«Екі аяғы жоқ деп көлігіме отырмай қоятындар бар»: Түркістанда ер адам такси жүргізіп, отбасын асырап отыр
Оның такси қызметінде жүргеніне 7 жылдай болды
Осыдан бірнеше күн бұрын екі аяғынан айырылғанына қарамастан жұртты тасып, нәпақасын тауып жүрген түркістандық Нұржан Артықовты белгілі блогер Dauletten өз парақшасына салған болатын. Бала-шағаның қамы деп таңнан кешке дейін жолда жүретін 40 жастағы ер азаматтың іс-әрекеті желі қолданушылары арасында біраз талқыға түсті. Көпшілік оның еңбекқорлығын жарыса жазып, аяқ-қолы сау жұмыссыз жүргендер мен түрлі гивке қатысып, оңай жерден олжа іздейтіндерге үлгі екенін айтуда. Нұржанның 5 баласы бар. Үйдің асыраушысы да жалғыз өзі.
Azattyq Rýhy тілшісі таксистке хабарласып жұмысы, денсаулығы мен қазіргі жағдайы туралы әңгіме өрбітті.
ЕКІ АЯҒЫН ДА, ЕКІ ҚОЛЫНЫҢ САУСАҚТАРЫН ДА КЕСТІРІПТІ
Ол бірінші топ мүгедегі. 2010 жылы ауырып, қантамыр жүйесінің бұзылуы деген диагноз қойылған. Ауруы асқынып, 2015 жылы екі аяғын кесуіне тура келіпті.
«Өзім екі рет үйленгенмін. Бірінші келіншегім ауырып жүрген кезімде қайтыс болды. Екі балам бар. Балаларымды өзім қатты ауырғандықтан әкеме аманаттадым. Жағдайым біршама жақсарғаннан кейін екінші рет үйлендім. Қазір бірінші некедегі балаларымды қосқанда бес баланың әкесімін.
Қазіргі күніме шүкір айтуды тоқтатқан емеспін. Алдымен екі аяғымды кейін оң қолымдағы төрт саусағымды, сол қолымдағы екі саусағымды кесуге тура келді. Бәрі қарапайым тырнағым ауырғаннан басталды. Ауруханаға барып дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. Сол жерде аяғымның терісіне кіріп өскен тырнақты алып тастады. Содан кейін денсаулығым күрт нашарлады, тіпті жансақтау бөліміне түстім. Аяғым қимылдамай қалды. Кейін Шымкент қаласындағы ауруханаға барғанымда қантамыры жұмысының бұзылуы деген диагноз қойылды. Ем алғаннан кейін алғашында өз аяғыммен жүріп жүрдім, бірақ қатты қиналдым. Аяғым ауырып маза бермейтін. Ақыры сол аяғымды кестіруге тура келді. Үш жылдан кейін ауру оң аяғыма өтіп, оны да санымнан төмен кестірдім», - дейді жүргізуші.
«ІШІМДІККЕ САЛЫНЫП, ӨЗІМЕ ҚОЛ ЖҰМСАМАҚ БОЛДЫМ...»
Бүгінде дәрігерлер Нұржанға дертінен толық айығуы екіталай екенін айтып, тұрақты түрде ем алуды тапсырған.
«Екі аяқтан айырылғаннан кейін күйзеліске түстім. Жұмыс істеп жүрген адам үшін бірден арбаға таңылу өте қиын екен. Шыдамай, қазіргі болмысымды қабылдай алмай біраз жүрдім. Ішімдікке салынып, өзіме қол жұмсамақ болған кездер де болды.
Балаларымның әкелеп қасымда жүргені менің өзіме келуіме себеп болды. Бала-шағамды асырауым керек деген ой миымнан шықпады. Олардың үйде аш, тамақсыз отырғаны жүрегіме батып, аяғымды кестіріп ауруханадан шыққаннан кейін бір аптадан соң такси қызметіне шықтым. Желтоқсан айында төрт саусағымды кесті. Қанда қант мөлшері көбейіп кетіпті. Дәрігерлердің түсіндіруі бойынша ұсақ қантамырларын нерв қысып қалып, жарып жіберіп жатыр. Мүгедектігіме байланысты 68 мың теңге жәрдемақы аламын, бірақ оның бәрі өзімнің емделуіме кетіп қалады.
Аурудан толық айығып кетер кетпесімді дәрігерлердің өзі айта алмай отыр. Үнемі ем алып жүруім керек екен. Алматыға барып қаралдым, ол жердегі ақ халаттылар да ауруды толығымен тоқтату қиын екенін айтты. Бәрін бір Аллаға тапсырып отырмын. Әр үш ай сайын ауруханаға жатамын», - дейді Нұржан аға.
«ҚАНДАЙ ПІКІР БОЛМАСЫН ҚАБЫЛДАП ҮЙРЕНГЕНМІН»
Оның күнделікті жұмысы таңғы 5-тен басталады. Таңғы істің берекесі бөлек деген ағамыз жолда болатын қиындықтарымен бөлісті.
«Бұған дейін жүк көлігін айдап күн көрдім. Қазір денсаулығыма байланысты жеңіл көлікке ауысуыма тура келді. Ауылда 30 машина жүреді. Олар менің жағдайыма қарап, барынша көмегін беріп жатыр. Бүгінге дейін еш жерге қарыз болмай қажетті дәрі-дәрмегімді өзім тауып, бала-шағамды асырап келемін.
Тағы 5-те жұмысқа шығып, кешке дейін жүремін. Кей кездері бір күнде 10 мың теңгеге дейін табамын. Табысым тұрақты емес, бірақ отбасымның күнделікті қажетіне жеткізіп отырмын.
Такси жүргізушісі болғаннан кейін түрлі ниеттегі адамдарды көрдім. Бірі демеу беріп, жылы сөзбен марқайтып тастаса, енді бірі көңілімді ауыртарлық дүниелерді айтып жатады. Ешкімге ренжімеймін. Қандай пікір болмасын қабылдап үйренгенмін.
Екі аяғы жоқ екен деп көлігіме мінбей қоятын жандар кездеседі. Қорқады. Пенде болғаннан кейін өз қауіпсіздігіне алаңдайды ғой. Алғашқы кездері көңіліме алып қалатынмын. Қазір қанша жылдан бері такси жүргізетінімді айтып түсіндіремін. Түсінетіндер түсінеді, түсінбейтіндерге ренжімеймін», - дейді такси жүргізушісі.
Ол көлігін өзіне ыңғайлы етіп жабдықтап алған. Жолда еркін жүре береді. Нұржан аға қайырымдылық шараларымен де тұрақты түрде айналысады екен. Үнемі көмектесіп тұратын адамдары да бар.
«Өзім көлікті жақсы меңгергендіктен жол жүру кезінде аса бір қиындық болмады. Көлігімді өзімнің жағдайыма қарай ыңғайлап алғанмын. Өзім жасаған арнайы құралдар арқылы басқарып отырамын.
Ақшаны адалынан тапсаң берекесі көп болады. Өзім үйдің жалғыз асыраушысымын. Келіншегім балаларға қарап үйде отыр. Бала-шағадан бөлек көмектесетін өзім секілді мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оларға қолдан келгенше көмегімді беремін. Алла ниетіңе қарай береді деген рас екен. Табысым жетеді, шүкір. Қарызым жоқ», - дейді ол.
БАЛА-ШАҒАҢ БАР КЕЗДЕ ӘЛСІЗ БОЛУҒА ХАҚЫҢ ЖОҚ...
Ағамыз он екі мүшесі сау адамдарға денсаулықтың қадірін қазірден біліп, мүмкіндік барда жұмыс істеп қалу керектігін айтты.
«Осы әңгімемізді пайдаланып қазақ жігіттеріне, бауырларыма айтарым бар. Жұмыс жоқ дегенді қою керек. Бір байқағаным қазір жап-жас жігіттердің көбі әйелін жұмысқа салып қойып, көңіліме келетін жұмыс таба алмай жүрмін деп үйде жатады. Соңғы кездері осындай әңгімелерді жиі естіп кеттім. Жұмыс болмауы мүмкін емес. Екі қолға бір күрек әрдайым табылады.
Отбасын бағамын деген адам кез келген жұмысты істейді. Төрт саусағымды кестіргенге дейін көлік жөндеп ақша табатын едім. Денсаулық болмай көп нәрседен алшақтап тұрмын. Сондықтан аяқ-қолы сау адамдар денсаулығының қадірін біліп, мүмкіндігін барынша пайдаланса екен деймін.
Өзінің бойындағы ерекшелігін қабылдай алмай жүрген жандарға ұялмаңыз дегім келеді. Әркім өз бетінше өмір сүреді. Біреудің пікірін тыңдап жүре берсек құрдымға кетеміз. Барынша жұмыс істеп өз-өзіңді қиындықтан алып шығуың керек деп ойлаймын. Таңда ерте тұрып әрекет жасасаң, берекесі міндетті түрде болады. Бала-шағаң бар кезде әлсіз болуға хақың жоқ», - деп сөзін түйді Нұржан Артыхов.