Алматыда 5 мыңнан астам студентке жатақхана жетпейді: министр мәселенің қалай шешілетінін түсіндірді

Қалған өңіре мұндай қиындық жоқ

Алматыда 5 мыңнан астам студентке жатақхана жетпейді: министр мәселенің қалай шешілетінін түсіндірді
Фото: gov.kz

Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖОО-лардың 2026-2027 оқу жылына дайындығы туралы баяндап, студенттерді қолдау мен білім беру саласындағы басты жаңашылдықтарды таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылында студенттер саны 740 мыңнан асады деп күтіліп отыр. Алайда, оқу жылы жақындаған сайын жастарды ең көп алаңдататын мәселе – жатақханамен қамту.

Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, ел бойынша студенттік баспана тaпшылығы толықтай дерлік шешілген. Тек Алматы қаласында 5 176 орындық тaпшылық сақталып отыр.

«Бұл мәселені реттеу үшін 2026 жылы ел бойынша 6 857 орынға арналған 18 жаңа жатақхана іске қосылады. Жыл соңына дейін тағы 11 нысан пайдалануға беріледі. Ал Астанада 22 тамызда Қазақ ұлттық спорт университетінің 1,5 мыңнан астам студентіне арналған 2 жаңа жатақхана ашылады», – деді министр.

Сонымен қатар, Алматыда баспанасыз қалған студенттерге жедел көмек көрсету үшін Қыздар педагогикалық университеті базасында Ахуалдық орталық және ALT University базасында 50 орындық Дағдарыс орталығы жұмыс істейді.