Алматылық дәрігерлер 83 жастағы қарияның өтінен 497 тас алып шықты
Дәрігерлер соңғы уақытта «өттің тасқа толуы» диагнозымен ауруханаға түсетін адамдар санының күрт көбейгенін айтады
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері 83 жастағы қарияның өтінен 497 дана қиыршық тасты алып тастады,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Дәрігерлер бұл рекордтық көрсеткіш деп отыр. Өйткені, бұған дейін ақ халаттылар науқастың өтінен ең көбі 350 дана қиыршық тас шығарған. Ал бір уыс тасты өтіне «жинаған» қария созылмалы холециститпен ауыратынын үш жыл бұрын білген. Алайда, ауруы мазаламаған соң дәрігерге қаралмай жүре беріпті. Ақыры ауруы асқынып, жүруден қалған ақсақал жедел жәрдем шақырып, шұғыл операция жасатқан.
«Кеше операциядан соң ауырған едім, қазір жақсымын. Осыншама тасты алып жүргеніме сене алар емеспін. Қорқынышты. Жедел- жәрдем арқылы ауруханаға түстім. Қызым көріп ол да қорықты. Өзім 27 жыл автобус жүргізіп, зейнетке шықтым. Суды аз ішетінмін, дұрыс тамақтанбадым. Ол да әсер еткен шығар», -деді аурухана төсегіне таңылған Геннадий Михайлов.
Ал дәрігерлер соңғы уақытта «өттің тасқа толуы» диагнозымен ауруханаға түсетін адамдар санының күрт көбейгенін айтады. Тіпті 15-16 жастағы балалар арасында да осы созылмалы холецистит ауры жиі кездесетін болған. Орталық клиникалық аурханасының дәрігерлері күн сайын кемі үш-төрт адамның өтіне операция жасайды. Тек осы Орталық клиникалық аурухананың өзінде ғана жыл басынан бері 700-ден аса адамның өтіне ота жасалған.
Өті жарылуға шақ қалған қарияға операция жасаған хирург-дәрігер Ардақ Пірәлиевтің айтуынша, өт қабығына жиналған тас өзгеше болады. Сондай-ақ ақ халаттылар, ауру асықанғанда емес, жоспарлы түрде қаралып тұрса бұл дерттен айығудың әлдеқайда жеңіл болатынын да ескертті.
«Өт қабығына тас жиналғанын адамдардың өзі де оңай анықтай алады. Өттегі тас әсіресе, жол жүргенде тез білінеді. Науқастардың ауырсыну сезімі басылмаса онда біз тексеріп, стационарлық ем қабылдатқызамыз. Егер оған да оң динамика болмай, дене қызуы көтеріліп, қан айналымында лейкоциттер ұлғайып жатса біз операция жасаймыз. Өтті арнайы аппаратпен тесу арқылы бір сағаттың ішінде тастарды алып тастаймыз. Мына қарияның өтінен алынған 497 дана тас көзге әдеттегі тас сияқты көрінгенмен, олай емес. Өттегі тастар басқаша болады. Яғни, түрлі пигменттерден түзілген, құрамы майға толы, холестерин көп деген сөз. Оны жоғары температураға қойса еріп кетеді» - деді хирург-дәрігер А.Пірәлиев.
Ал өтіне тас жинаудан рекорд орнатқан қария ертең үйіне қайтпақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы