Әкім орынбасары мен тағы 9 қазақстандық шенеунік прокуратура тексерісінен кейін жазаланды

Тексеру кезінде тасымалдаушыларға негізсіз артықшылық беру деректері анықталған

Әкім орынбасары мен тағы 9 қазақстандық шенеунік прокуратура тексерісінен кейін жазаланды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жолаушылар тасымалы саласындағы конкурстарды тексеру қорытындысы бойынша он лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы 4 қыркүйекте Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді.

Ведомство тұрақты облысаралық, қалааралық және ауданішілік бағыттарға қызмет көрсету бойынша өткізілген конкурстардың заңдылығына талдау жүргізген.

«Тексеру бірқатар өңірде конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру кезінде қатысушыларға заңсыз кедергілер жасалып, жекелеген тасымалдаушыларға негізсіз артықшылықтар берілгенін көрсетті. Бұл заңнама талаптары мен адал бәсекелестік қағидаттарын бұзған», – деп атап өтті прокуратура.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша он лауазымды тұлға, оның ішінде облыс әкімінің орынбасары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары жазаланды. Олардың бірқатарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалса, қалған шенеуніктерге сөгіс жарияланды.

Ведомство жолаушылар тасымалы саласындағы заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.