«Денесінің сау тамтығы жоқ»: «Барни» үшін құрбан болды деген келіншекке қатысты сұмдық мәлімет жарияланды
Марқұмның құрбысының айтуынша, Мадинаның жаназасына күйеуі де, оның жақындарынан да бірде-бір адам қатыспаған
Жамбыл облысында 19 жастағы келіншек Мадина Рашидқызының өліміне қатысты тергеу басталды. Жас келіншек Меркі ауданында күйеуімен бірге шамамен екі жыл тұрған. Артында сегіз айлық сәбиі қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марқұмның құрбысының айтуынша, Мадина отбасындағы жанжалдар туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Құрбысы жас келіншектің күйеуі қол көтеретінін айтқанын жеткізді. Қайтыс болардан аз уақыт бұрын Мадина құрбысына күйеуімен кезекті рет жанжалдасқанын жазған. Ол үйден кетіп, ажырасқысы келетінін айтқан.
«Бір дана Барни үшін ұрыстық. Қатты ұрып жіберді. Балама алып келіпті. Содан біреуін жеп едім, «неге жейсің, балама алып келдім» дейді. Басы ойын болған, сосын ұрыс болып кетті», – деп жазған Мадина құрбысына.
Келесі күні жас келіншек жиналған заттарының суретін құрбысына жіберіп, 15 мың теңге қарыз беруін сұраған. Алайда көп ұзамай оның қайтыс болғаны белгілі болған. Марқұмның құрбысы Мадинаның өліміне байланысты күмәні барын айтып отыр. Оның сөзінше, жас келіншектің денесіндегі жарақаттарға қарап, оның өзіне қол жұмсағанына сену қиын.
«Мадинаның денесінің сау тамтығы жоқ. Шашынан сүйреп, асып қойған сияқты. Шыны керек, өзін өлтірген адамға ұқсамайды. Шашы қоқым-қоқым, аяғы сырылған. Анасына «өлемін» деп видео жіберген. Бірақ ол видеоны да өзі емес, күйеуі мәжбүрлеп жіберткен болуы мүмкін деп ойлаймын», – деп жазды марқұмның құрбысы Threads желісінде.
Құрбысының айтуынша, Мадинаның жаназасына күйеуі де, оның жақындарының арасынан да бірде-бір адам қатыспаған. Сонымен қатар ол марқұмның күйеуінің әлі де бостандықта жүргенін айтып, осы жайттарды жариялағаны үшін өзіне бірдеңе болып қала ма деп алаңдайтынын жеткізген.
Ал Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің адамды суицидке жеткізуге қатысты бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазір полицейлер жас келіншектің өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр. Тергеу барысында оның өліміне не себеп болғаны, денесіндегі жарақаттардың қалай пайда болғаны және оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы анықталуы тиіс.