«Ер мен әйелдің жұмысын қатар істеймін»: ауылдың тыныс-тіршілігін көрсетіп, желіде танылған келіншекпен сұхбат

Сағыныш Ибрагим

Жанат Абдалимова мал шаруашылығын жеке кәсібіне айналдырған

«Ер мен әйелдің жұмысын қатар істеймін»: ауылдың тыныс-тіршілігін көрсетіп, желіде танылған келіншекпен сұхбат

Ауылдың өмірі кейбір қалалықтар үшін тек желіден немесе теледидардан көретін құбылысқа айналып бара жатқаны өтірік емес. Әлеуметтік желіде ауылдың тыныс-тіршілігін көрсетіп жүрген Жанат Абдалимова қала тұрғындарының ауылдан алшақтап бара жатқанын, әсіресе жастардың ауыл өміріне деген қызығушылығы аз екенін айтады. Ол өзі жүргізетін контент арқылы ауыл шаруашылығының маңызын қалалық оқырмандарына насихаттап жүрген жандардың бірі. Мал жаю, сиыр сауу, май-құрт дайындау секілді ауыл келіндерінің күнделікті жұмысы телефонның арғы жағынан көріп отырған қалалық қыз-келіншектерге қиын көрінеді дейді Жанат.

Azattyq Rýhy тілшісі Instagram желісінде 22 мыңнан астам оқырманы бар Жанатқа хабарласып, еліміздегі мал шаруашылығының жай-күйі, ауыл өмірінің қызықтары мен қиындықтары жөнінде сұхбаттасты.

Жанаттың өзі қаланың қызы. Ауылға келін болғанына 16 жыл болған келіншек бүгінде 4 баланың анасы, үлгілі келін.

«Өзім Тараз қаласының тумасымын. Ошақты еліне келін болып түстім. Қазір Тараздағы Тектұрмас деп аталатын ауылдың тұрғынымын. Тұратын жеріміз мал шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Негізі бес баланы дүниеге әкелгенмін. Бір балам ауырып, дертіне ем таба алмай, шетінеп кетті.

Желіні белсенді қолданып жүргеніме жарты жыл болды. Бірде тараздық журналист мені өз жобасына кейіпкер ретінде шақырды. Бәрі сол кезден басталды десем болады. Сол кісінің айтқан ойымен әлеуметтік желіде парақша ашып, ауылдың тыныс-тіршілігін көрсете бастадым. Көп жағдайда жас келіншектер ауылдан қашады. Бәрі дайынға үйренген. Сондай-ақ бір байқағаным қазір айналаға, табиғатқа, жан-жануарларға деген мейірім төмендеп кеткендей. Өзім малға жақын, төрт түліктің тілін таба алғандықтан көбі сол қасиетімді қызықтап парақшама кіреді. Алғаш бастаған кезде не түсіретінімді білмей жүрдім. Кейін елдің пікірін біле келе мал шаруашылығынан қашпау керектігін, керісінше оның пайдасы көп екенін көрсете бастадым», - дейді Жанат ханым.

«АУЫЛДА ӘРКІМНІҢ ӨМІРІН АҢДУҒА УАҚЫТЫҢ БОЛМАЙДЫ...»

Ол ауылға келін болып түскен алғашқы кезін есіне алып, өзінің күнделікті жұмысын айтып берді.

«Қалада өскеніммен бала күнімнен жан-жануар, төрт түлікке жақын болдым. Ауылға келін болу мен үшін анау айтқандай қиынға соққан жоқ. Алғаш келін болып түскен кезімде енем 6 сиыр сауатын. Енемді айналшықтап жүріп сиыр саууды да үйрендім. Біздің күніміз өзгелерге қарағанда ертерек басталады. Ерте тұрып, малды жайлап бала-шағаның тамағын беріп, сабаққа жіберемін. Түскі уақытта тездетіп айран, сүт-майымды өңдеп аламын. Оны болғаннан кейін уақыт болса сәл демалып алып, болмаса қайта мал қараймын. Сөйтіп жүріп кеш батады. Кешкі тамақ, мал жайлау сияқты жұмыстарды бітіріп, түнде болдырып ұйқыға жатамыз.

Ауыл деген керемет қой, шіркін. Мал өзіңдікі, тек өзіңе ғана тәуелдісің. Мал шаруашылығының машақатынан көбі қашады бірақ, миың тынық, табиғатпен көбірек байланыста болғанға не жетсін. Ауылда көп нәрсеге бас қатырып, әркімнің өмірін аңдып уақытың кетпейді. Адал жұмысыңды істеп, соның арқасында тамағыңды да адал жейсің. Қазір желіні ашып қалсаңыз жантүршігерлік оқиғалардан көз ашпайтын болдық. Бізде ондай жаңалықтарды көруге де уақыт болмайды. Жағымсыз дүниелерді көрмегеннен кейін адамның көңілі де, өзі де тыныш болады», - дейді ол.

«КРАН АЙДАДЫ...» АНАСЫ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІГІ

«Ана көрген - тон пішер» демекші Жанаттың анасы да шаруаға ерекше икемді кісі болған. Ер мен әйелдің жұмысын талғамаған апамыз біраз жыл бойы кран айдап, жүргізушілік қызмет істеген. Кейіпкеріміз марқұм анасынан үйренгені көп болғанын айтты.

«Менің анамнан үйренгенім көп болды. Ол кісі ер мінезді болатын. Үнемі шындықты бетке айтатын. Сонысымен көпке жақпай қала беретін. Анам теміржолда кран айдады. Техникаға жақын әйелдердің бірі болды. Сол жағынан мен анама ұқсағанмын. Оның үстіне менің жолдасым да техниканың қыр-сырын жақсы біледі. Өзім әйелдің істеген тірлігіне қарағанда даланың жұмысына жақынмын. Үй шаруасын уақытылы істегеніммен кейбір келіншектер секілді әспеттей бермеймін. Ал даланың жұмысына келгенде алдыма жан салмаймын. Машина жөндеу керек болса, жолдасыммен бірге жөндесіп кетемін. Трактор айдап шөп жинасамын. Бақшаны егіп, малға қараймын. Анам өмірден озды. Тірі кезінде «Сен мал шаруашылығының магнаты боласың» деп айтып отырушы еді. Сол сөзі әлі күнге дейін құлағымда қалды», - деп анасын еске алды кейіпкеріміз.

Ол ауыл шаруашылығының маңызына ерекше тоқталып, малдан шығатын табиғи өнімнің қымбаттауына себеп болатын бірнеше факторларды атады. 

«Малды көбейту үшін малға шынымен де жақын болу керек. Бей-жай қарайтын болсаң мал өсіріп шықпайсың. Тілін тауып ауырып тұрғанын сезудің өзі маңызды деп айтар едім. Біз көбіне ірі қара мал өсіреміз.  Қазіргі таңда 13 бас малымыз бар. Табыс көзі де толық малдан келеді. Сүт өнімінен шыққан дүниемен күн көріп отырмыз. Жолдасым денсаулығына байланысты үкіметтің жұмысын істей алмайды. Десе де ол кісі өз тіршілігін жасап, көлік жөндеп, электрик, сварщиктің жұмысын жасайды.

Қазір табиғи сүт өнімдері қымбаттады. Әрине, жем-шөп қымбаттағаннан баға өсіп жатыр. Ауыл шаруашылығын жүргізетіндер көбейсе, бәсекелестік те көбейеді. Сол кезде ғана баға арзандайды деп ойлаймын. Қазір нағыз таза табиғи өнім табу өте қиын. Сондықтан осы саланы дамыту керекпіз. Сиыр өзімдікі болғаннан кейін көбіне бағаны сәл болса да арзандатып сатамын», - дейді Жанат.

Жанат ханым тілшілермен тығыз байланыста. Ол бүгінге дейін бірнеше телеарнаға сұхбат беріп те үлгерген. Білгеніммен бөлісу үшін ақы сұрауға ұяламын деген келіншек қазіргі блогерлердің өткізетін курстары мен шеберлік сабақтары жайында да өз пікірін айтты.

«Қазір байқасаңыз түрлі курстар көбейіп кетті. Қарапайым дүниелерді үйретіп ақша табатын заман болды ғой. Желіде маған қамыр жайып, май шайқаудың әдістерін, ауылдық өмірдің заңдылықтарын үйрететін курс неге жүргізбейсіз деген ұсыныстар көп келеді. Шынымды айтсам біліп тұрған дүниемді үйрету үшін ақша алуға ұяламын. Қазақ әйелдерінің қанына сіңген жұмыс болғандықтан май, құрт істеуді тегін-ақ көрсете беремін.

Шыны керек әлеуметтік желі кәдімгідей уақытты алады. Тұрақты оқырмандарым болғаннан кейін оларға не көрсетемін, қандай пайдалы ақпарат беруге болады деп үнемі ойланып жүремін. Уақытын бөліп қарағаннан кейін пайдалы дүние алса екен деймін. Оның өзі үлкен ізденіс. Адам қаласа кез келген нәрсеге уақыт табады. Сондықтан, менің жасап жүрген контентім күнделікті жұмысыма еш кедергі келтірмейді», - дейді ол.

Қорыта келе Жанат ханым қалалық оқырмандарын жастарды ауылға көбірек барып тұруға шақырды.

«Қалалықтарға төрт қабырғалы пәтерден бір сәт болсын шығыңдар деп айтар едім. Әркімнің ойы, өмір сүру қағидасы әр түрлі бірақ, ауыл біздің қанымызға әбден сіңген. Небір зиялы қауым өкілдері ауылдан шықты. Пәтерде тұратын адам жұмысқа барып келіп, қалған уақытын телефонда өткізеді. Салыстырмалы түрде алар болсақ, мен тек өз контентімді жасап өзгенің өміріне бас қатырмаймын. Себебі маған керек дүние емес. Оған уақытым да жоқ. Миың тынығып, жаман ой ойлап, ұрысуға шамаң болмайды.

Қалалық қыз-келіншектер ауылдың өмірінен алыстамай бір мезгіл баласын әкеліп, еліміздің байырғы тұрмыс-тіршілігімен таныстырса, ол бала кейін өз баласына соны насихаттайды. Сондықтан қалалықтар ауылға келуден қашпаса екен деймін», - деді Жанат Абдалимова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.