$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.11.2020, 10:01
Кейіпкер

«Қазақша» иллюстрация, өнер мен кәсіпті ұштастыру – отандық иллюстратормен сұхбат

Суретші Қазақстанда иллюстрация өнері әлі де дамымағанын айтады

«Қазақша» иллюстрация, өнер мен кәсіпті ұштастыру – отандық иллюстратормен сұхбат

Бейнелеудің бір саласы саналатын иллюстрация өнері елімізде қарқынды дамымаса да, аталған істі кәсіп қылғандар аз емес. Солардың бірі «Ерке» атымен танымал болған Жанар Ерланқызы. Ол қазақ халқының өмірін, тұрмыс-тіршілігін суреттейді. Отандық иллюстратордың жұмысына қызығушылық танытатындардың қатары жоғары.

Қазақы образды тек бейнелеп ғана қоймай, сурет арқылы түркі елдерінің аңыз әңгімелерін көпшілікке насихаттап жүрген 26 жасар өнер иесімен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

АЛҒАШҚЫ ТАБЫСЫМДЫ 17 ЖАСЫМДА ТАПТЫМ

Балалық шағынан шығармашылыққа бейімделген Жанар Есік қаласының тумасы. Жас болса да отбасылық өмірі мен жеке кәсібін қатарласа алып жүр. Ол бұған дейін бейнелеу өнерінің бірнеше түрімен айналысып көргенін айтады. Соңында иллюстрацияға тоқтаған.

«Мектеп бітіргеннен кейін Жүргенов атындағы колледжде «кескіндеме» мамандығы бойынша білім алдым. Кейін ҚазБСҚА архитиктура-дизайн бакалавры дәрежесін алып, 2018 жылы Жүргенов атындағы ҚазҰОА «интерьер дизайны» мамандығы бойынша магистратураны бітіріп шықтым. Сол жылдардың ішінде өзімді сурет саласының түрлі бағытында сынап көруге тырыстым. Бірнеше жерде жұмыс істедім. Тіпті бейнелеу өнерінен жеке сабақ берген кездерім болды. Солардың арасынан қазір иллюстрация бағытын таңдап, осы іспен түбегейлі айналысуға шешім қабылдадым», - дейді Жанар.

Ол негізгі жұмысын қарапайым портреттік бейнелерді салудан бастаған. Алғашқы табысын да сүйікті ісінен тапқанын айтады.

«Негізгі жұмысым арнайы портреттік суреттерге берілген тапсырыстардан басталған еді. Ол кезде 17 жаста болатынмын. Аз болса да өзімнің жақсы көретін ісімнен табыс таптым. Оқу оқып жүрген кезімде қабырғаға сурет салумен айналыстым. Бұл өте күрделі жұмыс болғанымен өзіме ұнайтын. Әр қызметімді суретпен байланыстыратынмын. Осылайша, бала кездегі қызығушылығымды үзбей тұрақты кәсібіме айналдырдым», - дейді ол.

ТАПСЫРЫС КӨП – УАҚЫТ АЗ

Жанар күйеуімен бірге біраз уақыт Еуропада тұрған. Сол кезде шығармашылыққа түбегейлі бет бұрдым дейді. Елге деген сағынышын сурет салумен жеткізген.

«Өз басым, саяхаттағанды қатты жақсы көремін. Өзге елдердің табиғаты мен наным-сенімдерінен шабыттанамын. Сондай сапарадың бірінде жолдасым екеуіміз біраз уақыт Швецияға көшуге шешім қабылдадық. Сол уақытта күйеуім графикалық сурет салуым үшін планшет сатып алып берген еді. Швецияда жүріп жергілікті халықтың ұлттық дәстүрі мен ертегі-хикаяларын жоғары орынға қоятынын байқадым. Туған жерді сағынып жүргендіктен болар, бірден неге біздің елдің ұлттық бейнесін, киімдері мен аңыздарын сурет арқылы бейнелемеске деген ой келді. Осылайша, планшеттің көмегімен қазақтың аңыз ертегілері мен ұлттық киім-кешегін жаңа заманға сай етіп, иллюстрация жасай бастадым», - дейді ол.

Instagram желісінде «Suretwi» атымен белгілі қыздың өнерін тамашалап, тамсанатындардың қатары көп. Ол адал еңбегімен сүйікті кәсібінен тапқан әрбір теңгесінің берекелі екенін айтады. Өзі бейнелеген иллюстрациялардан арнайы күртешелер мен футболкалар, стикерлер, күнтізбелер де жасайды.

«Біздегі табыс көзі әр кезде әртүрлі. Бірде жоғары табысқа кенелсек, кейде түк таппаймыз. Бұған дейін тапсырысқа киім-кешек пен аяқ-киімдерді акрил бояуымен бейнелеп жүрдім. Уақыт өте келе адамдар мені танып, жұмысыма тапсырыс бере бастады. Қосымша, қазақ қызының қазіргі келбетін бейнелейтін арнайы футболкалар, күнтізбелер мен стикерлер әзірлеймін. Тапсырыс беріп алатындардың қатары өте жоғары. Бірақ қазір тапсырыс көбейгендіктен, өз өнімдерімді шектеулі мөлшерде ғана сатылымға қойдым, негізгі табыс көзім жеке тапсырыстардан келеді», - дейді ол.

Иллюстраторлық кескіннің салыну барысы арнайы құралдардың көмегімен жүзеге асады. Суретші, қағазда салынатын қарапайым суреттен планшеттегі бейненің пайдалану ортасы кеңірек болатынын айтады.

«Суретті iPad Pro құрылғысында арнайы Procreate бағдарламасы көмегімен саламын. Алдымен жасағалы жатқан бейненің эскиздері салынады, одан кейін түрлі-түсті бояулар қолданылып, әртүрлі қабатқа боялады. Сурет дайын болған кезде эскиз тұрған қабат өшіріліп, фонның түсі суретке байланысты таңдалады. Арт суреттердің қарапайым суреттерден айырмашылығы салыну барысына қарай белгілі болады. Әдетте планшетте салынған суреттің пайдалану ортасы кеңірек келеді», - дейді иллюстратор.

Жанардың айтуынша, аталған сала елімізде аса дамымаған. БАҚ пен әлеуметтік желі арқасында ғана енді халық арасында сұранысқа ие бола бастаған.

«Біздің елде иллюстрация өнері әлі дамымаған. Оның да өзіндік себептері бар. Көбі иллюстрацияға қатысты арнайы ақпараттар болмағандықтан, аса мән бермей жатады. Бірақ қуантарлығы – қазіргі күні бұл саланы насихаттап жүргендердің қатары күн санап көбейіп келеді. Әлеуметтік желілер арқылы біздің жұмысымызға баға беріп, қызығушылық танытатындар артты. Қызығушылық болғаннан кейін тапсырыс да жиі келеді. Бірақ адамдардың көбі біздің жұмысты компьютердегі арнайы бағдарлама арқылы 2-3 минутта жасалады деп ойлайды. Бұл қате пікір. Мен әр жұмысқа кем дегенде 4-5 сағат уақытымды жоғалтамын, кейбір тапсырыстарға 2-3 күн уақытым кетеді. Сондықтан әр еңбек адал бағалануы керек деп ойлаймын», - дейді Жанар.

«Негізгі шабытты айналадағы адамдардан, олардың энергиясынан аламын» деген Жанар суретшіге әрдайым байқампаздық пен көп ізденіс керек дейді. Ол болашақта сурет өнерін ары қарай дамытып, кітаптар мен шығармаларға иллюстрация жасау жоспарының барын айтты.

«Көбі шабыттың қалай келетіні жайында жиі сұрайды. Менің басты шабытым – адамдар. Олардың таланты, еңбегі мен фантазиясынан шабаттанамын. Сондай-ақ, кино қарап отырып немесе кітап оқу барысында ойыма сан алуан идеялар келеді. Суретші өзінің ішіндегі сезімді суретпен жеткізуге тырысады, үлкен дүние жасауға талпынады. Алдағы уақытта осы саланы ары қарай тұрақты жалғастырғым келеді. Ең бірінші жоспарым – кітаптарға иллюстрация салып, шығармалар мен ондағы кейіпкерлерді суреттеу», - дейді Жанар.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары