$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.10.2019, 10:23
Кейіпкер

Тәрбиеші болу тек әйелдің ісі емес

Еңбек жолын балабақшадан бастап, тәрбиешілікті өмірлік кәсібіне айналдырған Петропавл тұрғыны Ерболат Жантасовпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді

Тәрбиеші болу тек әйелдің ісі емес

Қазақстан мектептерінде жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің 80 пайызы әйелдер. Ал балабақшаларда болашақ ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жүрген жігіттер некен саяқ. Жұртшылықтың ер тәрбиешілерді көргенде тіксіне қарайтыны да рас. Кейбірі балаларын ер тәрбиешіге бергісі келмей жатады. Осы тектес қиындықтардан өтіп, бес жыл балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген азаматтың бірі - Ерболат Жантасов. 

Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжді тамамдап, қаладан жұмыс таппаған жас маман ауылға кетуге мәжбүр болады. Оның бір себебі, жұмыс берушілердің барлығы дерлік жоғары оқу орнының дипломын сұраса, екіншіден, балабақшаға ер жігітті ешкім алғысы келмеген. Ата-анасы ауылда тұрғандықтан Ерболат көп ойланбай туғандарының жанына – Петерфельдке кетіп қалады. Өзінің еңбек өтілінің жоқтығын ескерген жас маман кез-келген жұмысқа дайын еді. Қуанышына орай, ауылдағы «Ақ бота» балабақшасында қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметінде еңбек жолын бастайды. Жоғары білімі, еңбек өтілі жоқ жас маманның қолына тиген алғашқы жалақысы небәрі 12 мың теңге еді. Сондықтан қосымша жұмыс сұрайды.

 «Балабақшада тәрбиешісінің орны бос екен. Меңгеруші маған осы жұмысты ұсынды. Мен ойланбай-ақ келістім. Себебі өзім жұмыс талғамайтын адаммын. Басында біраз қиындықтар болғаны рас. Бірінші кезекте ата-аналар маған үрке қарайтын. Тіпті әйелдің жұмысын істеп жүрсің деп сөгетіндер де болды. Уақыт өте келе барлығының пікірі өзгерді. Менің өз міндетімді жоғары деңгейде атқарып жүргеніме көзі жеткен ата-аналар балаларын сеніммен әкеліп қолыма тапсыратын күнге жетті. Тәрбиеші қызметіне жаңа кіріскен күндер еді. Далада топпен бірге серуендеп жүрдік. Баласын алып кетуге келген ата-аналардың бірі «Сіз бұл жерде не істеп жүрсіз? Тәрбиеші қайда?» деп ашу шақырғаны есіме түссе, езуіме күлкі үйіріледі. Әлгі адам тәрбиеші екенімді айтқанда көпке дейін сенбеді»,–  дейді Ерболат Серікұлы.

Жас маман Петропавл қаласында да, өзі қызмет еткен ауылда да бүгінге дейін өзінен басқа тәрбиеші жігітті кездестірмегенін айтады. Ер-азаматтардың бұл салаға бармауының басты себептерінің бірі – жалақының аздығы болса, екіншіден, қоғамда «тәрбиеші қызметін тек қана әйелдер атқаруы тиіс» деп қалыптасып қалған жаңсақ қағида тағы бар.

«Бала тәрбиесіне, ең алдымен, ата-ана, кейін балабақша тәрбиешілері, мектеп ұстаздары жауапты. Ана сәбиіне кішіпейілділік, әдептілік, қайырымдылықты үйретсе, әке өмірдің қиындықтарын мойымай көтеретін табандылықты, сабырлылықты санасына сіңіреді. Осындай тәрбиені ата-ана баласына бірдей беретін болса, жас ұрпақ өмірге бейім болып өседі. Ер адамдардың көбі жұмысбасты. Сондықтан да бала тәрбиесімен аналар көбірек айналысады. Мектепте де оқушыларға сабақ беріп жүрген мұғалімдердің басым көпшілігі – әйелдер. Бұл баланың мінез-құлқына кері әсер етеді, қыз мінезді жігіттердің көбеюуі соның кесірі. Сондықтан, бала тәрбиесінде ер адам беретін тәрбиенің рөлі зор», – дейді психолог Ақсәулеш Оразбаева.

Ер адамдардың арасында білім беру және бала тәрбиесіндегі жұмыста кездесетін кедергілерге шыдамай, қызметін тастап кететін жастар қаншама? Ерболат Серікұлы болса, керісінше, түрлі қиындықтарға мойымай шыңдала түскенін айтады. Топтағы 25 баланың көңілін тауып, ата-аналарымен жақсы қарым-қатынас орната білу – нағыз маманның ғана қолынан келетін іс. Кейбір таныстары мен туған-туыстары «әйелдің шаруасын істеп жүрсің» деп сөккен кезде, жұмысты тастап кетсем деп оқталған сәттері де болған. Бірақ сүйікті кәсібінен қол үзгісі келмеген ол ондай пікірлерге ренжімей, өз ісін жалғастыра берген. Ерболат Серікұлы ауылдағы балабақшада бес жыл бойы үздіксіз жұмыс істеді. Тек 2017 жылы Петропавл қаласына қоныс аударуды ұйғарған. Жұмысын шаһардағы «Батыр» атты балабақшада жалғастырып, бір жылдан кейін, яғни былтыр күзде жас маман облыс орталығындағы «Балауса» балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ер-азамат тізгінін ұстаған ұжым істі ұршықша үйіріп әкеткен.

«Мен қандай жұмыс болса да мынау ер адамдікі, мынау әйелдің шаруасы деп бөлген емеспін. Әсіресе бала тәрбиесінде. Қазір ажырасқан отбасылар көп. Тек қана анасының тәлімін алған балалардың мінезі ерекшеленіп тұрады. Мен топтарға барып, балалармен сөйлескеннің өзінде олар менің сөздерімді басқаша қабылдайды. Сондықтан осы салаға ер-азаматтарды тартсақ, ұтарымыз көп болар еді. Ол үшін тәрбиешілердің еңбекақысын көтеру керек», – дейді Ерболат Жантасов.

Ерболат Жантасов басқаратын мектепке дейінгі білім беру мекемесі шағын ғана ғимаратта орналасқан. Небәрі төрт топ қана бар. Барлығы мемлекеттік тілде тәрбие береді. Балабақшада шахмат, би, асық ату, ағылшын тілі сынды қызықты үйірмелер жүргізіледі.  Тәрбиеленушілері қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Асық ату» жарысынын және шахмат сайысынан бірнеше рет бас жүлде әкеліп, ұжым мен ата-аналарды қуантыпты. Балабақшаны басқарудағы және тәрбие саласына жаңалықтар енгізудегі жас маманның талпынысына сүйсінген өзге ұлт өкілдері де балаларын тек қазақша тәрбие беретін бөбекжайға бере бастаған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #балабақша