Жапониядағы пандемия, қазақ-жапон ұқсастығы жайлы Токиода тұратын Еркежанмен сұхбат
Ол екі жылдан бері жолдасы екеуі Токио қаласында тұрады
Еркежан Қаратаеваның Жапонияда тұрып жатқанына екі жылдан асты. Отандасымыз жолдасының жұмыс бабымен 2019 жылы Токио қаласына көшіп келген. IT саласының маманы Жапонияда мамандығын жетілдіріп жатқанын айтады. Ол жергілікті халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, жапон елінің мәдениеті туралы арнайы жазбаларымен оқырман арасында танымал.
Azattyq Rýhy тілшісімен аз-кем сұхбат құрған Еркежан жапондардың мәдениеті, технологиясы, әдет-ғұрпы жайында әңгімелеп берді. Олардың қазақтармен ұқсастығына да тоқталды.
Еркежан басында өмір сүру қиын көрінген қалаға әбден үйренгенін айтады. Ондағы тұрғындардың еңбекқорлығы мен сыпайылығын сөзбен айтып жеткізе алмайтынын жеткізді.
«Өзім Алматы қаласында туып өстім. IT маманымын. Университетті бітірген соң маркетинг бағыты бойынша жұмыс істедім. Жапонияға 2019 жылдың ақпан айында келдік. Әзірге, қанша уақытқа қалатынымыз белгісіз. Жолдасымның жұмысы, өзімнің оқуым бар. Әзірге осындамыз.
Өзге елге келгеннен кейін сол елдің мәдениеті, күнделікті тіршілігін бақылау мен үшін өте қызық болды. Instagram желісіне түрлі жазба жариялай бастадым. Менің жазбаларым көпшілікті қызықтырып, қазақтілді оқырманым көбейді. Басында өзімнің таныстарыма, достарыма бөлістім. Қазір, оқырмандарым әр жазбамды қалт жібермей оқып отырады», - дейді Еркежан.
Кейіпкеріміз Жапонияға алғаш келген сәтін еске алды.
«Шыны керек, алғашқыда біртүрлі болдым. Жат ел, тілі мен діні мүлде басқа адамдар. Оның үстіне үйге деген, ата-ана, достарыма деген сағыныш болды. Бірақ, халқының сыпайылығы, әдептілігі мен тәртіптілігі мені ерекше таңғалдырды. Адамдары өте тыныш. Жапон менталитеті маған жаңа бір дүние болды.
Қиындық көбіне тіл жағынан туындады. Алғаш келген сәтте жапон тілінен мүлде бейхабар едім. Тұратын баспана іздеу, құжаттарды жасау, түрлі мәселелерді шешу үшін тіл білмей қиналдық. Десе де, адамдар барынша түсініп, көмектесуге тырысты. Қазір бәрі жақсы, жергілікті тұрғындармен еркін тіл табысамыз», - дейді ол.
Еркежан үшін жапон тілін толық меңгеруге бір жарым жыл уақыт кеткен. Тілді меңгеру қиынға соққанымен, қазақ тіліне ортақ ұқсастықтар барын айтады.
«Тіл меңгеруді бірден бастаған жоқпын. Қайтадан елге оралуымыз мүмкін деген ойда болдық. Мұнда тұру қиын көрінді. Тілді бір жарым жылдай оқыдым. Көбіне үйде отырып, өз бетіммен үйрендім. Алғашында тегін курстарға барып жүрдім. Кейін пандемия басталып кеткен соң курстардың барлығы жабылып қалды. Жапон тілін үйренудегі басты қиындық - қытай жазуы. Мысалы, күнделікті жапон тілін түсіну үшін, мыңнан аса қытай жазбасын оқу керек. Жергілікті тұрғындардың арасында жүрген соң адамдарды тыңдап, тілді меңгеріп кетуге болады. Ең қиыны - жазу.
Жапон тілі мен қазақ тілінің ұқсас тұсы - граматикасы. Сөйлемнің құрылымы бірдей. Жапон тілінде де баяндауыш сөйлемнің соңында келіп, іс-қимылды білдіреді. Ең басында оқып үйреніп жатқан кезде аталған ұқсастықтың көп көмегі тиді. Не туралы оқып отырғаныңды сөйлем құрылымынан түсінуге болады», - дейді Еркежан.
ЖАПОНДАР - ҚАЗАҚТАР СИЯҚТЫ ДӘСТҮРШІЛ ХАЛЫҚ
Айтуынша, жапон елінің дәстүрі мен мәдениетінде қазақтарға ұқсас тұстар көп. Ол жапондықтар жиі тойлайтын мерекелерге тоқталды.
«Жапондықтардың мәдениеті, тұрмысы туралы көп нәрсе айтуға болады. Маған ұнайтыны - олар салт-дәстүрін өте қатты сыйлайды. Қанша технологиясы дамыған ел болса да, өз дәстүрін қатты ұстанады. Оны заманға сай өзгеруге мүлде тырыспайды. Мысалы, дәстүрлі дінге байланысты Matsuri деген фестиваль көп өтеді. Ол жапондардың «синтоизм» (табиғат пен ата-бабаға табыну) сеніміне байланысты өткізіледі. Үшінші наурыз күні қыздарға арналған Hinamatsuri тойланады. Ол күні үйінде қызы бар әр ата-ана баласының болашағы жарқын болсын деген тілек тіліп, дәстүрлі тағамдарын әзірлеп, қыздарын құттықтайды.
Кез-келген мереке дәстүрге, не дінге негізделген. Мереке уақытында тұрғындар кимоно немесе юкатэ (кимононың жеңіл түрі) киіп шығады. Мысалы, Жапонияда 20 жасқа толу кәмелетке толу болып есептеледі. 20 жасқа толған қыздар мен ұлдар белгілі бір күні дәстүрлі киім киіп, көшеге шығып, өздерінің кәмелетке толғанын көпшілікке көрсетеді. Олардан жақсы игі тілек естіп, батасын алады.
Жапондар біз сияқты дәстүршіл халық. Бір қызығы, біздің мәдениетімізде әдетте үйдің кішісі ата-ананың қолында қалады. Жапония да дәл сондай түсінік бар. Бірақ, ата-анасын кіші баласы емес, үйдің үлкені бағады. Жалпы, Азия елдеріне тән тағы бір ұқсастық - ол сыйластық, үлкенге құрмет көрсету. Жапонияда үлкендерге деген құрмет өте жоғары», - дейді отандасымыз.
Еркежан Жапониядағы ғимараттар ауа райының өзгешелігіне байланысты әр өңірде әртүрлі салынатынын айтады. Күн суық аймақтардың ғимараты суыққа төзімді етіп салынады.
«Жапонияның жан-жағы арал болғандықтан жазда өте ыстық - әрі ылғал. Судың бәрі буға айналып, қатты ылғалды болады. Суық жерлердің архитектурасы басқа. Суыққа шыдайтын үйлер салынады. Бұл қаладағы температураға байланысты. Мысалы, Токиода ондай үйлер жоқ, себебі күн суық болмайды. Температура нөлден төмен түспейді. Қыста ауа өте құрғақ. Үйді ылғалдандырып отыру керек. Сондай-ақ жаңбыр жиі жауады. Бірақ, Қазақстандағыдай күн қатты суытпайды. Өзімнің тұжырымым бойынша, жапондар үшін қолайсыз мезгіл - жаз айы», - дейді ол.
Жапонияға жұмыс істеуге Азия елдерінен адам көп келеді. Отандасымыз шетелдіктер істейтін жұмыс түрлері мен ол жақтағы еңбек тәртібін айтып берді.
«Жапонияда жұмыс істеу өзге елден келген кез-келген адамға қиын. Тілді жетік меңгерумен қатар, өзің айналысатын мамандықты толық білуге міндеттісің. Мысалы, ағылшын тілін білетін шетелдіктер сол тілден сабақ беруі мүмкін. IT маманына тәжірибесі көп болса ғана жұмыс табылады. Басқа мамандықтармен жұмыс істеу өте қиын. Қазақстаннан Жапонияға келетін адамдар көп емес. Жапонияда қарттар көп болғандықтан, шетелдіктерге қарттар үйінде көмекші болып жұмыс істеуге мүмкіндік көп», - дейді Еркежан.
«КОНСЕРВІГЕ ЖЫЛҚЫ ЕТІН САЛЫП ЖІБЕРГЕН КЕЗДЕР БОЛДЫ»
Қазы-қарта, жал-жая жеп үйренген Еркежан елін сағынғанда өзін қалай жұбататынын айтты.
«Наурыз кезінде сиырдың етін сатып алып, наурыз көже жасап тойлаймыз. Кей кездері ата-анамыз үйдің дәмін жіберіп тұрады. Консервіге жылқының етін салып жіберген кездер болды. Жалпы, ет жіберуге мүлде болмайды. Көбіне ұлттық тағамдарды үйде дайындауға тырысамын. Қазір, елді қатты сағынып жүрмін. Себебі, коронавирус басталғалы шыға алмай қалдық. Егер барып тұратын мүмкіндік болғанда, жеңілірек болар еді. Десе де, телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Коронавирус жағдайының жақсарғанын асыға күтіп отырмын. Бәрі жақсы болса Қазақстанға барып келу басты жоспарымда.
Жапонияға келгелі уақытылы жүруді үйрендім. Кешігіп баруға болмайды. Бір жерге бару үшін жолға қанша уақыт кететінін алдын-ала жоспарлау керек. Сондай-ақ сабырлы болуды үйрендім. Қалада адам көп болғаннан кейін, тиісінше кезек те ұзын-сонар. Қаншама уақытыңды күтуге жұмсайсың. Жапондардың өзі мұндай сәттерде еш дауласпайды. Ұзын-сонар кезекте қанша уақыт болсын тұра береді. Біз де көппен бірге кезек күтіп үйеніп келеміз. Жапонияда баратын жер көп. Қайда барсаң да, қызықты ақпарат алып, қызықты тағам жеп келуге болады. Сонысы маған қатты ұнайды. Ішкі туризм өте жақсы дамыған», - дейді Еркежан Қаратаева.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан