Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Энергетика министрі саланың негізгі жетістіктері мен даму көрсеткіштерін атап өтті

Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
Фото: © istockphoto.com

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай салада еңбек етіп жүрген мамандар мен ардагерлерді мерекесімен құттықтап, саланың негізгі жетістіктері мен даму көрсеткіштерін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, өткен жыл мұнай-газ кешені үшін рекордтық нәтижелермен ерекшеленіп, салада өндірістік қарқын артты. Атап айтқанда, мұнай өндіру көлемі рекордтық 99,5 миллион тоннаға жетсе, еліміздің МӨЗ-дерінде 18,4 миллион тонна мұнай өңделді. Сондай-ақ салада мұнай-газ химиясы бағыты белсенді дамып, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындары ашылуда.

«Табиғи газ қолжетімді болуда. Бүгінде елімізді газдандыру деңгейі алпыс төрт пайыздан асты. Он үш миллионнан астам азаматымыз табиғи газдың игілігін көріп отыр. Біздің міндетіміз – газбен  еліміздің барлық тұрғындарын қамтамасыз ету», – деді Энергетика министрі.

Ерлан Ақкенженов сала негізін қалаған ардагерлер мен қазіргі кен орындарында еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс білдіріп, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолындағы жұмыстарға табыс тіледі.