«Алдымен башпайын, артынан аяғын кесті»: Ақтөбеде қант диабетіне шалдыққан зейнеткер көз жұмды (ВИДЕО)
Марқұмның қызы дәрігерлер дер кезінде қозғалғанда анам тірі қалатын еді дейді
Ақтөбе қаласында тұрған 68 жастағы зейнеткер Күлшат Шарифулина бір аяғы ампутацияланғаннан кейін дертінен айыға алмай, ауруханада көз жұмған. Оның қызы дәрігерлер ертерек қамданғанда анам тірі қалар еді деп, қазір құзырлы органдардың есігін қағып жүр, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Astana.TV» арнасының мәліметіне сүйенсек, зейнеткер соңғы 25 жылда қант диабетімен ауырған. Бірақ, қызының айтуынша, ол дәрігерлердің диетасын қалт еткізбей, уақытылы тамақтанып, дәрі-дәрмегін ішіп жүрген. Былтыр қант диабетінен бөлек зейнеткердің бүйрегі ауыра бастаған екен. Көктемде анасының бір башпайы қарая бастағанда қызы шұғыл түрде ауруханаға апарыпты.
«Дәрігерлер сол башпайын кесіп, алып тастаймыз деді. Операция кезінде сол аяғының үлкен башпайын, оң аяғының екінші башпайын кесіп алып тастады. Бірақ, бір башпайдың орнын тіксе, екіншісін тікпей қойған», - дейді марқұмның қызы Айнұр.
Башпайының операциясынан кейін зейнеткер қатты қиналған көрінеді. Күні-түні ауырған әйелдің жарасы жазылмай, керісінше, ірің бүкіл аяғына тарала бастаған екен. Дәл сол сәтте дәрігерлер шара қолдануға асықпай, уақыт жоғалтып алды, дейді қызы.
«Ауруханаға жатқызғанда Талғат Санғалиұлы деген дәрігер іріңдеп жатқан аяғын құтқарамыз деді. Бірақ, әбден сарғайып, іріңдеп кеткен аяқтың несін құтқарады, түсінбедім. Ақыры, анамның бір аяғын жамбасына дейін кесіп тастады», - дейді қызы.
Бір аяғы ампутацияланған соң әйелдің беті бері қарамаған. Дәрігерлер оның екінші аяғын да ампутациялау керек деп операцияға дайындай бастаған. Бірақ, өкінішке қарай, зейнеткер ол операцияға дейін шыдамай, көз жұмған екен.
Марқұмның қызы анасы дәрігерлердің немқұрайлығынан көз жұмды дейді. Сондықтан, прокуратураға арызданбақ. Бірақ, зейнеткер қайтыс болған аурухананың дәрігерлері қолдан келгеннің бәрін жасадық дейді.
«Марқұм әйелдің негізгі ауыр диагнозы – қант диабеті ұзаққа созылғанда ол ауыр зардаптарға әкеп соғады. Оның үстіне, марқұмның бүйрегі де ауырған. Біз адам өліміне қатысты ішкі тексеру жүргізе келе дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасаған деген қорытынды шығардық», -- дейді Ақтөбедегі медициналық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Әділбек Исмаилов.