СҚО-да зейнеткер 89 жастағы анасын балталап өлтірген

Көршілердің айтуынша, қария ұлынан картоп қазуға көмектесуін сұраған

СҚО-да зейнеткер 89 жастағы анасын балталап өлтірген
Фото: © istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысының Благовещенка ауылында тұрмыстық жанжалдың арты қайғылы оқиғамен аяқталды. 66 жастағы зейнеткер өзінің 89 жастағы анасын балтамен ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy HALYQSTAN-ға сілтеме жасап. 

Көршілердің айтуынша, қария ұлынан картоп қазуға көмектесуін сұраған. Көп ұзамай қарт әйелдің соққы іздері бар денесі ұлының үйінің ауласынан табылды. Болжам бойынша, ер адам анасына балтамен соққы жасаған.

Жедел іздестіру шаралары барысында 66 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

«СҚО Благовещенка ауылының 89 жастағы тұрғынын өлтіру дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда», – деп хабарлады өңірлік Полиция департаменті.

Бейресми мәліметтерге сәйкес, ұсталған зейнеткерде бұған дейін де жүйке ауруының белгілері байқалған.