Қазақстанның үш облысында орман өрті тіркелді

Ақмола, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында өртті оқшаулау мен сөндіру жұмыстары жүргізілуде

Қазақстанның үш облысында орман өрті тіркелді
Фото: © istockphoto.com

2026 жылғы 5 қыркүйекте еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 3 орман өрті тіркелді. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін мамандар мен арнайы техникалар жедел түрде жұмылдырылып, жою жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дабыл түскен бойда оқиға орындарына тиісті күштер тартылып, Ақмола, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында өртті оқшаулау мен сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараларға «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мекемесінің су төгу құралымен жабдықталған тікұшағы мен орман күзеті қызметкерлері де белсенді түрде қатысып жатыр.

Бірқатар өңірде найзағайлы фронттар мен аптап ыстықтың сақталуы табиғи өрттердің шығу қаупін арттырып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» күштері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Аумақтарды әуеден және жер үстінен патрульдеу процесі үздіксіз жүзеге асырылуда.

Орман күзеті азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, табиғат аясында қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауға және отты пайдалану кезінде барынша сақ болуға шақырады.