«Қазақстандық Маугли»: қарағандылық Қажымұқан Исатаев көпшілікке жабайы аңдардың тілін тез табатын қасиетімен танымал

Сағыныш Ибрагим

Қажымұқанның жасы 19-да

«Қазақстандық Маугли»: қарағандылық Қажымұқан Исатаев көпшілікке жабайы аңдардың тілін тез табатын қасиетімен танымал

Жабайы жануарларды қолға үйрету ерте дәуірден бастау алғанымен көбі жыртқыш аңның нағыз орны жабайы табиғат екенін айтып, олардың бостандықта болуын алға тартады. Ал, бір жарым жылға жуық хайуанаттар бағында жұмыс істеген Қажымұқан бұл пікірмен мүлде келіспейді. 19 жастағы қарағандылық жігіт бүгінге дейін 6 арыстанды, жабайы мысық, жолбарыс пен маймылдың бірнеше түрін қолға үйреткен. Кішкентайынан жануарларға ерекше икемі бар ол, 17 жасында шартты түрде зообаққа жұмысқа кіреді. Бұрын соңды жыртқыштармен жұмыс істеп көрмесе де олардың тілін тез тапқандықтан хайуанаттар бағының басшылығы кәмелетке толмаған жігітті сынақ мерзімімен жұмысқа алған. Сол кезден бастап өмірім 180 градусқа өзгерді дейді Қажымұқан. Қазір бозбаланың әлеуметтік желідегі парақшасынан алып арыстандармен ойнап жүрген видеоларын көруге болады.

Azattyq Rýhy тілшісі Қажымұқанның өзімен хабарласып, жабайы аңды үйретудегі әдіс-тәсілі, жануар арасындағы достық қарым-қатынас пен зообақтардың негізгі проблемалар жайында сұхбаттасты.

Ол хайуанаттар бағына қалай жұмысқа тұрғанын толық баяндап берді.

«Негізі Қарағанды облысы Теміртау қаласында тұрамын. Қарағанды индустриалдық университетінде оқимын. Кішкентай кезімнен жануарлардың қай түрін болмасын қатты жақсы көретінмін. Үйде бес жылдан бері асыраған тотықұсым да бар.

Бірде досым екеуміз жұмыс іздеп Қарағандыға келдік. Негізі жүк тасушы болып жұмысқа кіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ, қалада қыдырып бірнеше күн жүріп қалдық. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан неге зообақта жұмыс істеп көрмеске деген ой келді. Интернеттен хабарландыру қарап отырып, қаладағы жеке хайуанаттар бағына хабарластым. Ол кезде 17 жаста едім. Олар менің жасымның жетпейтінін айтып, босқа келмеуімді сұрады. Көңіл-күйім әбден түсті. Ол жердегі жануарларды көріп, жұмысқа одан сайын қызыға түстім.

Бірнеше күннен кейін сол зообаққа барып 18 демін деп өтірік айттым. Сыртқы келбетім кәмелетке толған адамға әбден келетін. Сол кездері жануарлар күтушісі жетпей жатса керек, менің құлшынысымды көріп, бастығы сынақ мерзімімен жұмысқа алды. Бірден жануарлармен танысуға бардым. Зообақ қаладағы сауда үйінің бірінде орналасқан болатын. Бір апта сынақ мерзімінен өтіп жүрдім. Кейін карантин басталып сауда үйлерінің жұмысы тоқтады. Мені қоса алғанда зообақтың барлық қызметкері жұмыссыз қалды», - дейді ол.

Хайуанаттар бағы карантинге жабылғанымен Қажымұқан жануарларға баруын, оларға күтім жасауын тоқтатпаған.

«Жұмыс істеген бір апта ішінде оларға қатты бауыр басып қалдым. Досым екеуміз бастығыма келіп, аңдарға бұрынғыша қарай берейік деген өтініш жасадық. Ол кезде зообақтың жағдайы мәз емес еді. Екі ай тегін ақша сұрамастан жануарларды күтіп бақтық. Осылайша, бақты карантиннен шығардық.

Хайуанаттар бағы жекеменшік болғандықтан жеке инвесторымыз болды. Зообақ соның есебінен қаржыланды және жануарлардың барлығы Ресейден әкелінетін. Зообақта жан-жануардың 20-дан астам түрі болды. Оның ішінде: мангуст, меркат, тотықұс, арыстан, жабайы мысық, жолбарыс, жыланның түрлері, маймыл және көптеген экзотикалық жануаралар болды. Карантинге жабылмай тұрып жұмыс күндері зообаққа 50-60 адам келсе, демалыс күндері 200-300-ге дейін келушіні қабылдайтынбыз. Паркке түскен қаражат жануарларды қамтамасыз етуге де, қызметкерлерге де жететін. Біздің зообақтың ерекшелігі, келушілер жабайы аңдармен тікелей байланысқа түсіп, қарым-қатынас жасай алды. Ұстап көріп, суретке түсуге болатын», - дейді студент жігіт.

Ол жабайы аңдармен алғаш қалай танысып, тіл табысқанын айтып берді. Қолға үйреткен бірінші арыстанын «Симба» деп атаған екен.

«Бала кезден жануарларға жақын болғаннан кейін жабайы аңдармен тіл табысу аса қиындық туғызған жоқ. Симбаны күшік кезінен өзіме алдым. Үлкен жауапкершілік керек екен. Балаң сияқты қарым-қатынас жасап, күтуді қажет етеді. Жабайы аңның аты жабайы, барынша қорғану керек деп жатады ғой. Десе де, олармен жұмыс істей келе көзқарасым өзгерді.

Жалпы жануарларға жол табу үшін шынайы болу жеткілікті. Олар қасына келген адамның қандай ниеті, ойы бары екенін бірден сезеді. Сондықтан, шын махаббатыңды көрсетсең ол да дәл солай жауап береді. Біздің зообақтағы жануарларға адамдар кіргендіктен әрқайсысының мінезін толық зерттеп алатынбыз. Соған қарай ыңғайланып, ұнамайтын нәрсесін істемейміз. Келген адамдарға да соны түсіндіреміз», - дейді Қажымұқан.

Оның айтуынша, зообақта туылған жыртқыш аңдар көп жағдайда жабайы табиғатта өмір сүре алмайды. Адамның күтіміне, қамқорлығына әбден үйреніп кетеді екен.

«Көп адам жабайы аңдардың өзіне ыңғайлы табиғатта өмір сүру керектігін айтады. Жануарлар әлемінде «әлеуметтік жануар» деген түсінік бар. Ондай жануарлар өздері зообақта туылып, көбейеді. Оларды босатып жіберсеңіз өмір сүре алмайды. Ата-анасы, одан арғы буындары да зообақта туылғандықтан жабайы табиғатта күн көруге қабілетсіз болып қалады. Бұны көбісі түсіне бермейді. Кез-келген тіршілік иесі тұрған жеріне бейімделеді, сол сияқты жыртқыш аңдар да адамның күтіміне әбден үйренеді. Адамдармен араласа өмір сүреді.

Арыстандарды күніне үш мезгіл тамақтандырамыз. Таңертең 2 келі, түсте 1 жарым, кешке тағы үш келідей ет беремін. Біздегі жануарлар екі, екі жарым жасқа дейін болды. Кейін Ресейге жағдайы жақсырақ қорықтарға жіберіледі. Екі жаста олардың гормондары ойнайды. Көбеюі керек. Сондықтан зообақта ұстау қиын. Менің үйреткен жабайы аңдарымның көбі қазір Беларусь елінде», - дейді ол.

Өкінішке қарай, Қажымұқан жұмыс істеген зообақ карантиннен кейін көп ұзамай жабылып қалған. Ондағы жануарлар қаладағы мемлекеттік хайуанаттар бағына ауыстырылады. Өзі кішкентайынан бағып, үйреткен аңдардан бір мезетте айырылып қалу Қажымұқанға ауыр тиген.

«Біздің зообақ жабылған кезде қатты жылағаным есімде. Екі жылдай жануарларға өмірімді беріп, бауыр басқаннан кейін бір сәтте бәрінен айырылып қалу маған өте қиын тиді. Жабылғаннан кейін алғашқы уақытта барлық жануар Қарағандының мемлекеттік зообағына тапсырылды. Барып, кездесіп тұратынмын. Директорына кіріп, арыстандарға жіберуін жалынып сұрайтынмын. Олар менің жүріп келе жатқанымды алыстан сезеді. Тыпыршып, торға кіргенше тағат таппайды. Оны көріп одан сайын көңілім босайтын. Кейін жыртқыштар Ресейге жіберілді. Осылайша, қимастықпен қоштасуға тура келді», - дейді Қажымұқан.

Маймылды қолға үйрету арыстанды үйреткеннен қиын...

Оның айтуынша, арыстанға қарағанда маймылмен жұмыс істеу әлдеқайда қиынырақ.

«Жануардың кез-келгенін қолға үйретуге болады деп ойлаймын. Ол адамның өзіне байланысты. Мысалы, арыстанға қарағанда маймылдармен жұмыс істеу, қолға үйрету қиын. Маймыл адамды не дос ретінде, не бастық ретінде қабылдайды. Соған қарай қарым-қатынас жасайды. Мені олар көбіне дос ретінде қабылдады. Себебі, мен бұйыру, айтқанымды істетуден бұрын оларды түсінуді бірінші орынға қойдым.

Зообақ қызметкерлері туралы түрлі пікір айтылады. Жануарларды ұрып-соғып, арнайы дәрі егеді деп жатады. Егер біз жануарларға жаман қарайтын болсақ, олар біздің үстімізге секіріп, еркелемейтін еді. Осы күнге дейін қолға үйреткен жыртқыш аңдарымның ешқайсысы бір жеріме зақым келтірген жоқ. Олар табиғатынан өте ебедейсіз болады. Ойнағысы келіп секіріп, еркелеген кездері салмағын көтере алмай құлап қалып жатамын. Оны көрген адамдар қорқып кетуі мүмкін. Сырт көзге бәрі басқаша көрінеді», - деді ол.

Қажымұқанның болашақтағы үлкен арманының бірі – жануарларға арнап қорық ашу.

«Алматы қаласынан жануарларға арнап кішігірім қорық ашқым келеді. Инвестор іздеуді осы бастан бастап кеттім. Қазіргі оқуымды аяқтағаннан кейін мал дәрігері мамандығын оқимын деп отырмын. Болашақта кәсібімді жануарлармен толық байланыстырғым келеді.

Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз жануарларға қатыгездік көрсететін адамдар өте көп. Тіпті көруге жүрегің шыдамайды. Ондай адамдардың басында не болып жатқаны белгісіз. Менің ойымша, мейірім – адамзатқа берілген ең асыл қасиеттердің бірі. Сондықтан, барынша мейірімді болуға ұмтылайық дегім келеді. Мемлекет жануарларға қамқор болуды қолға алғаннан кейін хайуанаттар бағының жұмысын, ондағы жағдайды одан әрі жақсартса екен деймін. Оларға көбірек көңіл бөліну керек», - деп қорытындылады Қажымұқан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.