Арандатушылар жағамыздан алып, көлігімізді қиратты – қаңтар қырғынында әкімдік ғимаратын сөндіруге барған өрт қызметкері
Жауынгер бесінші қаңтар күні басынан өткен оқиғаны есіне алды
Қаңтар қырғынының болғанына күні кеше қырық күн толды. Сол күні оқиғаны көзімен көрген куәгерлердің көпшілігі желіде немесе БАҚ өкілдеріне пікір беруден әлі де қорқады. Оған себеп те жоқ емес. Қандай да бір ақпарат айтатын болсақ, тергеушілер алып кете ме деген күдіктері де бар. Алматыдағы қаңтар қырғыны кезінде кәсіби міндетін атқарушылардың бірі – Айдын Омарханов (ред.аты-жөні өзгертілді) аудандық мамандандырылған өрт сөндіру қызметінің жауынгері.
Қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде кезекшілікте болып, өртке оранған қала әкімдігінің ғимаратын сөндіруге барған. Бүлікшілермен болған оқиғаны ол Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.
«Біз әдетте төрт ауысым бойынша жұмыс істейміз. Бесінші қаңтар күні жаңа жылдық демалыстан кейін алғашқы күн жұмысқа шыққан едім. Содан түскі 13:00 кезінде командирден қалалық әкімдікке бару туралы бұйрық түсті. Біз жедел апат орнына көлігіміз, өрт сөндіру құралдарымен барған едік. Әкімдік ғимаратына жетпей біздің көліктің алдына қолына таяқ, дубинка ұстаған бір топ жігіт тұрып алды. Амал жоқ машинаны тоқтатып едік, көліктен түсу туралы бұйрық берді. Түрлеріне қарасам, біразы ішіп, шегіп алғанға ұқсады. Себебі, бізді жағамыздан жұлқып, көліктен түспестен шабуылдай бастады. Араларында бір жасы үлкендеу жігіт «Жігіттер, көліктеріңмен әрі қарай өте алмайсыңдар. Тірі қалғыларың келсе, бізбен бірге алаңға шығыңдар. Әйтпесе, өздеріңді де, көліктеріңді де өртей саламыз. Мұнда біз тұрғанда бірде-бір өрт сөндіру көлігі де, қызметкері де әкімдікке бармайды. Бұл жердің күлі қалғанша күзетеміз» деді. Сол аралықта 10-15 жігіт көлігіміздің быт-шытын шығарып, шағып тастады. «Көлікке тиіспесеңдерші жігіттер» деген бірнеше жауынгеріміз таяқ астында қалды. Амал жоқ, солардың айтқанын істеп, көлігіміздің қасында кешке дейін тұрдық. Қайтайық десек, олар жібермейді. Кешке қарай дүрбелең қатты болып, у-шу болған кезде алаңнан ақырындап сытылып шықтық», - деді Айдын.
«Алаңда қарапайым халық арасына іріткі салғандардың болғаны анық» дейді ол. Тіпті алаңдағы Тәуелсіздік монументінің артында дастархан жайып, арақ ішкендерді көрген.
«Алаңда жастар арандатушылардың ұранына еріп кетті. Өрімдей 16-17 жастағы қыз-жігіттерді де көзім шалды. Бір-екеуін сөзге тартып едім, қызық үшін жүргендерін айтты. Күндіз бейбіт халық жүрді, бірақ кешке қарай топырлаған арандатушы, түрлері біртүрлі адамдардың саны күрт көбейіп кетті. Ауыздарынан кілең боқтық сөздер мен «аямаңдар, өртеңдер, қиратыңдар, түгін қалдырмаймыз» деген сөздер шығып жатты. Қайтып бара жатқанда алаңдағы ескерткіштің артында арақ ішіп, тамақ жеп отырғандарды көзіміз шалды. Көліктен жәшікпен арақ көтеріп бара жатқан жас жігітті анық байқадым. Әрине, алаңдағаның бәрі «алқаш», «террорист» емес екені анық. Аңқау халық арандатушылардың айтағына еріп, бостан-босқа жапа шегіп кетті. Теледидардан шейіт болғандарды көргенде жүрегім қан жылайды. Көбінде біз сияқты жұмыс барысымен қалаға шыққандар өліп кетті», - деп еске алды ол.
Сол оқиғадан кейін Айдын науқастанып жатқан анам денсаулығын әлсіретіп алды дейді.
«Жаңалықтардан әкімдік өртенгенін естіген ата-анам мен үйге келгенше шыбын жанын шүберекке түйіп отырды. Суықта телефоным бір істеп, бір істемей тұрды. Менің не өлі, не тірі екенімді білмеген анам қатты уайымнан денсаулығын одан арман әлсіретіп, қан қысымы 240-қа көтеріліп кеткен. Киімімізді де ауыстыруға мүмкіндік болмай, үйге сол қан күйімде келгенімде отбасым шулап сала берді. Соғыс дегеннің не екенін сонда түсіндім, біздің кинодан көріп жүргеніміздей оңай дүние емес. Сол күнді ойласам, әлі күнге дейін жүрегім ауырады. Еске алу ауыр... Қаңтарда өлген бауырларымыздың Алла алдынан жарылқасын! Жандары жәнаттан болсын!» - деді ауыр күрсінген кейіпкеріміз.