$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.11.2020, 17:48
Кейіпкер

Ресейге сүт өнімдерін экспорттап отырған кәсіпкер карантиндегі кедергілер жайында айтты

СҚО-да кәсіпкер 200 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

Ресейге сүт өнімдерін экспорттап отырған кәсіпкер карантиндегі кедергілер жайында айтты
Роза Сүлейменова, ЖШС директоры

Солтүстікқазақстандық «Молпродукт» ЖШС жылына 90 мың тонна сүт өнімдерін шығарады. Тауардың 30 пайызы Ресейге экспортталады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша көрсеткішті одан әрі арттыруға болады, тек шикізат тапшылығы қолбайлау болып тұр. Azattyq Rýhy тілшісі серіктестік директоры Роза Сүлейменовамен сұхбаттасты.

«Молпродукт» нарыққа ультрапестерленген сүт, айран, сұйық сүт өнімдері, йогурт пен сүтті шырындар шығарады. Жұмыс мейлінше автоматтандырылған. Соның нәтижесінде өнімділік те артқан. Алайда жыл сайын күз-қыс мезгілінде өрістегі сиырдың жайылымы өзгерген сәтте шикізат тапшылығына қатысты мәселесі туындайды.

«Шикізатты Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысының шаруа қожалықтарынан аламыз. Жеке адамдардан алған өнім кейде талапқа сай келмейді. Сондықтан, кәсіпкерлермен келісім жасадық. Біздің өнімнің ең басты ерекшелігі – сақталу мерзімінде. 9 ай. Біз бұған терең өңдеу әдісінің арқасында қол жеткіздік. Тауарды шет елдерге шығару үшін ол бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сапасыз өнімді ешкім алмайды. Арнайы қондырғылар бірнеше секунд ішінде сүтті өңдеп шығарады. Оларды жұмсақ қаптамалар мен тетрапакеттерге құямыз. Сақтау мерзімі ұзақ болғандықтан, біз тауарды шет елге шығара аламыз. Әзірге Ресейдің Омбы облысымен жұмыс істейміз. Арнайы қойма бар. Сүт сонда жөнелтіледі. Содан кейін сауда орындарына тасымалданады. Тауарды Қытайға экспорттауға талпынып көрдік. Ол әрекетімізден ештеңе шықпады. Бұл енді Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс мәселе. Екі ел арасында келісім керек. Қазақстан қалаларының біразын қамтып отырмыз», - дейді «Молпродукт» ЖШС директоры Роза Сүлейменова.

СҮТ ҚҰЯТЫН ҚАПТАМА ТАПШЫ

Коронавирус пандемиясы талай кәсіпкерді титықтатып, тізерлеткені белгілі. «Молпродукт» басшылығы карантиннің сүт зауыты жұмысына да айтарлықтай әсер еткенін айтады. Себебі, шет елден сүт қаптамаларын әкелуде бірқатар қиындықтар болған.

«Қазақстанда шикізат қоры жеткілікті. Тек соны игере алмай отырғанымыз өкінішті. Сүтті құятын жұмсақ-қатты қаптамалардың барлығын Ресейден тасымалдауға мәжбүрміз. Себебі мұндай өнім елімізде шығарылмайды. Көктемде карантинге байланысты шет елдермен алыс-беріске шектеу қойылғанда, біраз қиналдық. Қаптама болмай, жұмысымыз біраз тежелді. Бір қарасаңыз, қарапайым ғана зат. Тек өндірісін қолға алатын адам жоқ», - дейді серіктестік басшысы Роза Сүлейменова.

Сүт өнімі қашан да сұранысқа ие. Сондықтан карантин кезінде де өнім сату көрсеткіші төмендемеген.

ШАҒЫН КӘСІПОРЫН ҚАЛАЙ ІРІ СҮТ ЗАУЫТЫНА АЙНАЛДЫ?

«Молпродукт» серіктестігі 1998 жылы ашылған. Шағын ғана кәсіпорын 2012 жылдан бастап үлкен сүт зауытына айналған. Орта бизнес субъектісі осыдан 18 жыл бұрын мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы аясында қайта жарақталған.

«Зауыт ашылған сәтте тәулігіне небәрі 40 тонна өнім шығара алатынбыз. 2012 жылдан бастап бұл көрсеткіш 500 тоннаға дейін жетті. Бұл жұмысты мемлекет қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес еді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 3,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Аз ғана уақыт ішінде шет елдерден заманауи қондырғылар әкелініп, зауыт жұмысы автоматтандырылды. Қуатты техниканың көмегімен өнімділік артты. 2016 жылы дамудың тағы бір жаңа кезеңін өткердік. «Даму» қорының көмегімен қомақты несие алып, зауыт жұмысын тағы да жандандыра түстік. Техниканы көбейттік», - дейді сүт зауытының директоры.  

Бүгінде зауыт 40-тан астам өнім түрін шығарады. «Наше молоко», «Мумуня», «Колибри» атауымен тұтынушыға жақсы таныс өнімдер дәл осы «Молпродукт» серіктестігінде шығады.

«Алдымен шикі сүтті қабылдаймыз. Құрамы қалыпқа келтіріледі. Зертхана қызметкерлері оның қышқылдығын тексереді. Физика-химиялық, микробиологиялық талдаулар жасалады. Сүт мемлекеттік стандарттың барлық талабына сай келуі тиіс. Сондықтан таза, сапалы шикізат қана пайдаланамыз. Сүт салқындатылғаннан кейін алып ыдыс – резервуарларға құйылып, жоғары температурада өңделеді. Бір және екі литрлік сүт шығарамыз. Ең бастысы, сапаға мән береміз. Өйтпесе сауда болмайды. Тәуліктік режимде жұмыс істейміз. Осында еңбек етіп жүргеніме 15 жылдан асып кетті. Бастапқыда барлығы басқаша болатын. Қазір ол кезді елестетудің өзі қиын. Автомат қондырғылар жұмысымызды біраз жеңілдетті. Өнім сапасы да артты», - дейді өндіріс меңгерушісі Татьяна Сорокина.

Сүт зауытында 200-ден астам адам еңбек етеді. Жұмыстың басым бөлігін автоматтандырылған техника істейді. Сүтті қаптау – автоматтарда жүзеге асырылады. Қаз-қатар тізілген сүт құйылған қаптамалар қорапқа салынып, қоймаға түседі. Дәл осы жерден Қазақстанның түкпір-түкпірі мен көршілес Ресейге жол тартады. Жүздеген, мыңдаған шақырымды артқа тастап, тұтынушы дастарханына жетеді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары