Бажкенова қаражат жымқыру, заңсыз кәсіпкерлік пен жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды
Сот жазаны орындауды екі жылға кейінге қалдырды
Алматыда Orda.kz интернет басылымының бас редакторы болған Гүлнәр Бажкеноваға қатысты сот үкімі шықты. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық сотының мәліметінше, 18 тамызда Бостандық аудандық сотының қылмыстық істер жөніндегі №2 соты Гүлнәр Бажкеноваға қатысты үкім шығарған. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етіп, жазаны орындауды екі жылға кейінге қалдырды.
Сот мәліметінше, 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың желтоқсанына дейін ол басшылық қызметін атқара отырып, өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланып, компанияның есепшоттарынан 88 144 127 теңгені жымқырған. Ол бұл қаражатты жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтерге ақы төлеу ретінде өзі бақылайтын жеке кәсіпкердің есепшотына аударған. Сондай-ақ ұлының жекеменшік халықаралық мектепте оқу ақысын төлеген.
«Сонымен қатар Бажкенова кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмей, Алматы қаласында пәтерлерді сатып алу және сату арқылы 121 200 000 теңге көлемінде табыс тапқан. Бұл ретте салық төлемдерін төлемеген. 2024-2025 жылдары Б. «О» ақпараттық-талдамалық порталының бас редакторы бола отырып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет, яғни 8 эпизод бойынша таратқан. Соның салдарынан азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген», – делінген сот хабарламасында.
Сот Гүлнәр Бажкенованы кінәлі деп танып, оны 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика, блог жүргізу, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет салаларында жұмыс істеуге, сондай-ақ БАҚ-қа қатысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты сот жазаны орындауды екі жылға кейінге қалдырды.
Бұдан бөлек, Гүлнәр Бажкенова материалдық залалды өтеу үшін 95 992 350 теңге, 2 879 770 теңге көлемінде мемлекеттік баж, сондай-ақ жәбірленуші тараптың заң көмегіне және іс жүргізу шығындарына жұмсаған 6 800 000 теңгесін өтеуге міндеттелді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.