$ 494.87  520.65  4.91
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.09.2019, 12:53
Кейіпкер

Жетімдер тағдыры: «Тойымыз өткен соң алып кетеміз...»

«Көкек аналардың бәрі жастар емес, жасамыстары да бар» дейді бүгінгі кейіпкеріміз

Жетімдер тағдыры: «Тойымыз өткен соң алып кетеміз...»

Айналамыздағы әр адам кейіпкер. Қарапайым көше сыпырушыдан бастап үлкен мінберден сөйлейтін танымал тұлғаларға дейін. Бәрінің айтар сөзі, жеткізер ойы, өз миссиясы бар. «Кейіпкер» айдарында қарапайым тағдырлар мен олардың қоғамдағы алып жүрген үлкен жүгі туралы айтатын боламыз. Бүгінгі кейіпкеріміз Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған балалар үйі директорының емдеу-алдын алу жұмыстары бойынша орынбасары Анаргүл Смағұлова туралы.

Мың баланың анасы

Ол 23 жыл ғұмырын балалар үйінде өткізді. Әлі де сонда. «Бұл жерге келгенде жап-жас қыз едім. Ә дегеннен бірнеше баланың анасы атанып шыға келдім. Қазір орта есеппен менің мың балам бар» деп бастады әңгімесін Анаргүл Смағұлова. Кейіпкеріміз балалар үйіндегі тәжірибесі мен тастанды баланың психологиясы туралы айтып берді.

«Бұл мекемеге келгенде өрімдей жас едім. 96 жылы мединституттан соң Ақмола облысына қарасты бір ауылға баруым керек-тін. Бірақ, сол жылдардағы дағдарысты мен айтпай-ақ білесіздер, ауыл тұрмақ қаланың жағдайы мәз емес. Қысқасы, балалар үйінен бір-ақ шықтым», - деді Анаргүл Смағұлова.

Айтуынша, алғашқы жылдары өте қиын болған. Балалардың ішетін тамағы құнарсыз, ал дәрі-дәрмек жетпейтін.

«Сол кезде қалада жаңадан ашылған дәріханаларға хат жазып, дәрі-дәрмек сұрайтын едік. Қазір халық «Гиппократ» деп атап кеткен №37 дәріхана ашылғанда соған барып, «балаларға керек» деп екі қорап дәрі көтеріп келгенім есімде.  Бүлдіршіндер жиі ауыратын. Мемлекет берген дәрі бәріне жете бермейді. Соған қарамастан, тастанды әр баланы бағып, өсірдік», - деп әңгімесін жалғады.  

Бұл мекемеде тастанды балалар төрт жасқа дейін тәрбиеленеді. Осы жылдар ішінде қанша бала келіп, қаншасы кеткені есімде жоқ. Орта есеппен жүз бала келіп кетеді. Кетеді дегенде, бірі жаңа отбасыға, енді бірі жасы келгенде жетімдер үйіне, тағы бір бөлігі – ерекше қажеттілігі бар (мүгедек) балаларды оңалту орталығына жіберіледі.  

Бір үйдің балалары

Бұрын балалар үйіндегі тәрбиеленушілер бірнеше топқа бөлінетін. Науқастары бір бөлек, сау балалар бір бөлек тәрбиеленетін. Соңғы екі жылда «Үйдегі күтім» жобасы жүзеге асырылып жатыр, сол жоба аясында әр жастағы сау балалар мен мүгедек балалар бір топта тәрбиелене бастады.

«Әр топта 6 баладан. Тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. Сау бүлдіршіндер топтағы науқас балаларға қарайласып, қамқорлық таныта бастады. Кішкентайынан мүмкіндігі шектеулі балалардың барын көріп, оларға деген көзқарастарын өзгертті. Бұрын сау балалар мүгедектерді көргенде жақындауға қорқатын. Қазір басқаша. Ерекше балалармен бірге тамақтанады, жыласа жұбатып, бірге ойнайды. Мүгедек балалар тез оңала бастады. Даун синдромына шалдыққан бүлдіршіндер бұрын кеш жүретін, қазір 1,5 жастан бастап тәй-тәйлап кетеді», - дейді дәрігер.

Балалар үйіндегі бүлдіршіндердің 30 пайызға жуығы ерекше күтімді қажет ететін, яғни мүгедек балалар.

«Ешкімді сөкпейміз. Бас тартамын деп әкеліп тұрса сөйлесеміз, райынан қайтаруға тырысамыз. Қайбір жылы шешесі тастап кеткен мүгедек қызға 2-3 рет ота жасап емдедік. Баласының сауыққанын көрген анасы келіп қайта алып кетті». 

Шетелдік асырап алушылардың артықшылығы

1999 жылдан бастап қазақстандық балаларды шетелдіктер асырап ала бастады. Бұл мекемедегі балалардың біразы Америка, Франция, Канада, Бельгия, Испанияға кетті. Кеткен бүлдіршіндердің көбі мүгедек.

«Себебі, шетелдіктер баланың ақыл-ойының жетілуіне мән береді. Интеллекті сақталған сәби болса жеткілікті. Әрі қарай өздері оны емдетіп, сауықтыру үшін барын салады. Қазақстандық асырап алушылардан айырмашылығы сол. Әрі ешқашан баланың шыққан тегін жасырмайды. «Биологиялық ата-анаң» емеспіз деп ашып айтады. Өздері баласын ертіп әкеліп, «осы жерден алдық» деп көрсетеді. Ал қазақтар керісінше, оны жасыруға тырысады», - деп қосты.

Биыл шетелге кеткен 9 бала өздері «түлеп ұшқан» үйіне келіп кеткен екен.

«1998 жылы Әлия деген қызымызды америкалық жұп алып кетті. Жүрегі ауыратын, жағдайы өте ауыр еді. Адам болып кетуі екіталай болатын. Елімізде оларды ешкім алғысы келмеді. Үш жасында Америкаға кетті. Сол қызымыз 2018 жылы елге келді. Шешесі қызын бермеген үйірме қалмаған. Бірақ, қыз ат спортына жақын болып, ақыры өздері тұратын штаттағы әйгілі ат спортынан чемпион атанды. Атқа міну қазақтың қанында бар ғой, тек жібермейді деген осы екен», - дейді тәрбиеші.

«Тойымыз өткен соң алып кетеміз...»

«Бірде жас қыз бен жігіт келді. Астанада бірге тұрып, кішкентайлы болған. Ауылдағы ата-аналары баланың барын білмейді. Тойға дайындалып жатқан екеуі баланы қайда жіберерін білмей «Той өткен соң алып кетеміз ғой» деп келіп тұр», - деді Анар Смағұлова.

Көкек аналардың арасында жасамыстары да кездеседі. 2-3 баласы бар, жасы қырыққа тақаған әйелдер де бар.

«Көбінесе оңтүстік өңірдің қыздары келеді. Ата-аналары білмейді, айтуға қорқады. Әр жерде көшіп-қонып жүрген соң, тұратын жері де жоқ. Үйдегілері біліп қойса, бас тартады. Шарасыздықтан бізден келіп көмек сұрайды. 21 ғасырда жастар сауатты ғой деп ойлаушы едім. Бірақ жауапсыз әрекеттеріне қарап, не айтарыңды білмейсің... Тастап кеткен соң «Менің баламды кім асырап алды» деп сұрап келетіндер бар. Ондағысы жақсы отбасыға барды ма деген сұраққа жауап алу. Әрине, оларды да түсінуге болады».

Тастанды балалардың психологиясы өзгерген.

«Бұрын тастанды балалар мекемеге келген адамдарға ұмтылып, «сіз мені әкетуге келдіңіз бе?» деп сұрайтын. Ондағысы осы жерден тезірек кету. Берген тамақты талғамай жей беретін. Соңғы жылдары өзгерді. Қазір бөтен адамға жоламайды, тамақты ұнатпаса аузына алмайды. Құдды бір үйде, әке-шешесінің жанында өсіп жатқан шолжаң балалардай. Үйдің балалары сәл еркелеу, талғампаз келеді ғой», - дейді дәрігер. 

Анаргүл Смағұловаға қаладағы медициналық ұйымдардан ұсыныс түскен. Жалақысы да жақсы, жұмыс кестесі де ыңғайлы.

«Ақшасына бола кетіп қалуыма болатын еді. Бірақ, балаларымды қимадым. Қараусыз қалдыруға жүрегім дауаламайды. Өзімнің жалғыз балам бар. Жұмыстағы балаларды жиі айтып, соларға көп көңіл бөліп кетсем, «сенің балаң мен бе, әлде олар ма?» деп ренжіп қалатын. 23 жыл бұрын алғаш келгенімде, уақытша қызмет істеп, басқа жаққа ауысып кетермін деп ойлағам. Алайда, мұнда бір келген адам оңайлықпен кете алмайды екен», - дейді «мың баланың анасы».

Балалар үйінің ауласында бақ бар. Сол бақта бір кездері Анаргүлдің өз қолымен отырғызған ағаштары жеміс бере бастапты. 

«Құдды «менің балаларым» сияқты, олардың алды отбасын құрып, сәби сүйді. Қазір немерелерім бар. Кейбірімен араласып, қуаныш-қайғыларын бөлісіп тұрамын. Өздері іздеп жатады. Хабарсыз кетсе өзім іздей бастаймын», - деп түйіндеді сөзін кейіпкеріміз.

Айнұр Шошаева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары