«Америка бәсекеге түсе алатынымды көрсетті»: қазақстандық маман АҚШ-тағы мүмкіндіктер жайлы айтты

Ая Өміртай

Ол Қазақстан мен АҚШ-тағы жұмыс істейтін әйелдердің рөлін салыстырды

Әсел Аяпова – әлемнің 100 үздік жоба менеджерлерінің рейтингіне кірген әмбебап маман. Ол АҚШ-тың AES корпорациясының Арлингтондағы бас кеңсесінде робототехника мен дрондар жөніндегі бағдарламаның жаһандық жетекшісі қызметін атқарады. Отандасымыз Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында АҚШ-та өмір сүрудің мүмкіндіктері мен карьера жолындағы тәжірибесі, Сәуле Омаровамен таныстығы, сондай-ақ, келешек жоспарлары турасында әңгімелеп берді.

– Өзіңізбен сұхбаттасқалы отырғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Жуырда сәбилі болғаныңызды естідік. АҚШ-та ана мен балаға арналған қандай жәрдемақы бар? Жалпы ана мен балаға қандай көмек көрсетіледі?

– Хал-жағдайым жақсы. Қазір босанғаннан кейін қалпыма келіп жатырмын. Кәсіби жұмыс істейтін әйелдер үшін, жалпы орта таптың өкілдері үшін Америка мемлекеті ешқандай жеңілдіктер, материалдық және материалдық емес көмек көрсетпейді. Керісінше, босану сақтандыру арқылы жүзеге асырылады. Босанудың өзі 20-25 мың доллар шамасында болса, оның 75%-ын жабады, ал қалған 7-10 мың долларын қалтаңыздан төлейсіз. Мемлекет бала туғанда 8 апта демалыс береді, сондай-ақ кейбір  компанияларда әлеуметтік пакеттерде 4 апта қосымша ақылы демалыс қарастырылған. 12 аптаға дейін бала күтіміне байланысты демалыс ала аласың, жұмысқа шықпаған жағдайда жұмыс орны сақталмайды.

Көптеген әйелдер балабақшаны немесе күтушіні алдын ала қарастырады. Балабақшаның құны айына 2500-2800 доллар маңайында, бала жасы кіші болған сайын төлемі де көбірек болады. Көп отбасыларда мұндай қаражат болмағандықтан, әке-шешесінің бірі жұмыстан шығып, балаларға қарайды. Бірақ осыған қарамастан балабақша мен күтушіге деген сұраныс өте жоғары, балабақша кезегі үш жылға дейін созылады.

Осы елдің тұрғыны ретінде Америкада әлі де ашық әлеуметтік мәселелер бар екендігін айта аламын. Сонымен қатар, төрт баланың анасы ретінде мен Қазақстанда және Америкада көрсетілетін көмекті салыстыра аламын. Екі баламды Қазақстанда, кіші екеуін Америкада тудым. Қазақстанмен салыстырғанда Америкада көмек алған жоқпын. Мысалы, Қазақстанда сен 6 айдан кейін демалысқа шыға аласың және бала туғаннан кейін бала күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер беріледі, сондай-ақ жұмыс орны 3 жылға дейін сақталады. Ал Америкада сіз баланы босанғанға дейін де жұмыс істейсіз. Баланы туғаннан кейін әлеуметтік төлемдер жоқ. Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер үшін жағдай жақсы деп санаймын.

– AES компаниясындағы қызметіңіз жайында айтып беріңізші. Жалпы бұл жобаға қалай келдіңіз?

– Студент кезімде жобаларды басқаруға маманданғым келді, сондықтан ММУ бітіргеннен кейін Қазақстанның инвестициялық қорында өз күшімді сынап көрдім. ҚИҚ-да жұмыс істеген жылдар ішінде жақсы тәжірибе мен білім алып, жобаларды басқару саласындағы кәсіби маман болғым келетінін түсіндім. Осыдан кейін түрлі басшылық қызметтерді атқарып жүріп, 2011 жылы америкалық «AES-Қазақстан» компаниясында жұмыс істей бастадым. Алты жыл ішінде Өскемен және Согра ЖЭО қуаттылығын кеңейту бойынша екі ірі құрылыс жобасын сәтті аяқтадым. Тиімді басқарудың арқасында біздің жобалар халықаралық APEX байқауларында AES компаниясының 600 жобасы арасында жеңіске жетті. 2017 жылы мен бас кеңседен корпорацияның энергетикалық объектілерінде дрондар мен роботтарды қолдану әдістерін әзірлеу, шешу және енгізу жөніндегі жаһандық инновациялық бағдарламаны басқару жөнінде шақырту алдым. Әрине, мұндай жұмыстың перспективасын ескере отырып, Америкада орналасқан кеңсеге шақыртуды қуана қабыл алып, жобаны бастап кеттім.

– Жалпы жаңа технологияның қарқынды дамығаны сонша, адамдардың қатысуымен болатын жұмыс күшін ығыстырады деген қорқыныш бар. Бұл қаншалықты негізді? «Роботтар адамның жұмысын алмастырады. Мыңдаған адам жұмыссыз қалады» деген ақпаратты жиі еститін болдық. Қоғамда осындай қауіп бар ма?

– Егер оны «қауіп» деп қарасақ, қауіп болмақ. Инновациялар мен технологиялар заманында роботтардан мүлдем бас тарта алмаймыз. Бүгінгі таңда жер шарындағы мемлекеттердің көпшілігі роботтарды әртүрлі жұмыстарға пайдалануға ұмтылып жатыр. Бұл – тамаша бетбұрыс. Әлем ғалымдары роботтар 10-12 салада адамның жұмысын алмастыратынын болжап отыр. Бірқатар салаларда ауыстырып та үлгерді. Менің ойымша, роботтар жұмысымды тартып алады деп қорқудың қажеті жоқ. Әр маман иесі жаңа технологияларды игергені абзал. Күн сайын оқып, тоқып, білімін жетілдіре беруі керек. Қажет болса, мамандығын ауыстыру жөнінде батыл қадам жасағаны жөн. АҚШ-та роботтардың неше түрі бар. Жыбырлап жүретін, қайнап тұрған алып қазандарға кіре алатын роботтар жасалды. Олар адамның жұмысын алмастыра алатынын дәлелдеді.

– Ғылым мен отбасын қатар алып жүру қиын емес пе? Сізге кім көмектеседі? Әлде бәріне өзіңіз үлгересіз бе?

– Мен ылғи да карьера мен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, хоббиге, саяхатқа және спортқа уақыт бөлуге тырысамын. Ол үшін өз уақытымды қатаң басқару және нақты жоспарлау көмектеседі. Алдағы 10 жылдан кейін өзімнің кім және қайда болғым келетінін нақты білемін. Дәл осындай дәлдікпен келесі жылға, үш және бес жылға жоспарлауға тырысамын. Жыл жоспары жұмысты, жеке және кәсіби дамуды тиімді үйлестіру, сондай-ақ отбасына назар аудару үшін айлар мен күндерге бөлінеді.

Сонымен қатар, ортақ бастамаларымызда бізді қолдайтын керемет жұбайым бар. Ол өзі өте заманауи, ақылды және отбасына берілген адам. Керемет отбасылық адам. Осындай екіжақты түсіністік арқасында карьерада да, бала тәрбиесінде де жетістікке жетіп келеміз.

– АҚШ-та әйел құқығы қалай қорғалады? Өзіңіз феминизмді жақтайсыз ба?

– Мен феминист емеспін, менің түсінігімде бұл – шектен тыс. Жалпы, мен теңдікті жақтаймын, ерлер мен әйелдердің әрқайсысының қоғамда және үйде өз рөлі бар. Кәсіби тұрғыдан алғанда, мен гендерлік теңдік үшін, жұмыс үшін, дағдылар үшін бірдей төлемақы берілгенін, бірдей мүмкіндіктер берілгенін қолдаймын. Америкада гендерлік теңдіктің ашық мәселелері талқыланып жатады.

– АҚШ-та жоғары қызметке ұсынылған Сәуле Омаровамен бірге оқыған екенсіз, араласып тұрасыздар ма?

– Сәулемен жеке таныс емеспін, бірақ біз әр жылдары ММУ-да оқыдық. Екеуміз де Орал қаласының тумасымыз.

– Кезінде Сәуле Омарованың кандидатурасына қарсы шығушылар көп болды. Мұның себебін өз тәжірибеңізде қалай түсіндірер едіңіз? Өмір жолыңызда, қызметте нәсілшілдіктің кедергі болған тұсы болды ма?

– Оппозицияның жартысы оның кандидатурасына қарсы болса, Сәуленің кандидатурасын ұсынған тарап қолдау көрсетті. Ол кісі шеберлігі мен кәсібилігі үшін ұсынылды деген ойдамын. Америкада ұлтына, шығу тегіне қатысты стереотиптер бар, сондықтан олар Америкада қызу талқыланатын  ашық тақырыптар. Ал өзіме келсем, нәсілшілдік кедергі жасамады, бірақ мен Ресейде, Англияда оқып жүргенімде, өмір сүрген кезімде ерекше сезілді. Мен бұған философиялық көзқараспен қарадым. Американың Еуропадан айырмашылығы, бұл мәселеге олар демократиялық көзқараста.

– Жалпы АҚШ-та өздеріңіз сияқты жетістікке жеткен қыздар көп пе? Кімдерді атар едіңіз?

– Мен тұратын Вашингтон округінде IFC, USAID, UN (БҰҰ) сияқты халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін мамандар тобы құрылды. Арасында Қазақстаннан келген қыздар жаңа бастаған мамандардан бастап басшыларға дейін түрлі салада жұмыс істеп жүр.

– АҚШ-тағы жұмысыңызбен қатар Қазақстанға қатысты жоспарыңыз бар екенін айтып едіңіз. Келешекте елге оралу ойыңызда бар ма?

– Қазақстанмен көптеген жобалар байланыстырады. Алдағы 5-7 жылда Америкада кәсіби өсу жолын көремін, сонымен қатар менторлық, жастарды дамыту, Iqanat сияқты жобаларды Қазақстанда жүзеге асыруды қатар алып жүремін. Оған қоса жақында «Мансап жоба ретінде» атты кітабымды аяқтадым. Кітапта мансап жолында өсуге қолжеткізуге бағытталған мамандар үшін өзімің жеке тәжірибемді жүйеледім. Жалпы алғанда өз біліміммен бөлісетін жаңа жобаларға ашықпын. Сондай-ақ, АҚШ-тағы жұмыспен қатар отандық инновациялық жобаларға қатысқым келеді және осылайша АҚШ-та жүріп меңгерген озық инновациялық шешімдер мен технологияларды, жаңалықтарды Қазақстанға беруге ықпал ете алар едім. Мен Америкадағы жұмыс пен өмірді өзімнің құзыреттілігімді дамыту, халықаралық тәжірибені игеру үшін қосымша мүмкіндік ретінде қабылдаймын. Қазақстанды, туған жерімді, ондағы тауларды, далаларды өте жақсы көремін, сондықтан шет мемлекетте мәңгі қалу туралы ойламаймын. Мен қай жерде өмір сүрсем де, жұмыс істесем де кез келген жағдайда өз елімнің дамуы үшін жұмыс істеуге дайынмын. Кеңесші ретінде әртүрлі отандық жобаларға қатысқым келеді. Практикалық тәжірибем көп бастамалардың дамуына ықпал ете алады деп ойлаймын.

– АҚШ-та өмір сүру сізге қандай мүмкіндіктер берді?

– Америка халықаралық еңбек нарығында менің бәсекеге қабілеттілігімді дәлелдеуге мүмкіндік берді. Білім беру ерекшеліктері, біліктілікті арттыру мүмкіндіктері осының барлығы әсер етті және мен басқа кәсіби мамандармен сенімді бәсекеге түсе алатынымды анық көрсетті.

– Сырттай бақылауыңызша Қазақстан экономикасы қазір қандай күйде?

– Экономиканың дамуы бойынша Қазақстан прогрессивті динамикаға ие. Әрине, жұмыс істеу керек, бірақ цифрландыруға қатысты біз көптеген елдерден алда тұрмыз. Мысалы, цифрлық мемлекет, банкинг. Қазақстанның білім беру базасы өте жақсы, бұған посткеңестік кеңістіктен Қазақстаннан Айви Лигасына түсетіндердің санының басым болуы дәлел.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.