«Түзу пас бере алмай, мандраж боласыңдар»: журналист футболшы Нұрәлі Әліпке шүйлікті (ВИДЕО)
Қорғаушыға баспасөз конференциясы барысында өткір сауал қойылды
«Астана арена» стадионында өтетін Қазақстан-Уэльс кездесуі алдында ұлттық құрама қорғаушысы Нұрәлі Әліпке журналист өткір сауал қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист Дастан Кенжалин футболшылардың бір-біріне түзу пас бере алмайтынын айтып, Нұрәлі Әліпке қарата осының мәнісін сұрады.
«Стадионнан, телевизордан қарап отырсақ, ұлттық құрама команданың, клубтардың бір кемшілігі ойыншылар бір-біріне түзу пас бере алмайды. Соның кесірінен көп жағдайда қақпаға гол соғылып жатады. Алаңда ойнап жүргенде сіздерге 5 метр болсын, 10 метр болсын дәл пас беруге не жетпейді?! Мандраж бола ма?! Мысалы, Асхаттың (Тағыберген) кесірінен біздің қақпаға гол соғылды. Сондай минустар бар. Осы минустармен қалай жұмыс істейсіздер? Осындай жағдай қайталанбауы үшін сіздерге не істеу керек?» – деп журналист футболшыға сұрағын төтесінен қойды.
Журналистің бұл сұрағы Нұрәлі Әліпке ұнамай қалған секілді. Ол кез келген адамның қателігі болатынын айтып ақталды.
«Өзіңіз жалпы футбол ойнап көрдіңіз бе? Әр адамда, тек ол бізде ғана емес, үлкен чемпионатты қарасаңыз, кеше «Қайраттың» қақпасына бірге бір келе жатып, қақпадан қисық тепті. «Селтиктің» ойыншылары дейтін 100 миллионнан асып жатыр мысалға. Соның өзінде де қателіктер жасайды. Пенальти сериясында мысалы, Темірланның арқасы, ал басқа ойыншы болса салу мүмкін еді. Бірақ сол жерде Темірлан жақсы позиция тауып, қайтарды. Кез келген адамда жұмыстан да мамандықтан да қателіктер болады. Соңғы матчта Асхаттың пасына менің аяғым тимей қалды. 10 секундтан кейін гол кіріп кетті», – деп ақталды Нұрәлі Әліп.