Қызылордада ЖСДП өкілдері Отбасы орталығының ұжымымен кездесті

Орталық  қызметкерлері әлеуметтік салаға байланысты азаматтардан түсетін өтініштер мен күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерді ортаға салды

Қызылордада ЖСДП өкілдері Отбасы орталығының ұжымымен кездесті
Фото: видеодан скрин

Қызылордада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының  өкілдері Отбасы орталығының ұжымымен кездесті. Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Ерғазы Қожақов пен мекеме қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде білім мен медициналық көмектің қолжетімділігі, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Партия өкілдері ұжым мүшелеріне ЖСДП бағдарламасының әлеуметтік саясатқа қатысты бағыттарын таныстырды. Ал Отбасы орталығының қызметкерлері әлеуметтік салаға байланысты азаматтардан түсетін өтініштер мен күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерді ортаға салды.

Әңгіме барысында әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және өңірлік әлеуметтік саясатты жүзеге асыру кезінде отбасылардың нақты қажеттіліктерін ескеру мәселелері де қаралды.