дамымаған бағыттардың бірін таңдаған студент робототехниканың беретін мүмкіндіктері көп екенін айтып, елде сол саланы қалыптастырушылардың бірі болғысы келетінін жеткізді. Жас өнертапқыш мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріс-тұрысын жеңілдету үшін электрлік көлік ойлап табатын шеберхана ашқан. Ол жерде мүгедектік арбасына бекітіліп, тоқтан қуат алатын қондырғы жасаумен айналысады. Студент жігіт жасаған жобасының негізгі артықшылығы мен пайдасы туралы Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

Аймедет Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауылының тумасы. Ол өзі оқитын мамандықтың маңызын түсіндірді.

«Орал қаласындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған IT лицей мектебін бітірдім. Қазіргі уақытта Назарбаев университеті Робототехника бағытының 2-курс студентімін.

Менің оқып жатқан бағытым Қазақстанда енді пайда болып жатыр. Тікелей Робототехниканың курстарын оқытады. Робототехника саласында елімізде түрлі жарыстар, оқу әдістері көбейіп келеді. Мен оқитын бағыт жаңа болғандықтан оқуды аяқтағаннан кейін нақты осы жерге жұмысқа барамын деп айта алмаймын. Робототехниканың беретін мүмкіндігі өте көп, бірақ ол мүмкіндіктер Қазақстанда жоқ. Біздің білімімізді пайдаланатын орындар өте аз. Нақтырақ айтқанда зауыт, роботтарды пайдаланатын жерлер әлі дамымаған. Біз елдің болашағы саналғандықтан осы Робототехниканы елде дамытуымыз керек деп ойлаймын. Қашанғы жоқ деп қарап отырамыз», - дейді студент жігіт.

Ол робот саласын қалай таңдағанын айтты. Бұл оның бала кезінен қызыққан бағыттарының бірі болған.

«Кішкентай кезімнен құрастырушы ойыншықтарға қатты қызығатынмын. Жалғап, құрастырғанды жақсы көрдім. Өскенде құрастырушы боламын деп үнемі айтатынмын. Ер жете келе ондай мамандықтың жоқ екенін біліп, соған ұқсас саланы іздей бастадым.  Еліміздегі ең белсенді оқу орнының бірі Назарбаев Университетінде сондай мамандық бар екенін 10-сыныпта білдім.

Аталған ЖОО-на қарапайым мектеп оқушысына оқуға түсу қиындау. Өзім қарапайым мектепте оқығаннан кейін екі жылға жақын университетке түсуге дайындалдым. Ең алдыңғы кезекте ағылшын тілін дамыттым. Көп уақытым ағылшын тілінен емтихан тапсыруға кетті. Оқыған мектебім физика-математика бағытында болғандықтан есеп жағынан қатты қиналған жоқпын. Физика-математика қай тілде де бірдей. Қазақша, ағылшынша тапсырсаң да айырмашылығы жоқ. Сондықтан менің нәтижелерім жақсы болды.

Университетте оқып жүрген екі жылдың ішінде бірнеше жарыстарға қатысып үлгердім. Сондай жарыстың бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналды. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірін жақсартуға, қозғалысын жеңілдетуге жаңа бір құрылғыны ойлап табу керек болды. Осы бағытта үш күндік марафон ұйымдастырылды. Менің бүгінгі айналысатын жобамның идеясы сол кезде құрылды», - дейді Аймедет Тауфик.

Ол карантин уақытында «Бизнестің жол картасы – 2025» жобасы аясында 3,3 млн теңге грант ұтып алған. Сол ақшаға Электрлік көлік ойлап табатын шеберхана ашыпты.

«Жобам «BULAN» деп аталады. Руым Бұлан болғандықтан жобамның атын соған сәйкестендіріп қойдым. Жоба алғаш басталған кезде кішігірім шеберхана ретінде ашылған. Қазір шеберханамыз үлкейіп, орталыққа айналып келеді. Біз электровелосипед, электро лонгборд және мүгедектік арбаға арналған электр қондырмасын жасаумен айналысамыз. Бұдан бөлек басқа да «Onewheel», «Дрифт трайк» секілді электрлік көліктерді  ойлап табу жоспарда бар.

Шығарған жаңа өнімдерімізді айтатын болсақ, мүгедектік арбаға арналған электр қондырғысы. Аталған жобамен тұрақты жұмыс істеп жатырмыз. Қондырғы мүмкіндігі шектеулі жадардың өмірін жеңілдете түседі. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 702 мың адам мүгедектігі бойынша тіркелген. Соның ішінде 250 мыңы бірінші топтағы мүгедектер. Олардың басты мәселесі біреудің көмегіне қарап отыру яғни, өз бетімен қалаған уақытында сыртқа шыға алмайды. Уақыты өзгелерге тәуелді. Ал, біз жасаған құрылғы олардың тәуелсіз қозғалуына мүмкіндік береді. Артықшылығы құрылғыны арбасына өзі қалаған уақытында қойып, шеше алады. Сондай-ақ қондырғы барлық арбаға келе береді.

Қазіргі уақытта бұл бірінші нұсқасы. Осы арқылы қондырғының әлсіз жерлерін іздеп жатырмыз. Қуаттағыш немесе қуаттағыштың қорғаныш қабында, моторында шикіліктер болуы мүмкін. Осының бәрін қарап, қателіктерді ескеріп екінші нұсқасын жасауға жұмыс істеп жатырмыз. Дәл осы екінші нұсқаны биылғы жаз уақытында шығарып, тексеріп үлгергіміз келеді. Қанша арақашықтықта жүріп, қанша қуат керек болатынын өзіміз бақылап, есептей аламыз», - дейді өнертапқыш жігіт.

Ол сабақтан бөлек спортпен шұғылданып, поэзияға қызығады. Студент өзінен кейінгі іні-қарындастарына уақытты дұрыс пайдаланудың маңызын айтып, мамандық таңдау барысындағы ата-ананың ықпалына тоқталды.

«Сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Волейбол, жарға өрмелеу және жүзумен айналысамын. Сабақ қиын. Барлығын тепе-теңдікте ұстау оңай емес. Сондықтан сабақ оңай болатын апталарда өзімнің жеке хоббиіме барынша уақыт бөлуге тырысамын.

Қазір өзім секілді жастар телефонға әбден тәуелді болған. Өзінің өміріне қарағанда өзгенің өмірін тамашалау қызық болып тұр. Менде де сондай кездер болды. Телефоннан бас алу үшін өзіңе қызықты іспен айналысу керек.  Мысалы, белігілі бір жобаны істеу керек болса, оның қиындығын ойлағаннан бұрын тәуекел етіп кішкентай бөлігін бастап кету қажет. Алғашқы қадам қашанда қиын болады. Ары қарай өзімен өзі жалғасып кете береді. Сондықтан қорқынышты жеңіп үйрену керек. Өзіңе қызық іспен айналыссаң телефонға қарап уақытыңды текке өткізгің келмейді.

Қазір көп жастар жүрек қалауындағы оқуға түсуге келгенде ата-анасының тарапынан айтылатын пікірге тәуелді болып тұрады. Әрине, ата-анамыз біздің қамымызды ойлап жақсы маман болғанымызды қалайды, бірақ жүректі тыңдау керек. Менің қатты қуанатыным ата-анам менің кез-келген шешіміме қолдау көрсетіп келеді. Бала үшін бұл өте маңызды. Ешқашан шектеу қоймайды. Сол кісілерге айтар алғысым шексіз. Әке-шешемізбен көбірек сөйлесіп, қалауың мен арманыңды айтып жүрсең ол кісілер міндетті түрде қолдайды.  Өзімнен кейінгі жас талапкерлерге бір бағытқа қызығып тұрсаң, интернет желісінен елімізде сол сала бар ма, жоқ болса ТМД елдерін қарап, болмаса әлемді қарап, толық ақпарат ал дегім келеді. Қазіргі заманда көп нәрсе зерттелгендіктен кез келген сұраққа жауап табуға болады. Бастысы сұрақ қойып, жауап іздей білу керек», - дейді Аймедет Тауфик.

 

Серіктес жаңалықтары