Астанада жүкті әйелдің егіз сәбиі шетінеп кетті

Шарананың бірі алты айында, екіншісі 31-аптада шетінеп кетті

Астанада жүкті әйелдің егіз сәбиі шетінеп кетті
Фото: istockphoto.com

Астанада әйел адам жүктілік кезінде егіз сәбиінен айырылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға туралы пациенттің туысы Threads желісінде жазды.

«Біздің Әсел егізге жүкті болды. Өкінішке қарай, алты айында бір сәбиімізден айырылып қалдық. Шетінеген ұрықпен босанғанға дейін жүктілігін жалғастыруға болады деп сендірді», – деп жазды ол.

Жазбада бірнеше аптадан кейін әйелдің жағдайы нашарлағаны, ішінің терісінің түсі өзгергені айтылған. Туысының сөзінше, пациент дерматологқа жіберіліп, антибиотиктер тағайындалған, кейін перинаталдық орталыққа жатқызылған.

Пост авторының айтуынша, отбасы 109 қызметіне жүгінгеннен кейін шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданған.

«Екінші сәби 31-аптада дүниеге келіп, салмағы 1 келі 600 грамм болды. Дені сау, тіпті жылаған дауысы шықты. Операция жасаған дәрігер өз жұмысын кәсіби түрде атқарып, баланың ширақ екенін айтты. Бірақ, өкінішке қарай, ол бір-ақ күн өмір сүрді», – деді пациенттің туысы.

Оның айтуынша, баланың өліміне сепсис себеп болған. Отбасы медициналық көмектің сапасын тексеруді сұрап отыр.

«Бүгін ағам екі ұлын жерлеп жатыр. Ал олардың анасы қазір ауруханада жатыр. Ол жағдайдан әбден шаршағанын айтты. Біз оның жағдайына алаңдап, өзі үшін де, осы ауруханада әлі босанатын басқа әйелдер үшін де қорқамыз», – деп жазды ол.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жарияланымға қатысты пікір білдіріп, қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта пациент босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр, қажетті ем қабылдап, медициналық бақылауда. Аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – делінген ведомство түсініктемесінде.

Ведомство жағдайдың бақылауда екенін қосты.