Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды

Тоқаев Германиямен жасалған келісімдерді іске асыру маңызды екенін айтып, Фридрих Мерцті келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын мәлімдеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастарға келесі жылы 35 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары кезінде журналистердің сұрағына жауап беріп, екі елдің осы уақытқа дейінгі ынтымақтастығы мен алдағы байланыстардың даму перспективаларына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Біз жүріп өткен жолымызды жоғары бағалаймыз. Қимылдаған қыр асар дегендей, біз айтарлықтай қиын жолды жүріп өтіп, жетістіктерге жеттік. Өздеріңізге белгілі, Германия – біздің елімізде үлкен құрметке ие ел. Біз Германияны жақсы көреміз және құрметтейміз, оның жетістіктерін, әсіресе экономика саласындағы және басқа да бағыттардағы табыстарын лайықты бағалаймыз. Германия – халықаралық аренада үлкен беделге ие мемлекет. Сондықтан мен бұл елге үлкен үмітпен, жаңа келісімдерге қол жеткізу үшін келдім. Біз бұл келісімдерге қол жеткіздік. Ендігі міндет – осы келісімдерді лайықты түрде іске асыру және орындау», – дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Германия канцлері Фридрих Мерцті келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын мәлімдеді.

«Мен бұдан да зор жетістіктерге жететінімізге толық сенімдімін. Себебі екі тараптың да осындай нәтижеге қол жеткізуге деген ниеті бар. Келіссөздер барысында мен Германияның Канцлері Мерцті келесі жылы өзіне қолайлы кез келген уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырдым. Біз бұл сапарға дайындалатын боламыз. Өйткені мемлекеттік сапарлар жай ғана елге келіп-кету үшін жасалмайды. Оның негізгі мақсаты – жаңа уағдаластықтарға қол жеткізу, ең күрделі мәселелер турасында өзара түсіністік қалыптастыру. Президент Штайнмайердің сапары барысында, сондай-ақ Германияның құрметті Канцлері мырзамен жүргізген келіссөздер кезінде осындай өзара түсіністікке қол жеткізілді. Көрсеткен қонақжайлық үшін алғысымды білдіремін. Менің барлық үмітім ақталды. Енді біз, әрине, ұлы мемлекет – Германиямен қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін жұмысты жалғастыра береміз», – дейді Президент.