«Аманатқа қиянат жасамайды деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның анасы экс-күйеу баласы жайлы айтты

Ол жәбірленуші статусынан бас тартатынынан хабарсыз

«Аманатқа қиянат жасамайды деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның анасы экс-күйеу баласы жайлы айтты
Фото: Azattyq Rýhy

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанқұлова қызының өліміне қатысты сот кулуарында өз пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ешкімге айып таққым келмейді. Бұл іс әділ шешілсін. Заң аясында барлығы дұрыс шешілгенін қалаймын», – деді ол.

Ешанқұлова Әділет Зейнелдің жәбірленуші статусынан бас тарту шешімінен хабарсыз екенін айтты.

«Сіздерден естіп отырмын. Оң қабылдаймын. Оған ана ретінде қатты сендім. Аманатқа қиянат жасамайды деп ойладым. Сенімімді ақтамады. Сол үшін жәбірленуші статусынан бас тарт дедім. Сотқа да бөтен адамдар сияқты кірдік. Сөйлеспедік», – деді Ешанқұлова.

 

Айта кетейік, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл танысып жүрген еді.

8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Астанадағы медициналық колледждің дәрісханаларының біріне Ұлдана Мырзуанның есімін беру туралы шешім қабылданды.

2026 жылдың ақпанында Әділет Зейнел әлі де марқұм жарын жоқтап, әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялады: түсінде онымен кездескенін сипаттады.

Дегенмен, жуырда марқұмның күйеуі Әділет Зейнелдің қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң шаңырақ көтергені хабарланған. Бұл оқиға үлкен дау тудырды. Марқұм фельдшердің әпкесі арнайы пост жариялап, экс-күйеу баласына қатысты шындықты растаған. Әділет Зейнел анасымен бірге сұхбат беріп, марқұм жұбайының өлімі бойынша істе жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын хабарлаған. Ал Ұлдана Мырзуанның анасы экс-күйеу баласына қатысты видеоүндеу жасаған. Артынша журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, жұрт білмейтін шындықты жайып салды.