«Алғашқы ота сәтсіз болды». Елена Рагузова барби кейіпіне қалай енгенін айтты
Ол бүгінге дейін төрт ота жасатып, төрт миллионға жуық ақша жұмсаған
Пластикалық хирургияның қолжетімділігі келбетін қалауынша өзгертетіндердің санын арттырды. Тіпті, мұндай үрдік Қазақстанда да белең алды. Бірі түрін сүйікті әртісіне ұқсатса, енді бірі өзінен қуыршақ жасай алады. Сырт-келбетін толықтай өзгерткен қазақстандық қыздардың қатарында Ақсай қаласының тұрғыны - Елена Рагузова бар. Батыс Қазақстан облысында туған Елена өзінен барби жасау үшін төрт ота жасатқан және бұл соңы емес. Алдағы уақытта жас қыз денесіне чип салдыруды жоспарлап отыр.
Azattyq Rýhy тілшісі әлеуметтік желіде көптің талқысына түскен Еленамен байланысқа шығып, жасатқан отасы, оның денсаулыққа әсері және барби болғалы өмірі қалай өзгергені жайында сұрап білді.
Еленаға барби боламын деген ой жасөспірім шағында келген. 22 жастағы қыз бұл қадамға еліктеушілікпен барғанын айтады.
«Алғаш бұл ойдың келуіне себеп болған және шабыттандырған Валерия Лукьянова болды. Ол өзің сырт келбетін адам танымастай әдемі етіп өзгерткен барби қыздардың бір. Мен оның суреттерін көрген сайын қызығатынмын. Оның үстіне 15-16 жасымда әлеуметтік желіде көбі қуыршаққа ұқсайтынымды жазатын. Осылайша, неге шынымен қуршақ болмасқа деген ой келді. Мектеп бітіргеннен кейін шашымның түсін өзгертіп, ашық түсті бояумен боянып жүрдім. Кейін мұрнымды өзгерттім. Мұрнымның пішіні өзіме мүлде ұнамайтын. Ұнамағаны соншалық, тіпті суретке түспейтінмін. Ота жасатуға деген қорқыныш мүлде болған жоқ. Батыл қадамға барып алғаш рет пластикалық хирургияның көмегіне жүгіндім. Ринопластика жасаттым», - дейді Елена.
Десе де, алғашқы жасатқан отасы сәтсіз балып, ол бір өлімнен аман қалған.
«Мұрынымды қайта істетуге тура келді. Сәтсіздіктер болғанымен өзім қалаған нәтижеге жетіп келемін. Алдағы уақытта тағы үш ота жасауды жоспарлап отырмын. Әзірге не өзгертетінімді жариялағым келмейді. Уақыты келгенде көрсетемін», - дейді ол.
Фотосурет: Еленаның пластикалық хирургияға жүгінгенге дейінгі түр-келбеті
Алғашқы отадан кейінгі жарты жылда Елена төсін үлкейтіп, белін кішірейту үшін бірден екі қабырғасын алдырып тасаған. Айтуынша, отаның бәрі Қазақстанда жасалыпты. Барби қыз отаның ақшасы емес, нәтижесі маңыздырақ екенінін айтады.
«Осы күнге дейін сырт-келбетімді өзгертуге қанша ақша жұмсағаным есімде жоқ. Орташа алғанда төрт миллиондай ақша кетті. Ақшадан бұрын нәтижеге қатты мән беремін. Жақында құлағымның пішінін өзгертіп, эльф құлақтарын жасаттым. Алда тағы бірнеше ота күтіп тұр.
Қазір түрлі сән үйлерімен жұмыс істеймін. Оның үстіне әйелдер киімінің кескінін салумен, дизайнерлікпен айналысамын және медитация жүргіземін», - дейді кейіпкеріміз.
Ол өзін тек Қазақстан халқы емес, күллі әлем танығанын қалайды. Айтуынша, оның барлық ой медитация жасау арқылы келеді. Шектеу тек санада, дейді қуыршақ қыз.
«Сырт-келбетімді өзгертумен қатар денеме чип салуды көптен бері жоспарлап жүрмін. Уақыт бір орында тұрмайды. Технология күн өткен сайын дамып келеді. Бұл адамдардың қолынан түрлі дүние жасау келетінін көрсетеді. Чип орнату қазірдің өзінде Америка мен Қытайда үйреншікті құбылысқа айналды. Әрине, құлаққа түрпідей естілгенін шығар, дегенмен, өзің жайлы барлық ақпаратты кішкентай чипке көшіруге болады. Чипті қолыма орнатамын. Оны денеңе орнату арқылы өзіңмен бірге қаптаған құжаттар мен банк карталарын сүйретіп жүрмейсің.
Адамдар өзгерістен қорқады. Көптеген қызмет салаларын роботтар алмастырады деп алаңдайды. Бірақ, өздері робот сияқты өмір сүреді. Біздің бәріміздің басымызда бір ғана бағдарлама бар. Ол: оқу, жұмыс істеу, отбасын құру, ұрпақ жалғастыру. Егер қоғамның стандарттарынан шығып кетсеңіз, бәрі сізді біртүрлі адам санайды. Өзім қоғамның пікірімен өмір сүргім келмейді. Өз өмірімді қалауымша сүремін», - дейді Елена.
Ол өзі туралы барлық дерек жазылған чипті денесіне келесі жылдың басында қойдыруды жоспарлап отыр. Ақсайлық қыз барби образы өмірін қалай өзгерткенін айтып берді.
«Қазір мүлде басқа адаммын. Бұрынғы өзіне сенімсіз Еленадан ештеңе қалған жоқ. Өмірге қайта келгендеймін. Мен үшін бұрын арман болған, қолжетпес көрінген дүниелер қазір шындығыма айналды. Мұның бәрі пластикалық хирургияның арқасы. Өзіңнің көңілің толмайтын тұстарыңды қалауыңша өзгертудің еш айыбы жоқ деп санаймын.
Менің образыма жағымсыз пікір айтатындар өте көп. Десе де, оның бәрін көңілге алмауға тырысамын. Бастысы ата-анам мені толық қолдайды. Әкем керісінше, өзгелерге ұқсамай, қалауымды қорықпастан орындайтын мінезімді жақсы көреді. Сондықтан, отбасым мен достарым менің әр қадамыма қолдау көрсетеді», - дейді қуыршақ қыз.
Барби болғанына еш өкінбейтінін айтқан Елена кітап жазып жатқанын айтып, болашақтағы жоспарымен бөлісті.
«Киноға түсу - арманым. Медитация жөнінде кітап жазып жатырмын. Кітапты аяқтап, мен секілді өзгерістен қорықпайтын жандарға жаңа мүмкіндік ашқым келеді. Сонымен қатар жұлдыздар әлемін зерттеуді қолға алмақшымын. Өзім саяхаттағанды жақсы көремін. Трансильваниядағы қуыршақтар аралына бару менің арманым және Қытайдағы робототехника көрмесін көргім келеді. Бұдан басқа да көптеген жоспарым бар. Уақыт өте бәрін орындайтыныма сенімдімін. Мен жәй ғана барби емес, болашақтың барбимін. Өз-өзімді әлі де жетілдіре беремін», - дейді Елена Рагузова.
Айта кетейік, бұған дейін көпшілік барбиға теңеген қазақ қызы Динара Рахымбаеваның образы қоғамда дау тудырған болатын. Бүгінде оның қуыршақ образын қайталап жатқан жас қыздар көбейді.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан