Мүфтият 4 жыл бойы темір контейнерді паналаған мұғалімге баспана кілтін табыстады
Ол қанша қиындық көрсе де, ұстаздық қызметінен қол үзбеген

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елорда іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғыны Мая Цопонқызына үш бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты хабарлады.
«Төрт жылдан бері 40 тонналық темір контейнерді паналап келген мектеп мұғалімі бүгіннен бастап өз баспанасына кірді. ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Нұр-Сұлтан өкілдігінің ұйытқы болуымен 279-ші баспана кілті – Мая Цопонқызына төл мерекесінде жасалған теңдессіз сыйлық болды», - делінген хабарламада.
Осыдан төрт жыл бұрын жұбайы Әскер Калемханұлы басынан жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалғалы тағдыр тауқыметі титықтатқан шарасыз отбасы темір контейнерді паналап келген болатын. Сырқат күйеуі мен екі баласын асырау оңайға соқпаса да, Қоянды мектебіндегі ұстаздық қызметінен қол үзбеген. Қиындықпен жалғыз алысқан қайсар жанға құрмет ретінде мерекелік шара ұстаздар күніне орайластырылып, Калемхановтар отбасы үшін тосын сый жасалды.
Игілікті шараға белгілі тележүргізуші, сенатор Дана Нұржігітқызы арнайы қатысып, мектеп мұғалімінің қуанышын бөлісіп қайтты. Жаңа баспанада жайылған дастарханда басында ізгі тілектер айтылып, қазақы дәстүрге сай жаңа шаңыраққа қажетті сыйлықтар тарту етілді. Игі шараға демеушілік танытып, сүттей ұйыған бір отбасының бақытты болуына септіктерін тигізген Ерлік Хайдарұлы бастаған ел ағалары да қуаныштың басынан табылып, ізгі тілектерін білдірді.