Алматы облысындағы тұрғын үй ауласында екі баланы көлік қағып кетті (ВИДЕО)

Оқиға 2026 жылдың 4 қыркүйегінде сағат 18:20 шамасында болған

Алматы облысындағы тұрғын үй ауласында екі баланы көлік қағып кетті (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің ауласында екі бала жол-көлік оқиғасына ұшырады. Қайғылы жағдайдың видеосы желіде тарап, жергілікті тұрғындар арасында үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 2026 жылдың 4 қыркүйегінде сағат 18:20 шамасында болған. Желі қолданушыларының сөзінше, көлік аула ішінде сағатына 40 шақырымға жуық жылдамдықпен жүрген. Оқиға салдарынан әртүрлі дене жарақатын алған екі кәмелетке толмаған бала дереу ауруханаға жеткізілді. Жол ережесін бұзған Chevrolet Cobalt маркалы автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі анықталып, жауапкершілікке тартылды.

«Жүргізушілерді жол жүрісі ережелерін, әсіресе балалар көп жүретін тұрғын массивтерінде қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдағы әрбір қатысушының қауіпсіздігі жүргізушінің мұқияттылығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты», – деп ескертті Алматы облыстық Полиция департаменті.