$ 504.44  545.65  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Айына 10 мың доллар табамын»: АҚШ-та жүк көлігін жүргізетін қазақ қызымен сұхбат

Ассоль Мұхамеджанова жүк көлігін жүргізеді

«Айына 10 мың доллар табамын»: АҚШ-та жүк көлігін жүргізетін қазақ қызымен сұхбат

АҚШ-та жүктің 70 пайызы жүк көліктері арқылы тасымалданады. Елдегі көлік инфрақұрылымының дамуы мен осы салаға кіретін кірістің көптігі жүк тасымалдау қызметіне деген сұранысты арттырған. Осындай қызмет түрімен қазақ қызы Ассоль Мұхамеджанова айналысып жүр. Оның айтуынша, Америкада ауыр жүк көлігін жүргізу қиын болғанымен табысы өте жоғары. Соңғы бір жылдан бері ол АҚШ-тың түкпір-түкпіріне жүк тасымалдайды.

Azattyq Rýhy тілшісі Ақтөбе тумасымен сұхбаттасып, Америкадағы жұмысы, табыс көзі, жолдағы қиындықтар мен қызықтар жайында сұрап білді.

Ассольдің негізгі мамандығы – инженер-жобалаушы. Америкаға қоныс аударғанына төрт жыл болған отандасымыз аталған жұмысқа қалай орналасқанын, жүк тасушыға қойылатын басты талаптар жөнінде айтты.

«Америка Құрама штаттарында үлкен жүк көліктерін жүргізу арқылы шынымен де жақсы табыс табуға болады. Мені қызықтырғаны да табыс көзі болды. Жұмысқа тұру үшін айтарлықтай қатаң талаптар қойылмайды, тек денсаулығыңыз дұрыс болуы керек. Жүк көлігін жүргізуді арнайы мектепте оқытады. Жол жүру қағидаларын сол жерде толық үйретеді. Кейін күрделі емтихан тапсырып, аталған қызметке орналаса аласыз. Менің ойымша, жүк көлігін жүргізуде ең қиыны – көлікті дұрыс тұрақ орнына қоя білу. Кейде өте кішкентай қоймалар кездеседі, ал тіркемесі бар жүк көлігінің ұзындығы жоқ дегенде 20 метрден асады. Сондықтан тұраққа қою кезінде барынша мұқият болу қажет.

Ұзақ сапар кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс қиындап кететін кездер болады. Бірақ, мұнда жүргізушінің тәулігіне 11 сағаттан артық көлік жүргізбеуі қадағаланады», - дейді Ассоль.

Отандасымызға қазіргі жұмысы өзіне ұнайтынып айтып, жолда болатын қызықтармен бөлісті. Айтуынша, Америкада жүк көлігін жүргізетін қыздарды кездестіру қалыпты жағдай.

«Жұмыс барысында АҚШ-тың түкпір-түкпіріне барамын. Жолда маған ұнайтыны – табиғатты тамашалау. Өзіңіз білесіз, Американың табиғаты сан алуан. Жол үстінде түрлі жан-жануарларды кездестіруге болады. Табиғаттың сұлулығы шаршағаныңды бірден ұмыттырады.

Десе де, жолдың өз қиындығы бар. Әсіресе жауын-шашын, жолдағы жөндеу жұмыстары және қалың тұманда жол жүру қиындайды, бірақ жоғарыда айтқанымдай жолда 11 сағаттан артық болмаймын. Сондықтан демалуға, спортпен шұғылданып, қалағанымша көңіл көтеруге уақыт табамын», - дейді жүргізуші қыз.

Ассоль жүк тасып, айына шамамен 10 мың доллар табады. Теңгеге шаққанда айлық табысы 5 млн теңгені құрайды. Қазақстандағы жүк тасушылардың табысымен тіпті салыстыруға келмейді. Бір қарағанда, қыз балаға мүлде қолайсыз жұмыс көрінгенімен ол жолдың барлық қиындығына еті үйренгенін айтты.

«Әлеуметтік желіде маған жиі қойылатын сұрақтардың басым көпшілігі табыс көзі жайында. Ең алдымен айтқым келетіні, сіз белгілі бір компанияда жалдамалы жүргізуші болып немесе өз көлігіңізбен жеке тасымалдаушы ретінде де жұмыс істей аласыз. Сәйкесінше табатын табысыңыз да әр түрлі болады. Жалпылай алғанда, жүк тасмалдаушы болып өте жақсы табыс табуға мүмкіндік бар.

Кей кездері түнгі уақытта жолға шығамын, сондай сәттерде жақындарым жұмыстың ауырлығын айтып уайымдап жатады. Десе де, олар менің мінезімді жақсы біледі. Өзім де барынша ұқыпты, сақ болуға тырысамын. Әлеуметтік желідегі оқырмандарым менің жүк көлігін айдағанымды көріп, таңғалып жатады. «Үнемі жолда жүруге қорықпайсыз ба, денсаулыққа зиян емес пе?» деген сұрақты жиі естеймін. Айтарым, егер сіз шынымен қаласаңыз, кез-келген жұмысты істеп шығуға болады. Жаратылысымыз нәзік болғанымен бұл өзің қалаған жұмысты істеуге еш кедергі келтірмейді», -  дейді отандасымыз.

Ассоль Лос-Анджелес қаласында күйеуімен бірге құрады. Жолдасымен сол елде танысып, сонда отау құрған. Жігіт те Ассоль секілді АҚШ-қа «бақытты өмір» іздеп барған.

«Жолдасымның ұлты – орыс, бірақ өзі Өзбекстанда туған. Америкада бұрыннан тұрады. Десе де, біздің мәдениетіміз, салт-дәстүрімізді жақсы біледі, түсінеді. Сондықтан елге келіп қонақ болып тұрамыз», - дейді қазақ қызы.

Ассоль Америкада өзі секілді басқа елден келгендерге жұмыс табу оңай екенін айтты. Кейіпкеріміз болашақта дәл осы бағытта жеке кәсібін ашқысы келетінін жеткізді.

«Америкада кез-келген салада жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ең бастысы білім алуға, жаңа дүниені үйренуден қорықпасаңыз болғаны. Бәрі адамның өзіне және қойған мақсатына, жоспарына байланысты. Америкада жалақы өте жақсы төленетін жұмыс – тіс дәрігері. Аталған салада біліміңіз бен тәжірибеңіз болса жұмысты қиналмастан табасыз.

Біреуге таң қаларлық көрінуі мүмкін, бірақ дәл осы жүк тасу қызметін дамып, болашақта жүк тасумен айналысатын өз компаниямды ашқым келеді. Қазір осы бағытта өзімді шыңдап жатырмын.

Шетелде жұмыс істегісі келетін жандар әрдайым виза алуға, студенттік бағдарламаларды іздеуге, үнемі саяхаттауға тырысу керек. Елге әрқашан оралуға болады, бірақ әлемді аралау арқылы жаңа орта, жаңа дос таба аласыз. Баға жетпес тәжірибе жинап, тәуекелге баруды үйренесіз. Өмірдің өзі осындай мүмкіндіктерді пайдаланудан тұрады деп ойлаймын» - дейді Ассоль Мұхамеджанова.

Серіктес жаңалықтары