Ұлдана Мырзуанның қазасы бойынша сот отырысы: Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты

Келесі отырыстарға ол қатысқысы келмейді

Ұлдана Мырзуанның қазасы бойынша сот отырысы: Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты
Фото: instagram@zeineladilet

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот кулуарында Әділет Зейнелдің адвокаты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әділет Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов жәбірленуші тараптан бас тартатындарын айтты.

«Әділет жәбірленуші мәртебесінен анасының пайдасына бас тартады.Қазір ол келісіп отыр. Әзірге тиісті өтінішті берген жоқпыз, бірақ оны беруді жоспарлап отырмыз. Заңда жәбірленушінің мүддесін басқа тұлғаның білдіру мүмкіндігі қарастырылған. Келесі соттарға ол қатыспайтындай сұраймыз», – деді Мұрат Мауметов.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков бұл пікірге қатысты өз ойын айтты.

«Заң бойынша Әділет Зейнел Ұлдана қайтыс болғанда заңды күйеуі болды. Кейін қайта үйленді. Заң бойынша мәртебесінен айырылмайды. Бірақ моральдық тұрғыда бұл шешім дұрысырақ деп ойлаймыз», – деді Орынбеков.

Айта кетейік, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл танысып жүрген еді.

8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Астанадағы медициналық колледждің дәрісханаларының біріне Ұлдана Мырзуанның есімін беру туралы шешім қабылданды.

2026 жылдың ақпанында Әділет Зейнел әлі де марқұм жарын жоқтап, әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялады: түсінде онымен кездескенін сипаттады.

Дегенмен, жуырда марқұмның күйеуі Әділет Зейнелдің қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң шаңырақ көтергені хабарланған. Бұл оқиға үлкен дау тудырды. Марқұм фельдшердің әпкесі арнайы пост жариялап, экс-күйеу баласына қатысты шындықты растаған. Әділет Зейнел анасымен бірге сұхбат беріп, марқұм жұбайының өлімі бойынша істе жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын хабарлаған. Ал Ұлдана Мырзуанның анасы экс-күйеу баласына қатысты видеоүндеу жасаған. Артынша журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, жұрт білмейтін шындықты жайып салды.