$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.04.2021, 12:50
Кейіпкер

Ғашықтар күні: Петропавлдағы өнерлі жұп - Жалғасбаевтар мен Асқаровтар туралы

15 сәуір – Қазақстанда «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» күні

Ғашықтар күні: Петропавлдағы өнерлі жұп - Жалғасбаевтар мен Асқаровтар туралы
Коллаж

Ғашықтар күні қарсаңында өмірде де, өнерде де қол ұстасып, берекелі отбасы құрған Петропавлдағы Жалғасбаевтар мен Асқаровтар туралы айтпақпыз.

2000 жылы Солтүстік Қазақстан облысында тұңғыш рет қазақ театры ашылды. Сол кезде ұлттық өнер мен мемлекеттік тіл кенжелеп тұрған өңірде мамандар жетіспеді. Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген бір топ жас актерді Қызылжар жұртшылығы қуана қарсы алды. 20 жылдан астам уақытта шағын ұжымда 10-нан астам жұп шаңырақ көтерген.

БІР КӨРГЕННЕН ТУҒАН СЕЗІМ

Театрда туған үлгілі отбасылардың бірі –  Жалғасбаевтар әулеті. Отағасы Біржан Нұрмұқанұлы бүгінде С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының директоры. Жұбайы Майра екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Үйдің тұңғышы Зарина Ресей Федерациясындағы Томск ұлтық ғылыми-зерттеу университетінің 1-ші курс студенті. Дарынды балаларға арналған мектепті тәмамдаған шәкірт шетелдік жоғары оқу орнының грант иегері атанып, ата-ана мен ұстаздар үмітін ақтады. Өнерлі отбасында дүниеге келген бойжеткен ән айтып, би билейді. Заринаның соңынан ерген інісі Рамазан Петропавл қаласындағы дарынды балаларған арналған мектептің 10-шы сыныбында білім алып жүр. Елгезек әрі көпшіл. Ол да музыка мен спортқа жақын. Үйдің кенжесі Батырханның болашағынан да ата-анасы көп үміт күтеді. Оның сүйікті асбабы – гитара. Мектеп оқушысы өздігінен ізденіп, Ютуб каналы арқылы түрлі музыкалық шығармаларды меңгеріп жүр.

Біржан Нұрмұқанұлы мен Майра Сұлтанқызы 24 жыл бұрын сәуір айында танысыпты. Ширек ғасырға жақын уақыт өтсе де, отағасы сол сәтті ерекше сезіммен еске алады.

«Өмірлік жарыммен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында оқып жүрген кезімде таныстым. 12 сәуір күні Алматыдағы студенттік достарымыз отырыс ұйымдастырып, бізді шақырды. Қазір Тараз қаласында тұратын Гүлмира Сабалиева есімді қобызшы досым құрбысын ертіп келетінін айтты. Ол құрбысы менің болашақ жарым – Майра еді. Алғаш көргеннен бір-бірімізге деген сезіміміз оянды. Ол кезде Майра Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда білім алып жүрді. 1999 жылы жолдамамен Қызылжар қаласына келдім, жаңа ашылған қазақ театрына актерлік қызметке орналастым. Майра ол кезде оқып жатты. 2002 жылы қолына дипломын алды. Сол жылы ата-анам Сарағаш ауданы, Абай ауылына барып, қазақи дәстүрмен құда түсті. 3 тамызда той болды. Қол ұстасып, Қызылжарға келдік. Майра «Желдірме» ансамбілінің жетекшісі болып тағайындалды. Отбасылық өмірімізді осы Қызылжар қаласында бастадық», - дейді Біржан Жалғасбаев.

Бүгінде үйдің ұйытқысы Майра Петропавл өнер колледжінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Жалғасбаевтар әулетінде береке мен бірлік, өзара түсіністік пен сыйластық салтанат құрған.

«Біз баталы әулетпіз. Қазақи салт-дәстүрді берік ұстанамыз. Мүмкіндігінше жағымсыз әдеттерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Дастархан басында отырғанда түрлі ортақ тықырыптарды сөз еткенді жақсы көреміз. Отбасылық құндылықтар, болашақ мамандық, тіпті болашақ жар таңдау сынды тақырыптардың барлығы талқыға түседі. Шаңырақтағы берекенің ұйытқысы болатын дүниелер көп, соның барлығын сақтауға күш саламыз. Отбасындағы бақытты өмірдің басты тіргегі – балаға тал бесікпен берілетін тәрбие деп ойлаймын. Екеуміздің де ата-анамыз жақсы тәрбие берді. Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, біз де балаларымызға бар жақсыны ғана беруге тырысамыз», - дейді отағасы.

ӨНЕРДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ЖҰПТАРЫ ЖАЗЫЛМАҒАН

Театр актерлері - Нұрбол және Гүлдана Асқаровтар өмірде де, өнерде де жұптары жазылмаған ерлі-зайыпты. Нұрбол жарымен арасындағы адал достық қашаннан бастап шынайы махаббатқа ұласқанын аңдамай қалғанын айтады. 

«Нұр-Сұлтан қаласындағы қуыршақ театрында жұмыс істедім. Қызылжарға арнайы шақыртумен келдік. Бастапқыда бірнеше адамға үш бөлмелі пәтер берілді. Ұл-қызы араласып, сонда тұрдық. Гүлданамен жақын дос болып кеттік. Оның өмірлік жарым болатыны үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Барлық сырымызды бір-бірімізге айтатынбыз. Қазір екеуміздің бір-бірімізден жасыратынымыз жоқ. Үйленгеніміз көз алдыма келсе, езуіме күлкі үйіріледі. Сезімге қарсы тұра алмадық. Өзім бұған дейін ерлі-зайыпты актерлерді көргенде қызығатынмын. 22 жасымда үйленуді, анама немере сүйгізуді армандап, іштей дұға ететінмін. Бәрі солай болып шықты. Тағдырға сенеміз», - дейді Нұрбол.

Ерлі-зайыптылар өнер жолында да бір-біріне сүйеніш әрі сыншы. Әр мәселеге байыппен, түсіністікпен қарайды. Жас отбсы үш бала тәрибелеп отыр.

«Үйдің берекесі әйелге байлынысты. Күйеуімнің әкелген табысын жеткізу, үйдің тазалығы, балалардың тамағы тоқ, күйлегі көк болуы – менің мойнымда. Ал балалардың бақыты, үйдегі шаттық екі адамға да тәуелді. Екеуміз 24 сағат бірге жүреміз. Бір-бірімізден жалыққан емеспіз. Керісінше, бір бүтінбіз», - дейді Гүлдана.

Олар бір-біріне сүйеу әрі сыншы.

«Шама келгенше жеке өмірге жұмысты араластырмауға тырысамыз. Өнер адамы болған соң, көбіне уақытпен санаспай еңбек етеміз. Сондай сәттерде бір-бірімізге сүйеу боламыз. Көмекшің үнемі жаныңда. Бір-бірімізге сыншы болып, пікір алмасамыз. Бірге кітап оқып, шығармашылық ізденісте де жұбымыз жазылмайды», - дейді актер.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары