$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2020, 12:45
Кейіпкер

Елордалық полицей бір жылда бірнеше адамды ажалдан аман алып қалды

Ерлан Жаңабаев бір жылда үш рет ерлігімен көзге түсті

Елордалық полицей бір жылда бірнеше адамды ажалдан аман алып қалды
Ерлан Жаңабаев, полиция капитаны

Елордалық учаскелік инспектор бір жылдың ішінде бірнеше адамды өлім аузынан аман алып қалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

29 қараша күні түскі 13:00 кезінде Сарыарқа ауданының полиция бөлімшесіне сол маңдағы жатақхана тұрғындары келіп, бөлмелердің бірінен өрт шыққанын хабарлады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция капитаны Ерлан Жаңабаев оқиға орнына бірден жеткен. Бес қабатты жатақхананың төртінші қабатындағы бөлмелердің бірінен түтіннің иісі шығып, дәлізге тараған. Алайда темір есікті ашу тәртіп сақшысына қиындық тудырды. Өрт сөндіру қызметінің мамандары келгеннен кейін есікті бұзуға тура келген. Бөлмеге бірінші болып енген Ерлан Жаңабаев есік алдында ессіз жатқан ер адамды байқаған. Құтқарушылар қимылсыз жатқан азаматты дереу сыртқа шығарып, алғашқы көмек көрсеткен. Полицей ер кісінің бетін қармен сүртіп, жасанды дем беру шарасын қолданған. Осылайша, зардап шегуші дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында аман қалды. Артынша оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы да жетті. Ыстан уланып қалған ер адам 1978 жылғы қала тұрғыны болып шықты. Ал қалған 80-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.

«Мен өзімнің әкімшілік учаскемде отырдым. Тұрғындар көмек сұрап келгенде, ойланбастан оқиға орнына жүгіріп бардым. Қимылсыз жатқан азаматқа жасанды деп беріп, есін жиюға көмектестім. Бұл әрекетімді ерлік деп бағаламас едім. Өйткені мен бар болғаны, өз міндетімді орындадым», - деп жауап қатқан Ерлан Жаңабаев.

Бұған дейін де полиция капитаны дәл осы жатақханадағы бөлме ішінде қамалып қалған екі кішкентай бүлдіршінді оқыс жағдайдан құтқарып қалған. Есікті сырттан аша алмаған балалардың анасы полиция бөлімшесіне келіп, көмек сұрауға мәжбүр болған. Балаларды жылдам құтқару үшін инспектор Жаңабаев сәбилер қамалып қалған үшінші қабаттағы бөлмеге терезе арқылы кіріп, есікті ашқан. Кішкентайлардың бірі үш жаста, екіншісі бір жаста болған.

Учаскелік полиция қызметкері жыл басында да әріптестерінің арасында қайсарлығымен көзге түскен. Ақпан айында әкімшілік учаскедегі жоспарлы тексеріс барысында инспектор Орлыкөл көшесінде орналасқан жатақхананың төменгі жағынан шығып жатқан көк түтінді байқап қалған. Бірден ғимаратқа кіріп, іштегі адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге кіріскен. Олардың арасында егде жастағылар мен балалар да болған.

Тәртіп сақшысының құзырлы органда жұмыс істеп жүргеніне 17 жылдан асқан. Биыл ол «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Департамент басшысы полиция капитанының мұндай әрекетін өзгелерге үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.

«Ерлан Жаңабаев бір жыл ішінде үш рет ерлік танытып көзге түсті. Осылайша, ол бірнеше адамның өмірін құтқарып қалды» - деді Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2005 жылдан бастап елорда бойынша «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен 19 полиция қызметкері марапатталған.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары